Жаңалықтар

Ұлы дала үні

Мереке күні Астананың аспанын домбыраның дауысы күмбірлетті. Қазағымыз салтанат құрып, «Бәйтеректің» түбінде бес жүз күйші күй төкті. Қалалық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов бастаған домбырашылар флешмобына мыңдаған көрермен жиылды.

Ашық аспан астындағы флешмобты «NOMAD» инструменталды жобасы мен Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушылары мен студенттері күй тартысымен бастады. Содан кейін халық ішінен жиналған 500 домбырашы бір адамдай «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай» және «Ерке сылқым» сынды ғажап күйлерді орындады. Оркестрде әуес­қойлар да, шебер домбырашылар да болды. Соған қарамас­тан, әуесқой өнерпаздар му­­зыканттармен тең дәрежеде өнер көрсетті. Шараға қатысқан астаналық Нұралы Жүнісбаев: «Негізгі мамандығым – программист. Домбыраны мектеп жасынан бастап үйрендім. Апам Dombyra-Flashmob туралы жарнаманы әлеуметтік желіден көріп қалып, маған айтты. Осы тектес шараға ал­ғаш рет қатысуым. Басында бі­раз толқыдым. Біз ойнаған күй­лерді барша халық жақсы біледі ғой. Қаламызда осындай шаралар көптеп болса екен деймін» деп тілегін білдірді.
Шарада ел арасында жүріп, өнерімен халықтың ықыласына бөленген азаматтар да төбе көрсетті. «Алтын домбыра» сыйлығының екі дүркін иегері Мұхтар Ниязов, халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпазы Мейірбек Сұлтан­хан және айтыскер-ақын Се­рік­зат Дүйсенғазин домбыра ше­руіне қатысты. Сондай-ақ, кон­­церт барысында көрермен арасында үш домбыра ұтысқа салынды. Флешмобқа дейін бірнеше күн қалғанда Dombyra-Flashmob ресми инстаграм парақшасында қатысушыларды тіркеу жарияланған болатын. Жүзден астам тіркелгендерге реттік нөмір таратылды. Сол нөмірлер бойынша кездейсоқ музыкалық аспаптардың иелері анықталды.
Қазақтың қара домбырасының дүркіреген үні көпшіліктің арқасын қоздырып, рухын көтеріп тастады. Біз де «Рухани жаңғырудың» бір көрінісіне куәгер болдық. Бірлік күні ұйымдас­тырылған «Ұлы дала үні» атты домбырашылар шеруі елорданың 20 жылдығына арналады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button