Басты ақпаратҚала тіршілігі

ТОҚТА, ТАКСИ!

Қазіргі таңда елордада қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін 14 таксомоторлы компания жұмыс істеп жатыр. Міне, осылардың 6-уы «ASTANATAXI» деп аталатын ZHeBe, ЭКО, Аруна, Тұмар, Drivers, Vector бірыңғай қалалық қызметтерге біріктірілген. Нақтырақ айтқанда, қалада қызмет көрсететін таксопарктердің барлығы бірыңғай қалалық қызметтің қатысушылары емес. Алайда елордада белгілі бір таксопарктің өкілі ретінде қызмет көрсететін жалған жүргізушілер пайда болды.

Әкім назарын таксопарктерге тікті

Жалған такси жүр­гізу­шілер көлігін «ASTANATAXI» стилінде безендіріп алып қызмет көр­сетіп келген. Алайда безен­дірудің сапасы өте нашар бол­ғандықтан, түпнұсқаға мүлде сәйкес келмейді. Оның үстіне, бірыңғай емес шрифтер (әріптер) пайдаланылып, сұлбасы белгіленбеген жерде орнатылған. Тағы бір алаңдатарлық жағдай, көптеген көліктер техникалық талаптарға сай емес болып шыққан. Осыған орай, қала әкімі Әсет Исекешев Жолаушылар көлігі басқармасына елордалық Мемлекеттік кірістер департаменті және Ішкі істер департа­мен­тімен бірігіп, таксомоторлы компаниялар арасында алаяқтық фактілерді әшкерелеу бойынша рейд жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын.

Өйткені жалған такси жүргізушілер қызмет көрсету барысында көптеген құқық бұзушылықтарға жол берген. Мысалы, олар қоғамдық көлік пен «ASTANATAXI» еншісіне берілген жолда заңсыз жүрген. Бұдан бөлек, алаяқ жүргізушілер әуежай мен теміржол аумағына кіріп-шығуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, заңды таксопарктердің «терісін» жамылған жүргізушілер салық төлеуден жалтарып отыр. Бұлар ғана емес, сонымен қатар «ASTANATAXI» бағдарламасына енген таксомоторлы компаниясының жүргізушілері де заңсыздыққа жол бергені анықталды. Мәселен, таксопарк жүргізушілері бірыңғай тариф бойынша қызмет көрсетпей жатыр. Нақтырақ айтсақ, сараптама барысында көптеген жүргізушілер таксометрлерді қоспайтыны белгілі болды. Өйткені таксометрсіз 8 таксомоторлы компанияның заңсыз қызмет фактілері әшкере болды.

Келтірілген барлық фактілерді ескере отырып, әкімдік бұл мәселені либералды және нарықтық жолмен шешудің бірнеше ұсынысын жасады: соңғы 3 айда Жолаушылар көлігі басқармасында тіркелген барлық таксомоторлы компанияларды «ASTANATAXI» бірыңғай такси қызметіне қосу, автомобиль жолақысын автобус желісі бойынша тіркеу бағытында бейнебақылау бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі жобаларымен біріктіру және бақылау және тағы басқа тиісті шаралар.

Заңсыз әрекетке тосқауыл

Сейсенбі күні Астана қаласы әкімдігінде жолаушыларды таксимен заңсыз тасымалдауды жою мәселесі бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Оған Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Уваев, «Астана қаласы көлікшілер қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Медет Құрманов қатысты.

Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, Астанада заңсыз қызмет көр­сетумен айналысатын көлік жүргізушілерге арналған шара өтеді. Өйткені ол жолаушылар тасымалымен айналысатын азаматтардың көліктері техникалық тұрғыда сын көтермейтінін мәлімдеді. Яғни, олардың басым бөлігі – 90-жылдары шығарылған ескі көліктер. Сонымен қатар, олар жолаушыларды тасымалдауға шығар алдында медициналық тексеруден өтпейді.

– Аталған барлық тәуекелдер жо­лаушыларға жүктеледі. Бұған қоса, сақтандыру полистері мен тасы­малдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндеттейтін сақ­тандыру шарты, сонымен қатар рұқсат беретін құжаттары мен келісімдері болмайды. Мұндай жайт жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Осыған байланысты 12 қыркүйектен бастап бір ай бойы автокөлік құралдары жүргізушілерінің заңсыз қызмет көрсетуінің алдын алуға бағытталған жедел шаралар өткізілетін болады. Айлықтың қорытындысы бойынша сараптама жасаймыз. Жалпы, бұл шараға Әкімшілік полиция, Жергілікті полиция қызметі, Көліктік бақылау инспекциясы, Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаменті және басқа да мүдделі органдар жұмылдырылады, – деді ол.

Басқарма басшысы жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналыса­тын азаматтарға қатаң шара қолда­нылатынын айтады. Алайда ол сала­дағы кемшіліктерді мүлде тыйып тастау мүмкін емес екенін ескертіп отыр. Себебі кейбір адамдар жолаушыларға ақылы түрде қызмет көрсеткенімен, көлікке отырған адамды «туысым» деп айтуы мүмкін. Алайда әкімнің пәрменінен кейін жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын жүргізу­шілерге қарсы әрекет басталды.

Жолақы бағасы неге қымбат?

Сонымен қатар, жиында елордадағы такси қызметінің тым қымбат екені туралы мәселе көтерілді. Бұл мәселеге қатысты «Астана қаласы жүргізушілер ассоциациясының» төрағасы Медет Құрманов жауап берді. Оның айтуынша, екі апта ішінде астаналық таксилер өздерінің тарифтерін өзгертеді. Осыған байланысты әуежайдан отыру кезінде алғашқы үш шақырым үшін 1000 теңге белгіленеді.

– Көптеген шағымдардан кейін «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан таксиге отыру үшін тарифтер өзгертілді. Ендігі кезде оның көлемі 700 теңгені құрайды да, әрбір шақырым сайын 100 теңге қосылып отырады. Астана қаласы ішінде ресми таксимен алғашқы үш шақырымды жүру 500 теңгені құрайды. Тасымалдаушылар үшін «Яндекс. Такси» және «Uber» сияқты танымал қызмет түрлері бәсекелестік тудырады, олар кей жағдайда ресми әріптестерінен төмен тарифті ұсынады. Жол жүрудің өзіндік құны болады. Ресми тасымалдаушылар үлкен жауапкершілікте болады.

Көп жағдайда көліктер вокзал бағытына бос барады. Жүргізушінің ол жерде клиентті қанша уақыт күтетіні де белгісіз. Осы кезде бізде түрлі шығындар орын алады. Кей кездерде «Яндекс» және «Uber» тарифтері арзан болады. Бірақ бұл – кепілді түрде белгіленбеген тариф, – дейді Медет Құрманов.Астана қаласы әкімдігі «ASTANATAXI» бірыңғай такси қыз­меті» жобасының тиімді екенін айтады. Мәселен, осы жобаны жүзеге асыру үшін «AstanaService» жаңа бағдарламасы қабылданып, ол қала бюджетіне салмақ салмай жүзеге асырылды.

Серік  ЖОЛДАСБАЙ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button