Тәуелсіздік күні

Менің туым – менің Отаным

Афины олимпиадасындағы жеңісіме 16 жыл өтсе де, кеше ғана болғандай елестейді де тұрады. Ол жеңісті тарихи жеңіс деп айтуға болады. Өйткені екі дүркін олимпиада чемпионы болған боксшыны жеңу мен үшін оңайға соққан жоқ. Шаршы алаңдағы айқас қас-қағым сәтте өтіп кетті, бірақ ол қас-қағым сәт болғанымен, оның артында менің қанша уақытым, жылдап, айлап тер төгіп машықтанған сәттерім жатыр. Сосын да ол жеңіс күні бүгінге дейін көз алдымда. Тәуелсіздік пен көк ту – мен үшін ең қымбатты байлық. Бұл екеуінен артық қастерлі ұғым жоқ. Жеңіске жетіп, еліміздің көк туы көтерілген кезде көзден жас кетті. «Нардың белі көтере алмаған жүкті ердің кірпігі көтереді» дейді, ер-азаматтар жайдан-жай жылай бермейді, ердің жасы тек қуанған сәтінде ғана төгіледі. Көк туымды мақтан ететін мен көк туымды әлем алдында желбіреткенім үшін, елімнің сенімін ақтағаным үшін жыладым. Мен ол жеңісімді халыққа арнадым. Еңбегін, жеңісін халыққа арнайтын азаматтар көп болсын деп тілеймін. Қазақстан спортшылары көк туымызды әрдайым желбірете берсін!

Қазір елордамыз жыл сайын жайнап, көркейіп келеді. Бізде халықаралық жарыстар өткізуге жарамды спорт кешендері де аз емес. Талай халықаралық жарыстарды өткіздік те. Бұл да – біздің мақтанышымыз. Ел еңсесі биіктей берсін!

 

 

Бахтияр АРТАЕВ,
олимпиада чемпионы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button