Мәдениет

ТАУ ХАЛҚЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІ ТӨРЛЕДІ

Бишілер

Өткен сенбі күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Ингушетия Республикасының Қазақстандағы мәдени күндері аясында Ингушетияның өнер жұлдыздарының концерті өтті. 

ӘРІПТЕСТІК ОДАН ӘРІ ТЕРЕҢДЕЙДІ

Елордадан бастау алған Ресей Федерациясы құрамындағы елдің мемлекетіміздегі мәдениетінің салтанаты әрі қарай Көкшетау, Щучинск, Қарағанды, Павлодар қалаларында бір апта бойы жалғасады. Оның шеңберінде тау халқының өнері әр қырынан көрінбек. Соның бір парасын Астанада өткен концерт барысында тамашаладық. Қазақстан мен Ресей арасында бұрыннан орнаған әріптестікті одан әрі тереңдету мақсатында ұйымдастырылған Ингушетия Республикасының Қазақстандағы мәдени күндері кезінде әртүрлі мәдени шаралардың өтуімен қатар, ингуш диас­порасы көп шоғырланған Астана және Қарағанды қалаларында қос ел өкілдерінің өзара кездесуін өткізу жоспарланған. Бұл күндері мемлекетімізде ингуш диаспорасына жататын 17 мыңнан астам адам тұратынын айта кетейік.

Ингушетия Республикасының тұңғыш Президенті, Кеңес одағының батыры, ТМД елдері Үкіметі кеңесі жанындағы Жауынгер-интернационалистер істері жөніндегі комитет төрағасы Руслан Аушев Қазақстанның Көкше өңірінің тумасы екенін, Астанада алты жылдан бері шешен-ингуш халқы әулие тұтатын дін қайраткері Шейх Құнта қажы атындағы мешіт жұмыс істеп тұрғанын да естеріңізге салайық.

Елордадағы ингуш диаспорасы жи­налған концерт алдында Бейбітшілік және келісім сарайының дәлізінде «Ингушетия: тарих және қазіргі күндер» атты кітап көрмесі, Ингушетияның туристік әлеуетін танытатын экспозиция ұйымдастырылды. Ингушетияның қылқалам шеберлерінің суреттері қойылды. Ал концерттің өзі «Ингушетия мәдениеті» деректі фильмімен ашылып, «Ингушетия» мемлекеттік ұлттық би ансамблі бидің көркін қыздырды.

ИНГУШТАРДЫҢ ЫНТЫМАҒЫ МЫҒЫМ

Ресми бөлімде елорданың Есіл ау­данының әкімі Сәбила Мұстафина қала басшысы Әсет Исекешевтің сәлемін жеткізді.

– Біз мәдениет пен спорт салаларында ғана емес, экономика сияқты өзге де салаларда ынтымақтастықтың орнағанын қуана-қуана құптаймыз. Тіпті, оның негізі бұрыннан қаланған. Жалпы, Қазақстанда ингуш диаспорасы тату-тәтті тұрып жатыр. Әсіресе, Астанадағы бұл ұлт өкілдерінің ынтымағы мығым. Ингуштер – өте еңбекқор, жайдары халық. Елордада басшылық қызмет атқара келе, бұған көзім әбден жетті. Астана қаласының басшылығы мен халқының атынан қош келдіңіздер деймін, – деді Сәбила Сапарқызы.

ҚР Мәдениет және спорт министрінің қонақтарға арналған ізгі лебізі оқылған соң ингуш делегациясын Қазақстанға бастап келген Ингушетия Республи­касының Мәдениет министрі Марет Газдиева сөз алды.

– Қазақстанда туыс-туғандарымыз көп тұрады. Оның себебі, 1944 жылы ингуш халқы қазақ жеріне жер аударылды. Ал Астана – жүрегіме өте жақын қала. Көзі тірісінде әкем бұл қалаға жиі келетін. Сонда үнемі жаңа әсерлермен оралатын. Қиын жылдары қазақтар ингуштарды жылы қабақпен қарсы алып, барымен бөлісті. Соның арқасында Қазақстандағы ингуштар аман қалып, салт-дәстүрін ұмытпай, осы жерде ұрпақ өрбітті. Қазір де берекелі ғұмыр кешіп отыр – деді ол.

ҚАЗАҚТАРҒА АЛҒЫСЫН ЖЕТКІЗЕДІ

Астанадағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Салман Героев сонау жылдары тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне келген ингуш халқы және олардың ұрпақтары қазірде Қазақстанмен біте қайнасып, оның ажырамас бөлшегіне айналғанын жеткізді.

– Сарыарқаның салқар даласының ұлдары мен қыздары, қиын жылдары ингуштарды өз жерінде қарсы алып, бізге баспана бергендеріңіз үшін, төзімділік танытқандарыңыз үшін көп рақмет айтамын. Қазақ халқының осы жомарттығы мен мейірімділігін біз де, ұрпақтарымыз да ешқашан ұмытпаймыз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал, салиқалы саясатының арқасында осы елде біздің құқығымыз тең. Біз Қазақстанның патриоты болып қала береміз және бұл елдің гүлденуіне өз үлесімізді қоса береміз, – деген Салман Героев Ингушетия Республикасының Мәдениет министрі Марет Газдиеваны «Астанадағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының құрылғанына 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.

СЫЙҒА-СЫЙ

«Семей-Невада» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Қартоев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құрудағы орасан еңбегін, Қазақстан Президентінің бұл бастамасын бүкіл әлем қолдап келе жатқанын атап өтті. Семей полигонын жабудағы Елбасының ерен еңбегі жан-жақты талданған «Казахстан. Архитектура безъядерного мира» кітабын ингуш делегациясына тарту етті.

«Семей-Невада» халықаралық ан­тиядролық қозғалысына 25 жыл» ме­далін Ингушетия Республикасының Президенті Юнус-Бек Евкуровқа табыс­тау үшін сол елдің Мәдениет министрінің қолына тапсырды. Сондай-ақ, «Ұлттық ядролық орталығына 20 жыл» медалімен ҚР ҰҒА академигі Сұлтан Оздоев пен Салман Героевты марапаттады.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Ингушетия Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталып, бұл марапат олар жіберген өкілдердің қолына табыс­талды. Бұл марапатқа Салман Героев та лайық болып танылды. Сонымен қатар, ол басқаратын Астанадағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы мен осы ұлттан шыққан бірқатар кәсіп­керлер Ингушетия билігінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Қазақстандағы Ингушетия Респуб­ликасының мәдени күндері әлі бір аптаға жалғасып, 9 қыркүйек күні түйінделеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button