Қоғам

Тәуелсіздік даңғылы

Тәуелсіздік даңғылы – елорданың оң жақ жағалауында орын тепкен мерейі үстем, мәртебесі биік даңғыл. Ж.Тәшенов көшесі мен А.Пушкин көшесінің жалғасқан жерінен, Ақбұлақ көпірінен басталып, И.Панфилов көшесінен үзілетін бұл даңғыл Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаев даңғылдарын, Г.Әлиев, Қ.Мұңайтпасов, Күйші Дина, Б.Майлин, Майқайың, Шертер, Ақыртас, А.Байтұрсынұлы, Ж.Нәжімеденов, Ш.Қалдаяқов көшелерін қиып өтеді. Бұрын Манас көшесі деп аталған бұл көше 2009 жылы маусым айында Астана қалалық мәслихатының XXXVI сессиясында қабылданған қаулымен «Тәуелсіздік даңғылы» деп аталды.

Көше жайдан жай «Тәуелсіздік даңғылы» деп өзгертілген жоқ. Себебі Қазақстан егемендігінің іргетасы іспетті айтулы нышандардың көбі – осы даңғылдың бойында. Біле-білсек, тәуелсіздік деген сөздің өзі азат, еркін, ерікті деген ұғымды берсе, 1991 жылы тәуелсіздік алып, егемен ел ретінде еңсесін көтерген Қазақстанның бүгінгі дамуы бейбітшілік пен келісімнің, діндер жарасымдылығының арқасында жүзеге асты. Қазақ халқының жұдырықтай жұмылған берекесі мен Қазақстанда тірлік кешіп жатқан этностардың өзара тату-тәтті ғұмыр кешуі еліміздің аршынды дамуының кепілі десек, Тәуелсіздік даңғылының бойындағы құрылыс нысандарынан да осы мазмұндар менмұндалап тұрады. Сондықтан да ел тарихындағы маңызды шаралар, ұлттық мерекелер, әскери парадтардың бәрі осы даңғыл бойында өтеді.

Тәуелсіздік даңғылының бойында ҚР Ішкі істер министрлігі, Отан қорғаушылар монументі, «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалының ғимараты, Алматы ауданының әкімдігі, Оқушылар сарайы, «Әзірет Сұлтан» мешіті, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» сарайы, «Қазақ елі» монументі, Тәуелсіздік сарайы, ҚР Ұлттық музейі, Бейбітшілік және келісім сарайы орналасқан. АҚШ бастаған бір қанша елдің елшіліктері мен елордадағы ең танымал тұрғынүй кешендерінің бірі «Highvill» тұрғынүй кешені де – осы даңғылдың бойында.
Тәуелсіздік пен Қ.Мұңайтпасов даңғылдарының қиылысындағы алаңда тұрғызылған «Отан қорғау­шылар» мемориалы, яғни «Отан-ана» монументі – еліміздегі танымал ескерткіштердің бірі. 2001 жылы 7 мамырда ашылған бұл құрылыс тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 56 жылдығына және ҚР ҚК іргетасы қалануының 10 жылдығы мерекесіне арналған. Жалпы биіктігі 37,5 метр келетін ескерткіште ақ кимешек киген ана алтын зерлі кесесіне ақ құйып, ақ тілек тілеп отырған бейнесі бедерленген. Қабағын мұң шалған кейуананың ажарынан соғысқа аттанған жарын, алысқа кеткен ұл-қыздарын күтіп зарыққан жанның бейнесі де байқалады. Бағанның басындағы алтын масақ – еліміздегі молшылықтың нышаны. Ескерткіш бойындағы жер шарының бейнесі сонау ескі заманның сырын суыртпақтаса, бағанның екі жақ қапталында ата-бабаларымыздан қалған кең-байтақ жерімізді жаудан қорғаған хас батырлар мен Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен қазақстандық әскерилер бейнеленген.
Тәуелсіздік даңғылындағы тағы бір көз тартатын нысан – Оқушылар сарайы. Төбесі шаңырақ пішінінде жобаланған төрт қабатты ғимарат мөлшермен сегіз жарым гектар жерді алып жатыр. Елордадағы дүйім балаға қуаныш, шаттық сыйлайтын бұл сәулетті ғимарат 2011 жылы бой көтерген. 842 бөлмесі бар ғимарат қазір бас қаламыздағы жеткіншектерге қосымша білім беретін ең ірі ұйым болып табылады. Ондағы үйірмелердің 60 пайызы тегін.
Астанамыздың әсемдігінің бір көрінісі болған Хазірет Сұлтан мешіті де осы даңғылдың бойына орналасқан. 2012 жылы 6 шілде күні ашылған бұл құлшылық орны – еліміздегі және Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттердің бірі. Дәстүрлі ислам стилінде салынған ғибадат үйі Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайлары мен «Қазақ елі» монументі сынды айбынды нысандармен іргелес орналасқан. Мешіттің жалпы аумағы 17, 7 мың шаршы метрді құрайды.
Бейбітшілік және келісім сарайы – Қазақстан жеріндегі бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі. Ағылшын архитекторы Норман Роберт Фостер жобалаған бұл кешен 2006 жылы 2 қыркүйекте пайдалануға берілді. Ғимараттың сыртқы беті ішкі бейнені көрсететін әйнек және тас плиталармен қапталған, ал төбесі, яғни күмбезі – елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерін суреттейтін 130 ақ көгершін бейнеленген нағыз өнер туындысы атақты суретші Брайн Кларктың витражымен безендірілген. Сарай ішінде 1 300 орынға арналған Опера залы, Atrium салтанат залы, «Бесік» конференция залы, көрме алаңдары, баспасөз орталығы, бас қаламыздың этникалық мәдени орталықтары, Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы, Түркі әлемінің академиясы орналасқан.
Ал 2014 жылы 2 шілдеде ашылған Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған. Дүниежүзілік стандарттарға сәйкес жабдықтармен жарақтандырылған музей кешені 74 000 м2 жерді алып жатыр.
Әрине, Тәуелсіздік даңғылының бойындағы әрбір ғимарат – бір-бір мақала арнауға татитындай танымал құрылыстар. Мақаламызда біз сол әйгілі құрылыстардың бірнешеуіне ғана тоқталдық. Енді мақаламыздың соңында аталған даңғылда алдағы күндерде жүзеге асырылатын жаңа жоспарды да айта кетейік.
Келер жылы Тәуелсіздік даңғылын Керей, Жәнібек хандар көшесімен жалғайтын жаңа көпір салынады. Эскиздерін қалалық урбанистика орталығы әзірлеген көпірдің жалпы ұзындығы – 910 метр, ені – 36 метр. Көпірде тротуар және велосипед жолақтары да қарасты­рылған. Елорданың оң және сол жағалауларын жалғайтын бұл көпір құрылысы «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында жүзеге асырылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button