Басты ақпарат

Мөлдір махаббат

Таяуда Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры XVI ғасырда өмір сүрген ұлы драматург У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясының премьерасын ұсынды. 400 жылдан бері әлем театрларында қойылып келе жатқан бұл пьесаны 1938 жылы Мұхтар Әуезов қазақ тіліне аударған. 1939 жылы қазақ театрында алғаш рет қойылса, 1964 жылы екінші рет дайындалды. Екінші рет қойылғанда Отелло образын Ш.Айманов, Ы.Ноғайбаев, Ягоны – Н.Жантөрин сомдады. 

Шекспир пьесаларының идеясы, көтеріп отыр­ған мәселелері бүгінгі таңда да өзектілігін жойған емес. Тақ, мансап, даңқ, ақша, көреалмаушы­лық, қастандық, қызғаныш, жатбауырлық, жеккөрушілік т.б, адам бойында кездесетін жаман қасиеттер бар кезде, адамзатқа осындай шығармалар ауадай қажет. Көрерменге жол тарт­қан бұл премьераның режиссері ҚР халық әртісі – Талғат Теменов. Спектакльдің басты идея­сы – мөлдір махаббаттың Яго іспеттес жалған достың опасыздығының құрбанына айналуы. Мұндай трагедиялар болашақ ұрпақты жауыздардан сақтанып жүруге, олардың құрып қойған қақпандарына түспеуге ой салады. Ондай жауыздардың санын азайту мүмкін емес, бірақ бір адам болсын түзелсе, оның өзі – үлкен жетістік.

Қоюшы-суретші ҚР мәдениет қайраткері Қанат Мақсұтов сахнада әдеттегідей калонна мен шымылдықтар қолданған. Шымылдық ғашықтардың махаббат сахнасында толықтай жерге төгіліп түсіп, спектакльдің көркем бейнесін тудырады. Сахна төрінде ай сияқты дөңгелек құрылғы спек­такль­ді қайта өрлеу дә­уі­рі­нен біздің заманға әкелуші ретінде атмосфера тудырып тұр. Ол өзінің жарығымен ғашықтардың махаббатына жанашыр болып тұрғандай.

Жалпы, ән-биге құрыл­ған спектакль көрермендердің көңілінен шықты деген ойдамыз. Қараңғы түнде әскерилер сенатор Брабанционы – Тілектес Мейрамовты оятады. Сахнадан: өзінің туған қызын іздеп, түн  ортасында  оның қайда кеткенін түсінбей, мазасы кетіп  жүрген әкені көреміз. Т.Мейрамов  Брабанциосын көркем тұрғыда бедерлей білді. Қызының ақсүйектік тәрбиесі  барына  сенімді ол қызын ұрлап кетті деп уайымдайды. Дездемонаны – Ақмарал  Танабаеваны Маврдың  алып  кеткенін көріп, одан әрі қайғырады. Көңілі босаған ақсақал қызының өз еркімен кеткеніне көзі  жеткен  кезде ғана барлығына келіседі. Т.Мейрамовтың кейіпкері бет орамалымен көз жасын сүрткен мизансценасы тым әсірелеп жібергендей.

Сахнада Отелло – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыс­тықбаев Дездемонаны жақсы көреді, оған деген махаббаты шексіз. Режиссер қойылымында Отелло, Кассио, Родриголардың әскери қатал мінездерінің орнына қарапайым, әлжуаз етіп бейнелеген. Бүгінгі қоғамдағы жігіттердің басына түскен қиыншылықтарды көтере алмайтын жасықтықты, біреудің сөзіне жалтақтауларын, қулардың айтқанына еріп жүре беретін ерлердің жиынтық бейнесін көрдік. Қойылым желісі бойынша: Отелло анасы берген бет орамалды Дездемонаға сыйлайды. Ол оны үйде жоғалтып алады. Ал Эмилия тауып алып, Ягоға береді. Сөйтіп Яго өзінің арам ойын жүзеге асыру үшін бет орамалды пайдаланады.

Отелло десе, бәрінің көз алдына қара нәсілді құла­ғында сырғасы бар Шәкен Аймановтың бейнесі елес­тейді. Маврлардың барлығы дерлік қара нәсілді болмаған, оның бет-әлпетін өзгертпей сол түрінде қабылдауға болады. Пушкин «Отеллоның басты трагедия­сы – оның қызғаныштан бұрын сенгіштігінде» деген. Сондықтан пьесада Яго­ның айтқандарына көзі жетіп барып әйелін өлтірсе, спектакльде режиссер Кассио Дездемонаның орамалын ұстап жүргенін, Кассио мен Яго Биянка туралы сөйлескенін естіп, олардың сырттарынан жасырын тыңдап тұратын Отелло оларды өзінің әйелі туралы сөйлесіп тұрғанына көзі жететін сахналарын  қысқартқандықтан, Отеллоның Яго айтқан құрғақ сөздеріне сене қалғаны көрермендер үшін сенімсіздік тудырды. Спектакль соңында Эмилия Отеллоға Ягоның барлық опасыздығын айтып бергенін де қысқартқандықтан, ол не үшін өз-өзін өлтіретіні белгісіз боп, ақталмай тұр. Спектакльде көзіме шөп салды деген сеніммен  Отеллоның өзі де арғы дүниеге аттанып кетеді. Режиссер Отеллоға бар шындықты білмей кететіндей етіп трактовка жасаған.

Эмилия – Айнұр Жетпіс­баева спектакльде мейі­рімді, қарапайым, қандай жағдай  болса да, Дездемонаны жақтайды.

Дездемона – Ақмарал Танабаева ойыны әсерлі, сұңғақ бойлы әрі жас бойжеткен. Дауысы да үзіліп кетердей сүйкімді, Отеллоға тұрмысқа шығып кетсе де, Родригодай жігіттердің оған деген махаббаттарының үміті үзілмейді. Сырт­тай ғашық болып қала береді. Дездемона бейнесін қойылым барысында эво­люциялық эмоцияның да­муын байқай алмадық, рөлін сомдау барысында сөздерін шатастырып алып жатты. Әсіресе, қажет кезде психологиялық кідіріс, шошыну, таңқала сөйлеу мәнері жетіңкіремеді.

Яго  –  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов. Ақыл тоқтатқан, оң-солын білетін  тісқақ­қан пысық, қой терісін жамылған қасқырдың өзі. Күліп тұрып арқаға қанжар қадайтын қаскүнем бейнесін нанымды сомдаған. Спектакль барысында сулығын бір жақ жанына қарай сермеп жіберіп, келесі бір қулығын дайындап отырғандығынан хабар бергендей.

Яго мен Родриго екеуі өзен жағасында балық ау­­лай­тын сахнасындағы жасал­ған режиссерлік ше­шім­дер бірде шартты түрде қайықты бедерлесе, енді бірде Дездемонаның жатын орнына айналуы жақсы ойлап табылған. Родригоның ғашықтықтан іші күйіп жүргенін пайдаланып, оны Кассиоға қарсы қояды.

Ягоның құрастырған жоспары бойынша Кассионы лейтенант дәрежесінен түсіруді көздейді. Родригоны – Нұрсұлтан Есенді алдап-сулап шарапқа мас қылып, оны мазақ етіп, Оте­лло алдында ұятқа қалдырады. Сол жерде ол лейтенант шенімен қоштасқанын біледі. Осы сахналардағы ән-би музыка спектакльдің көркемдік деңгейіне эстетикалық зор септігін тигізген. Бірақ Кассионың көпшілік ішінде жүрген Монтананы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Малаевтың жаралайтын сәті түсініксіз, музыканың даңғырынан дауыстары да анық естілмей қалады, әлі де болса режиссерге іздене түскені абзал.

Көлеңке – А.Әділгереева, Н.Өтеуілов дуэті жарасымды шыққан. Ол Ягоның жиынтық бейнесін беріп тұр. Бірақ өкінішке қарай, екі-үш көріністен кейін сах­надан көрінбей кетеді. Ол Ягоның көлеңкесі ме? Әлде жалпы кейіпкерлердің көлеңкесі  ме?  Оны режиссер не үшін қосты, кейбір сахналарда басты кейіпкерге кедергі жасайтынын да байқадық.

Режиссер Отелло Дезде­монаны авансценада қыл­қындыратын сахнасын шарт­ты түрде  емес, дәстүрлі  тұрғыда мойнынан  ұс­тап тұрып қылқындырғаны әсерлі  болар  еді. Отеллоның Дездемонаны өлтіргеннен кейін  бар дауысымен қатты айғайға салғаны оғаш көрінеді, себебі өлтіргенге дейін ол аффект сезімінде болмаған, осы мизансценалармен әлі де жұмыс істеу керек.

Дездемона мен Отелло өлгеннен кейін спектакль соңында сахнаға Яго шығып жұртқа қарап, өзінің жасаған арам пиғылының орындалғанына масаттанғанын көреміз. Біреудің қолымен «көсеу көсеп» өзі сүттен ақ, судан таза болып шығуы да режиссерлік оңды шешім. Бүгінгі заманда осындай қастандықтар мен арамдықтар көбеюде, тіпті алысқа бармай-ақ жанымызда сеніп жүрген адамдарымыздан да шығуы мүмкін деген астарлы идея­мен аяқталады. Аталған ескертулер мен ұсыныс­тарға назар аударып, тағы да ыждаһатпен жұмыс жасай түссе, қойылымның эстетикалық көркемділігі артады деген ойдамыз.

Нартай ЕСКЕНДІРОВ,
Қазақ ұлттық өнер
университетінің
доценті, театртанушы

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button