Жаңалықтар

Достық шеруі

Елордада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мыңнан аса велошабандоз «Достық шеруіне» қатысты. «Бәйтерек» монументінен басталған спорттық шара Достық, Түркістан, Сығанақ көшелері мен Қабанбай батыр даңғылына дейін жалғасты.

Веломарафонды «Astana Pro Team» командасының танымал спортшысы, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының мүшесі Дмитрий Груздев бастады. Кәсіби велошабандоз елордада қос дөңгелекті серік еткендер көбейгенін тілге тиек етті. «Бұрындары Шымкент, Петропавл қалаларында велошабандоздар туралы жиі еститінмін. Ал қазір Талдықорған, Орал және Астанада велосипедке көшіп жатқандарды жиі байқаймын. Велосипед тебу мәдениеті қалыптасқаны мені қуантады» деді ол.
Шара басында Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшы­лығы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко мен қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев құттықтау сөз сөйледі. Олар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығы өткенін, алда Астананың 20 жылдығы келе жатқанын айтып, қала тұрғындары мен қонақтарын атаулы мерекеге белсене атсалысуға шақырды.
Астана қаласы әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы жетекшісінің орынбасары Азамат Имашевтың айтуынша, велошеруді өткізуге екі аптадай уақыт дайындық жүрген екен. «Жарысқа қатысушылар 4100 метрді артқа тастады. Бұл – бір ғана айналым. Мұндай велошерулерді алда тағы да өткіземіз. Келесі шараны маусым айына жоспарлап отырмыз. Халық осындай шараларға белсене қатыса бастағаны қуантады» деп жарыстың нәтижелерімен бөлісті ол.
Мәреге жеткен қатысушыларды сыйлықтар күтіп тұрды. Оларға «Astana Pro Team» командасы құрамасының қолы қойылған футболкалар мен жаңа велосипедтер ұтысы өткізілді.
Велосипед тебу маусымын ашуға арналған дәстүрлі велошеруді бұл жолы мерекеге ойластырғаны бекер емес. Себебі бұл спорт түрі тұрғындар мен қала қонақтарын біріктіріп, өзара жақындастырады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button