Руханият

Тілге деген құрметтері ерекше

Байлықтың ең үлкені – халық арасындағы достық. Біз осы достықты нығайтып, бір-бірімізді құрметтеп, еліміздің ертеңі үшін қызмет етудеміз. Бұл – қонақжай, бауырмал халық екеніміздің айқын көрінісі. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген бабалар сөзі тегіннен-тегін айтылмаса керек. Біз өзімізбен бірге тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері жайлы жақсы пікірдеміз. Ал Қазақстанда тұрып жатқан олар біз жайлы не ойлайды екен? Өздерінен сұрап білейік.

Астана медицина университеті студенттері Йогеш Кумават пен Гхашнаям Чодхари Үндістаннан 2016 жылдың қыркүйек, қараша айларында келіпті. Астанаға келгендеріне аз болса да, қалаға үйреніп, танып-біліп қалған екен. Қазақ достары да көп көрінеді. Университеттің 2-курс студенті Йогеш Кумават:
– Елордаға оқу үшін келдім. Астана медицина университетінде жалпы медицина мамандығында оқимын. Жоғары оқу орнына түсетін кезде Астананы өзім таң­дадым. Әлеуметтік желіден әсем қаланы көріп, таңғалдым. Ең алғаш келгенімде, курстастарым мені жылы қарсы алды. Әңгімеге тартып, сөйлескілері келді. Бірақ еркін тіл табысып кету маған қиындық туғызды. Қазір қазақ тілін үйреніп жатырмын, өзіме қазақша сөйлеген ұнайды. Қазақтар бауырмал, достыққа берік халық екен. Салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты ұстанатын достарымда қонақта болдым. Қазақтың ұлттық тағамдары – ет, наурыз көже, бауырсақтың дәмін еш ұмытпаспын, – деді.
Ал Гхашнаям Чодхари осы қа­ланы таңдап, білім алып жат­қа­ны­на еш өкінбейтінін айтады. Тимур есімді досының арқасында басқа балалармен танысып, ортаға үйренісіп қалған екен. «Олар мені өзге ұлт деп бөлмеді. Араларына қосып, бауырмалдық танытты. Тілді де үйренуге көмектеседі» дей­ді ол. «Астана саған несімен көрікті?» деп сұрағанымда «Түнгі Астана өте әдемі. «Хан Шатыр», «Бәй­терек» сияқты ғимараттар ерек­ше көзге түседі» деп жауап берді.
– Наурыз мейрамын думандатып тойлап жүргенде, ақжаулықты апа маған өз батасын берді. Мен де қарап қалмай, алғысымды білдіріп, ол кісіге тәттілерді ұсындым. Салт-дәстүрлердің біразымен танысып үлгердім. Тұсаукесер салты қатты ұнады. Енді ғана жүріп келе жатқан балаға ақ жол тілеу, алдағы уақытта алдында ешқандай кедер­гіге тап болмасын дегендей тілек ті­леу керемет екен, – деп сөзін түйіндеді ол.
Өзге ұлт өкілдерімен тілдес­кенде бір байқағаным, қазақ мәдениетіне, салт-дәстүрге, тілге қатты қызығады екен. Қазақ тілі – бай, иірімді тіл. Нақышына келтіріп сөйлесең, өте ғажап тіл. «Басқа ұлтпын, қазақ емеспін» демей, Қазақстанда тұрып, елді, тілді құрметтеп жатқанына риза болдым.

Айдана ЖАНҒАБЫЛОВА,
№68 орта мектептің
11-сынып оқушысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button