Басты ақпаратҚоғам

Тәуелсіздік тірегі

Конституция – жоғары заң күші бар еліміздің бас құжаты. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстың, әлеуметтік топтардың мақсаттары мен міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

Осыдан жиырма үш жыл бұрын 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабыл­дап, еліміздің құқықтық өмі­ріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық сая­си-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамуымыздың қайнар бастауына айналды.
Тарих тереңіне үңілсек, сонау көне дәуірден біздің заманымызға дейін қолданылып келе жатқан әлемдегі ең ежелгі конституция Сан-Марино елінің қазіргі ата заңы екен. Ол ең әуелі 1300 жылы қаланың жарғысы ретінде қабылданып, кейін 1600 жылы мемлекеттің басты құжаты ретінде танылған. Ал осыған ұқсас Филипп Орлик конституциясы да 1710 жылдың 5 сәуірі күні қабылданғанымен, ешқандай заңды күші болмаған. Заман талабымен ыңғайлас тұңғыш конституция АҚШ-тың Делавэр штатында 1787 жылы 7 желтоқсанда мақұлданған. Сондай-ақ, тарихта Еуропа құрлығында мемлекеттің тұң­ғыш ата заңын жазып, ел есінде сақталған адам Реча Постолита болып саналады. Оның 1791 жылы 3 мамырда жазған конституциясы Франция халқының қолдауымен 1791 жылдың 3 қыркүйегінде қабылданды.
Мұндай елдік тұрғыдан ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жұртының жыртысын жыртып, ұлттық намысын қорғауда қазақ халқы да кенде қалып көрмеген. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Жеті жарғы» – халқымыздың дәстүрлі әдет-ғұрып, заңдарының жиынтығы. Сол арқылы сол дәуірде қоғам дамуын, мықты ауызбіршілік пен ынтымақ, бірлікті қамтамасыз ететін өміршең заңдар жүйесі мемлекетке қызмет етті. Үш жүздің игі жақсылары мен билері жиналып, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бар, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысын» халқының кәдесіне асырып, ұлтының ертеңіне бағыттар билікке негіздеді. Сол арқылы қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды.

Қазақстанның алғашқы Конс­титуциясы Қазақ АССР-і Орталық комитетінің қаулысымен 1926 жылы 18 ақпанда қабылданды. Ал 1937 жылғы Конституцияда азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері айқын көрсетілді. Еңбек етуге (96-бап), демалуға (97-бап), қартайып, еңбек қабілетін жоғалтқан жағдайда материалдық қамтамасыз етілуге (98-бап) құқылы болды. 1978 жылғы 20 сәуірде рес­публиканың кезектен тыс IX шақырылған VII сессиясында қабылданған Қазақ ССР-інің Конституциясы 10 бөлім, 19 тарау, 173 баптан тұрды. Онда «барлық билік жұмысшы табы мен шаруа және еңбек зиялы қауымына біріккен халықтың қолында» деп жазылды.
Тәуелсіз Қазақстанның тұң­ғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда XII шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясында қабылданды. Ол парламенттік рес­публика моделіне негізделді. Сондықтан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күр­делі кезеңдер мен қарама-қай­шылықтар осыдан көрініс тауып жатты.
Ал 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Ата Заңымыз мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-­экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгерілеуіне, жетілу мен дамудың қайнар бастауына айналды. Айтылған жиырма үш жыл ішінде мемлекет пен қоғамның өркендеуіндегі өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ре­тінде орнығу талпыныс­тары­ның бәрі – осы басты құ­жатымыздың қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді. Әрі бұл – әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі. Сонымен қатар, халықтың игілігі мен әлеуетін арттыру­ға бағытталған құжат. Жиыр­ма үш жыл деп ауыз тол­тырып айтқанымызбен, тарих ауқымымен бағамдасақ, бұл – азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата Заңы уақыт сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтылығын, жан-жақтылығын дәлелдеді. Тіпті көптеген зерттеушілердің пі­кірінше, Қазақстанның Конс­титуциясы әлемдегі жалпы­адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі екен. Мұның өзі-ақ халқымыздың арман-мүддесін заң түрінде айшықтаған мемлекеттің басты заңдар жиынтығы әлеуетінің қандай екенін білдірсе керек.
Бұдан бөлек, 9 бөлімнен, 98 баптан тұратын Ата Заң еліміздің жаңашыл қадамдар жасап, әр азаматтың көкейіндегі өмірлік арман-мақсатын кедергісіз жүзеге асыруына кеңінен жол ашып келеді. Ол Қазақстанның жасампаз, жас мемлекет ретінде танылуына мүмкіндік берді. Еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берді. Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық пат­риотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешуге бағыт ұстады. Осы Ата Заңда тегіне, әлеуметтік, ла­уазымдық және мүліктік жағда­йына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге жағ­даяттар бо­йынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтыны нақты көрсетілген.
Біз бұл Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы өзінің ерік-жігерін еркін білдіріп, адами, азаматтық құқын іске асырғандығын көрдік. Сөйтіп бүкіл әлем таныған құқықтық мемлекетті және азаматтық қоғамды қалыптастырдық.
Мемлекет өмірінің аса ма­ңызды мәселелерін талқылау мен шешу кезінде әрбір парасат пайымы мен санасы жоғары азамат жоғарыда айтылған жауапкершілікті жақсы сезінуі қажет. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін өз Ата Заңымызды құрметтеп, қорғап, маңыздылығын терең ұғына отырып, оны көздің қарашығындай сақтай білу – әрбір Қазақстан Республикасы азаматының міндеті мен парызы.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button