Мәдениет

Димаштың атын «Дайдидау» оздырды

b1h63aWYqBc

Беларусь Республикасында өткен өнер байқауларында үш бірдей өреніміздің мерейі үстем болды. Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, жас әнші Димаш Құдайбергенов пен балауса дарын Луиза Нұрқуатова «Славян базары – 2015» фестивалінің Гран-при жүлдесін ұтып алса, елордалық суретші Ренат Елубаев «Куршинале – 2015» халықаралық өнер олимпиадасында «Живопись» аталымында топ жарды.

«Славян базары – 2015» фестивалінің бірінші күні Димаш Константин Меладзенің «Опять метель» әнін орындады. Екінші күні француз тіліндегі «Sos dun terien un detresse» әнімен қазылар алқасын тәнті қылды. Сөйтіп, екі күннің қорытындысында 175 ұпай жинап, қарсыластарынан оқ бойы озып кетті. Сол күні-ақ қазақстандық электрондық БАҚ «Димаш халықаралық байқауда жеңімпаз атанды» деп жар салды. Біз асығып-аптықпай байқаудың аяқталуын күттік. Үшінші күні қандасымыз өзін әнші ретінде жалпақ жұртқа танытқан, кейбір ән зерттеушілері Мағжан Жұмабаевқа теліп жүрген халық әні «Дайдидауға» салды. Осы туындыны орындағаннан кейін қазылар алқасы қазақ әншісінің дарынын сөзсіз мойындап, жеңісті Димаштың қанжығасына байлады.
Айта кетерлік жайт, бұл халықаралық ән байқауларындағы Димаш Құдайбергеновтың алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін ол кәрі құрлықта «Евровидениеден» сәл төменгі сатыда тұрған «Шығыс базары» және жас орындаушылардың «Мейкин Азия» атты халықаралық фестивалдеріне қатысып, жеңімпаз атанған. «Жас қанат-2012» республикалық байқауында «Алтын қанат» иегері атанды. Осы аталған байқаулардың барлығында да оны «Дайдидау» әні жеңіске жетеледі.
«Славян базары – 2015» фестивалінен оралып, Астанада баспасөз мәслихатын өткізген Димаштың өзі де тек қазақ әнімен ғана шетелдік тындарманды таңғалдыруға болатынын жеткізді. «Ағылшын тіліндегі әнмен ешкімді де таңырқата алмаймыз. Барлық әлем Бейонсе, Мерайя Керри сынды жезтаңдай әншілерді таниды. Олардан асып түсу өте қиын. Олардың салған әнін өз нақышымызға салып орындауға болады. Алайда, бұл әрекетпен шетелдік тыңдарманды таңырқату оңайға соқпас. Тек қазақы бояуы қанық әнмен ғана барша әлемді мойындата аламыз. Өйткені, қазақ музыкасы дүниежүзіндегі ең ғажап музыкалардың бірі» дейді ол.
Әншінің пікірінше, Қазақстанда вокалдан сабақ беретін мықты ұстаздар мектебі де қалыптасқан. Олардан дайындықтан өткен жас әншілерге MTV Music Awards сахнасына да құлаш сермеуге әбден болады. Тек орындайтын әнді дұрыс таңдау керек. Және ол ән міндетті түрде қазақ тілінде болуы қажет. Бұл жерде Димаштың ұстаздары ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтер және Майра Дәулетбақова екенін де айта кетейік.
Баспасөз мәслихаты барысында Димаш Құдайбергенов армандарын да бүгіп қалмады. Оның айтуынша, ол болашақта халқымыздың күміс көмей әншісі Бибігүл Төлегеновамен және ресейлік әнші Дмитрий Маликовпен дуэт құрып, ән орындағысы келеді. Бибігүл Ахметқызына «Славян базары – 2015» фестиваліне аттанар алдында жолығып, даңқты әншінің батасын алыпты. Ал, Дмитрий Маликовпен сол фестивальде кездесіп, оның қолдауына ие болған. Димаш келешекте Ресей эстрадасын да бағындырғысы келеді екен. Ендеше, Батырхан Шүкенов салған соқпақты даңғыл жолға айналдырсын деп тілейік.
Балауса дарын Луиза Нұрқуатова он жаста ғана. «Славян базары – 2015» халықаралық фестиваліне жиырмаға тарта мемлекеттен келіп қатысқан балғын өнерпаздарды шаң қаптырған оны бұл күндері жерлестері төбесіне көтеріп, аялауда. Алдымен дарынды әншіні Ақтау қаласының әкімі Серікбай Тұрымов қабылдап, жеңісімен құттықтады. Маң дала халқы да өнерлі қызына бар қошемет-құрметін аямауда.
Луиза – «Ертегілер» вокалды тобының мүшесі. Қолымыздағы ақпаратқа сенсек, ол Маңғыстау облысының Оңтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарындағы, сондай-ақ, Астана қаласындағы мәдени күндерінде эстрада-симфониялық оркестрінің және «Молодость» джаз-ансамблінің сүйемелдеуімен әнсүйер қауымды тәнті қылған.
Сонымен қатар «Аялаған Астана» республикалық балалар байқауында екінші орынды, ал «Алтын микрофон» халықаралық балалар ән байқауында бірінші орынды жеңіп алған. Халықаралық «Бозторғай-2014» балалар шығармашылығы байқауының Гран-при иегері атанған.
«Куршинале – 2015» халықаралық өнер олимпиадасына Қазақстан атынан қатысқан Ренат Елубаев Гран-приді ұтып алуымен қатар екі ел арасындағы достықтың нығаюына өз үлесін қосты. Сол үшін «Таға» медалімен марапатталды. Бұл медаль мәдениет және өнер салаларында халықтардың жақындасуына дәнекер болған адамдарға табысталады екен.
Бұған қоса, бір апта бұрын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Беларусь еліндегі халықаралық өнер үйінің қолдауымен суретшінің жеке көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрме «Беларуссия менің көзімен» атауын алып, Ренаттың оған сол елде жүргенде салған суреттері қойылды.
Былтыр Ренат Елубаев елордада да жеке көрмесін өткізген. Сол уақытта Тұңғыш Президент музейіне барғандар жас суретшінің жұмыстарын тамашалауға мүмкіндік алған еді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button