SportБасты ақпарат

Таңғалдырған Тұрсынбаева

Атақ пен марапат кейде адамның абыройын арттырса, кейде керісінше сол атақ пен дәрежені биіктетіп тұратын адамдар болады. Мәнерлеп сырғанаудан Жапонияның Сайтама қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген Элизабет Тұрсынбаева да өз марапатының дәрежесінен биік өнер иесі екенін паш етіп, өз жүлдесінің абыройынан жоғары деңгейде көрінді.


Бұл сайысқа әлемнің әр түкпірінен бабы келісіп, енді бағын жаққысы келген 40 мәнерлеп сырғанаушы қатысқан. Олардың көбі бір-бір елдің үмітін арқалаған сенімі мен намысы еді. Алғаш рет ересектер арасындағы чемпионатқа қатысып отырған Элизабет те өз өнерінің биік шыңын көрсетуге барынша дайындалған екен. Ол бағдарламада Людвиг ван Бетховеннің «Ай сонатасы» әуеніне мұз үстінде биледі. Мәнерлеп сырғанаудың ең қиын элементтерін шебер орындап, спортсүйер қауымды тамсандырды. Әділ қазылар осы қойы­лымы үшін оның еншісіне 75,96 ұпай жазды.
Еркін бағдарламада Тұрсынбаева төрттік сальховты тұңғыш рет қатесіз орындады. Қазылар бұл сайыс­та 148.80 ұпай берді. Бұл Элизабеттің спорт жарыстарындағы бүгінге дейінгі үздік көрсеткіші екені анық. «Қазақтың қаршадай қызы өз жүлдесінен биік болды» дейтініміз де сол, ол ресми жарыстарда төрттік сальховты орындаған тұңғыш спортшы қыз ретінде тарихта қалды.
Сайыстың жалпы қорытындысы бойынша 224.76 ұпай жинаған Элизабет осылайша әлем чемпионатында екінші орынды иеленді. Бұл қазақ спортындағы тарихи оқиға деуге болады. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан атынан қатысып, жүлде алған спортшы қыз болған емес.


Бір айта кетерлігі, осы сайыста жүлделі орындарға көтерілген спортшының үшеуі де – ресейлік жаттықтырушы Этери Тутберидзенің тәлімін көргендер. Ал осы чемпионат алдында ресейлік Алина Загитова (алтын медаль иегері) мен Элизабет – Тутберидзенің, ал Евгения Медведева (қола медаль иегері) Орсердің командасында жаттыққан.
Элизабет бұған дейін бірнеше жыл бойы атақты канадалық жаттықтырушы Брайан Орсердің командасында да шыныққан.
«Элизабет осы жолы ресейлік жаттықтырушы Этери Тутберидзенің қол астына өтіп, жаңа деңгейге көтерілді. Мен оны танымай қалдым. Ол секіруді басқаша жасайтын болыпты, шеберлігі өсіпті» деді осы чемпионаттан кейін КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Татьяна Тарасова бірнеше мектептен өткен Элизабеттің өнеріне тәнті болып.
Ал әлем чемпионатында спорт өнерінің жаңа белесіне көтерілгенін паш еткен Элизабет Тұрсынбаева «Күміс медаль алғаныма, 4 айналым сальхов элементін секіргеніме өте қуаныштымын. Себебі осыған дейінгі екі жарыста (Төрт құрлық чемпионаты мен универсиадада – авт.) 4 айналым сальхов секіргенде құлап қалған едім. Бүгін таңертең бағдарламамды дайындап, қайталаған кезде де төрт айналым сальховта құлағанмын. Бірақ сонда да мұзға шыққанда ештеңе ойламауға, өзіме сенімді болуға тырыстым. Соның әсері болар, қойылым элементтерін қатесіз орындадым» деді ағынан жарылып.
Халықаралық спорт жарыстарында еліміздің туын желбіретіп, содан бақыт тапқан қаршадай қазақ қызы алдағы уақытта бұдан да қиын элементтерді үйреніп, үш аксель жасағысы келетінін айтады.
Біз оның көздеген мақсатына жететініне сенімдіміз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button