Рухани жаңғыру

ТАРИХ ТҰНҒАН ТАЙТӨБЕ

Өмірзақ Озғанбаев,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор

 

Көз сүрініп жығылатын күрең бел,
Сағымданған сары далама рең бер.
Дулығалы батырларға дұға қып,
Саған қарай келе жатыр талай ер

Жыл мезгілінің бір әдемі тұсы мамыр айында Тайтөбе елді мекеніне жолым түсті. Мақсатым – ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, бабалар жатқан қасиетті орындарға зиярат ету. Тайтөбе – «Есіл, Нұра – екі өзен, егіз бала секілді» деп ақындар жырға қосқан қос өзеннің Нұрасының оң жағалауында орын тепкен жер. Талай тарландар мен жүйріктерді туғызған топырақтың сан қилы оқиғаларды басынан кешіріп, куә болғанын ауыл адамдарынан естідім. Табиғаты жанға жайлы, ну орманы сыңсып, бұлағы сылдырлап әнге салған бұл өлкеде жан-жануардың, табиғи өсімдіктің түр-түрі бар. Табиғат берген бар байлыққа малшынып тұрған қасиетті жерде елге белгілі еңселі тұлғалардың өмірге келуі заңдылық па деп қалдым.

Еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін құт қонып, бақ дарыған бұл жер – ел шежіресінің бір парағы, қайнар бұлағы. Тарихтың бір тұма бұлағына айналған Тайтөбенің төбесінде өз дәуірінде елге көсем болған Нияз би бабаның кесенесі тұр. Кезінде қандай болғанын қайдам, ұрпақтарының ұйымдас­тыруымен бүгінгі заманға сай салынған аппақ кесене алыстан менмұндалап, көз тартады. Ашық аспан астында ақ күмістей жалтырап, айналасына өзгеше рең беріп тұр. Ескі тарихтың көзіндей болған ескерткіш жүргінші жолаушыға, мал қайырған ағайындарға жол сілтеп тұрған темірқазық іспеттес.
Ақшылдау болып келген топырағының ерекшелігі ертеректе халық көп қолданған әк деп аталатын құрылыс материалына ұқсайды. Бір-біріне ұқсай түскенімен, бара-келе бөлініп, табиғи жағынан ажырап кететін тау, жер жыныстарының әрқилы мінездес болатыны тағы бар.

Ел аузындағы әңгімелердің бір нұсқасында қаланың Ақмола атауына себеп болған осы Нияз атаның зираты деседі. Төбе басындағы жалғыз күмбез бейне бір тыныштықтың күзетшісіндей. Осыған қарап «Жауластыр­мақ – жаушыдан, елдестірмек – елшіден», «Елшісіне қарап елін таны» деген қағида Абылай хан заманындағы Нияз би секілді бабаларымыздың тапқыр да ұтымды шешімдеріне қарата айтылған болу керек-ау деп ой түйесің. Тарихтың ақжал толқындарымен жармасып жағаға шығып, біздің қолымызға түскен бір деректі әңгіменің мынадай өзекті тұсы бар: «Абылай ханның Кенжетай, Нияз деген екі биі болыпты. Деректі дәйектер Ниязды ханның сенімді серігі болған деседі. Аузы дуалы бұл билердің айтқаны қате кетпей, өз нысанасына дөп тиіп жатады екен. Қашанда жақсының соңынан сөз ерген, басқа билер бұл екеуін күндеп: «Кенжетай мен Нияз ханды қалжақтайды, ал оларды хан жақтайды» деген мәтелді халық арасына таратып жіберіпті. Бұл әңгіме Абылай ханның құлағына жетіп, ел басқарған басшыны терең ойға батырса керек. Қарша бораған бос әңгіменің бір ұшын түйіндемек болып, күндестіктің көлеңкесінде жүрген он биін шақырып алған хан:

«Жердің құты, елдің құты, ауылдың құты, аймақтың құты не?» деп сұрапты. Ажары жердің бетінде болғанымен, сыры тұңғиықтың тереңінде жатқан жұмбақ пішінді салиқалы әңгіменің шешуін таба алмаған он би абдырап қалыпты.

Ханның қалауы бойынша шақырылған Кенжетай мен Нияз да жеткен екен. Хан алдына шарта жүгінген екі биге Абылай: «Белдеріңді шешпес бұрын мына жұмбақты шешіңдер» деп, әлгі сұрағын қайталапты. Сонда Кенжетай би: «Ныке, қазақта үлкендер алса сөз басын, кіші тұрар бас иіп» деген бар. Жасыңыз үлкен адамсыз, алдымен сіз сөйлеңіз, сізден сөз қалса, мен айтайын» деп әдеп көрсетіпті.

Сонда Нияз би алға бір адым басып: «О, хан ием, меніңше, жердің құты – жаңбыр, елдің құты – азамат, ауылдың құты – жақсы әйел, аймақтың құты – әділ басшы» деп жауап беріпті. Қабірі қара жер болса да, қадірі жоғалмаған қасиетіңнен айналайын, қайран бабам, аузынан сөз қалмаған он бидің шеше алмаған әңгімесінің түйінін бір өзі шешіп, ел аузында қалған екен. Сөздің төркінін түгендеп, ақылын азайтпаған даналардың аузынан кесек алтындай болып құйылған сөз мәйегі өз бедерін жоғалтпай, қанша уақыт өтсе де күні бүгінге дейін салмағын ұстап тұр.

Тарихтың тереңіне тамыр тартқан ескі әңгімелердің арқауы қазақ даласында ел үшін, жер үшін аттың жалында ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың ерен ерліктерін жиі айтады. Жауға шап­қан батырдың, оны жырлаған ақынның, ел басқарған ханның, сөзге иелік еткен бидің кім болып келіп, кім болып кеткені бір тарихқа ғана аян. Өткен тарихтың мың белесінен мың түрлі әңгіме шерткен уақыт тілі Тайтөбенің биігінде қалған бір сырдың шетін шығарғандай. Төрт ғасырдың төрт биігінен өтіп, бүгінге жетіп, өткен дәуірдің құлаққа жағымды жыр тектес әпсанасын тыңдатқан Тайтөбенің қойнауы тарихтың құпия көмбесінің бетін аша бастаған сыңайлы. Шоқы басына салынған айшықты кесене көненің көзін жаңаға жақындатқан алтын көпір тәрізді.

Абылай ханның тұсында атағы дәуірлеп, есті әңгімелері елдің есінде қалған көреген бидің ұрпақтары ата даңқын әспеттеп, айдалаға осы бір құнды жәдігерді тұрғызған. Кесененің кіреберіс маңдайшасында Нияз бидің есімі, өмір сүрген жылдары жазылған. Үйдің ішіне кіргенде бір қабырғасына тұтастай Нияз бидің өмірі, ақ кесенесі туралы жазылған деректерді аңғарасыз: «Бисмилаһир рахманир рахим». Нияз Тілеуұлы (1733-1784) – Қыпшақ, Ұзынның Алтыс тармағынан. Абылай ханның бас билерінің бірі, кемеңгерлігі мен көрегендігі үшін Абылай хан Нияз биді «хан» деп атаған. Әкесі Тілеулі (1695-1760) – қазақ халқының батыры. Ол 1738 жылы Орта жүз рулары Ресеймен біріккенде қалың Қыпшақтың атынан антқа қол қойған.

Нияз бидің шешесі – Жапалақ Тама Есет батырдың қарындасы. Он жасынан бастап билік айтқан Нияз бидің өмірі Қараөткел, Көкшетау өңірінде өткен. Нияз бидің ұрпағы – Әбдіғаппар Жанбосынұлы 1916-1917 жылдардағы бүкіл қазақ қатысқан ұлт-азаттық көтерілісінің Торғайдан шыққан көсемі.
Ақмола атауы дәл осы жердегі Нияз бидің басында орнатылған ақ моладан шыққан. Ресей патшасының жарлығымен 1868 жылы бекітілген Ақмоланың төлтаңбасында Нияз бидің ақ кесенесі ақ күмістен, оның үстіне орнатылған Ай таза алтыннан қондырылған. Осы ескерткіш тақтадағы деректер академик Манаш Қозыбаевтың тарихи еңбектері мен Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 7-томында жазылған.

Нияз бидің бұл ақ кесенесін Ақмолда Қамзаұлы бастаған Нияз бидің ұрпақтары 2009 жылы 22 тамызда орнатып, бабаларының әруағына Құран оқытып, ас берді. Ақ кесененің жобасын жасаған Қабден Әбдіғапар. Нияз би туралы деректерді жинап, зерттеген Мақсұтбек Сүлеймен.
Ер есімі ел тарихында, қалың жұртының көкірегінде қалуы үшін ұрпақтары жасаған сауапты жұмыстарға Алла берекесін беріп, соңын қайырлы қылғай деп тіледім. Кесене ішіндегі бірден көзге түсетін тағы бір дүние, қабір басына орнатылған тақтайша. Ол жерде ақын Жүрсін Ерманның мынадай өлең жолдары жазылыпты:

Ей, ұрпақ!
Бабалардың даңқын асыр,
Хан Нияз ер еді ғой халқына асыл.
Тайға таңба басқандай ізің жатыр,
Қазақтың тарихында жарты ғасыр.
Тегіннен тараған жоқ көпке атағың,
Перзенті Қызыр берген ақ батаның.
Алтын құрсақ Жапалақ анамыз бен
Тұяғы Тілеулідей текті атаның.

Жаратылысынан сөзге жүйрік, шешендігімен талайларды тамсандырып, таңғалдырған Тілеулі батырдың ұлы Нияз жеті-сегіз жасқа жеткен соң-ақ, шаршы топта сөз сөйлеп, дүйім жұртты аузына қаратқан ерекше бала болыпты. Дана туған перзентінің талантына тәнті болған әкесі оны қасынан тастамай, көптің басы қосылған той, жиындардан қалдырмапты.

Талабымен тас жарған он жасар ұлан әулет арасындағы дау­шарларды шешуге қатысып, үлкендердің рұқсатымен төрелік те айтып үлгеріпті. Даудың түбі қайырға, сөздің түбі бітімге келгенін пайымдаған әлеумет ендігі жерде Ниязды бала емес, аға санаған екен. Айтқан сөз ақылға, берген уәжі сабырға айналған биді төрде отырған хан да, есікте жүрген қара да сыйлап, төбесіне көтереді. Сөз ымырасы ықпалды болып, ынтымаққа шақырған аузы дуалы Нияз ағайын мен достың арасын біріктіріп, ел мен елдің арасын кіріктіріп, қара қылды қақ жарған би атаныпты. Соңына сары алтындай салмақты сөз байлығы қалған бидің басына күмбезді кесене орнатылып, көңілден өше бастаған тарихи тұлғаның дүниеге қайта келуі бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елінің мәдени мұраларының қазынасына құйылған байлық іспеттес.

Қазақ даналығында топ бастаған көсем мен сөз бастаған шешеннің ел ішіндегі беделінің биік болғанын бізге жеткен тарих парақтары айғақтайды. Елдің мұратты игіліктерінің басында сөз билігін ұстаған дарындар мен даналардың ақыл-кеңесімен мың жылғы жаудың беті қайтып, жүз жылғы даудың түйіні шешілген екен. Алтын тақта отырған ханның да үлкен басымен билерге келіп жүгінетіні сөз құдіретін мойындағаны болса керек.

«Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табатын, би деген бір ақ сары ат, бүтін елден біреуі ғана табатын» деген қазақтың қайратты сөзі көп нәрсенің парқын аңғартқандай. («Дала уалаяты» газеті, 1988 жыл). Билер беделінің биіктігі – дүйім жұртты сөзімен тоқтата білуі. Сөзге тоқтаған халықтың дұшпанынан мертікпесі анық.

Сөзден билік құраған, сөзден ақыл сұраған, сөзден тілеп бір қайыр, сөзге тоқтап, мың адам, сөз сүйектен өткенде, сөз-шарапат жеткенде, сөз-мұрат боп биіктер, сөз тоқтам боп жеткенде,-дегендей, билердің басты қаруы – сөз, елдің бейбітшілігін қорғаған мәңгі өлмес құндылық екен. Шешендік, ақындық, заңгерлік, батырлық, саясаткерлік, ойшылдық, білімпаздық, көрегендік, тәлімгерлік, бітімгерлік – осының барлығы да билердің бойынан табылып, елдің мұратты мақсатына жол сілтеген темірқазық секілді.

Тарих тұнған ауылдың ескі жәдігері – мектеп үйі тұр. Ұлылар мен ұлықтардың көзіндей болған бұл үйде жүз жылдың тарихы бар. 1945 жылдың 30 сәуірі күні Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккен, взвод командирі, лейтенат әрі Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов сынды т.б. белгілі адамдар осы мектеп-интернатта жатып оқып, білім алған. Ескінің көзін бүгінге дәріптейтін мемориалды тақтадағы мына жазу осы деректі айғақтап тұр: «Бұл үйде 1932-1939 жылдары Ұлы Отан соғысының ардагері, даңқты жерлесіміз, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев дәріс алып, тәрбиеленген».

Тағы бір тарихи дерек көзі нұрлы жолды Нұра мен еңсесі биік Есілдің қақ ортасында жатқан Тайтөбенің үстіне салынған қамалдың Ақмола атануы ғұндардың тілімен тікелей байланысты болған деседі. Ғұндардың тілінде ақ сөзі – батыс, мола сөзі – қамал ұғымын танытып, Ақмола атауы – «Батыс қамал» деген мағынаны білдіреді деген болжамдар айтылып жүр. Византия ғалымы Прокопидің осы дерегі 1939 жылы «Вестник древней истории» журналында басылып шыққанын алға тартып жүрген де зерттеуші мамандар.

Талмас талап пен асқан қайратқа күш бітірген сөз-қаруының сыры мен қырына тереңірек үңіліп, жіті зерттеп келе жатқан сан қырлы ғалымдарымыздың бір шоғырын мысал етіп айтуымызға негіз бар. Осы ойымызға дәйекті бір мысал, ҚР ҰҒА академигі Манаш Қозыбаевтың мына бір құнды дерегі: «Біз бабасының ерлігін баласына үлгі тұтқан халықпыз. Оқырман қауымның қажетіне жарар деп, бұл сөздерді қағазға түртіп алып едім. Толық мәтіні былай: «Патша өкіметінен түңілген халық тығырыққа тірелді. «Шешінген судан тайынбас» деп тәуекелге бел байлаған ел оның басшылары құрылтай шақыруды жөн көрді. 1916 жылы қараша айының 27 күні Жалдама өзенінің бойында 13 болыстың өкілдері жиналды. Құрылтай маусым жарлығына қарсы көтерілген халық шешімін мақұлдады.

«Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деп халық айтқандай, алты болыс арғын, алты болыс қыпшақ, бір болыс найман елін басқаратын хан сайлауды мақұлдайды. Ел басына күн туған кезде батылдығымен, парасаттылығымен, пайымдылығымен, әділдігімен көзге түскен, ертеден-ақ елге танымал Әбдіғапар есімі жеке, дара аталды. Құрылтай осымен ата дәстүрін де бір сәт еске алды.

Абылай дәуірінде қыпшақ тайпасына көсем болып, би аталған Ниязды Абылай хан дәрежесінде ұстаған-ды. Сондықтан да қыпшақ өңірі Ниязды «хан» деп атап кеткен. Әбдіғапар, міне, осы Нияз бидің–Нияз ханның ұрпағы еді.Әбдіғапардың әкесі Жанбосын елде ерте есейіп, ауылдағы ақсақалдардың қарасақалды ағасы атанған жан болатын. Оның үстіне Әбдіғапар қыпшақтардың Тілеулі атасынан өрбіген, өскен тұқым, үш мың түтінді іргелі елдің өкілі».

Бұл тарихи дерекке біздің қосарымыз,1916 жылы 26 қарашада Нияз бидің ұрпағы ортақ басшы ретінде Әбдіғапар Жанбосынұлы хан болып сайланғанда: «Мен төре тұқымынан емеспін. Сондықтан мені «әмір» деп атаңдар» деген сөзінің тарихта қалғаны бар.

Міне, сіз бен біздің ойымызды қосып, жүйелі бір әңгіменің төңірегіне біріктірген тарихтың түйіні – батыр бабаларымыз бен оларды қолдаған би, шешендеріміздің татулығы туралы. Өрісті әңгіменің өресі биік. Биыл тарих қойнауында жатқан қазақ халқының ерен ерлігін көрсеткен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 101 жыл толды. Бір ғасырдың биігінен сөйлеген бұл қанды қырғын мыңдаған, он мыңдаған қазақтың өмірін жұтса да, олардың рухын өлтіре алмады. Тарихқа қиянат жасағысы келген қорқаулардың табанына шоқ басып, маңдайына от қарып, туған жерін қорғап қалды. Ұлы бабаларымыздың ұлағатты өмірімен сабақтасқан ерлік істері бүгінге аңыз-әпсана болып, халық жадында, ел қазынасында мәңгіге сақталып қалды. Біздің туған жердің сан қиырының бірінде мүлгіп жатқан Тайтөбе жеріне саяхат жасап, сапар шегуіміздің де бір сыры – туған жер, өскен елдің тарихына деген құрметтен туған тағзым.

Қазақ – табиғатынан талантты халық. Түйенің қомында, жылқының жалында өмір сүрсе де, өзінің ұлттық өнерінің тегін жоғалтпаған. Қанша жерден қара дауыл соқса да тіккен жерінен қозғалмайтын киіз үй қасиетінің бойы тұнып тұрған арифметика, яғни ғылыммен үндесіп жатқан құнарлы дүние. Сол дөңгелек пішінді 12 қанат киіз үйдің пішінімен салынған Нияз бидің ескі моласы көне тарих белгісіндей болғанын көне көздер айтып кетіпті. Ілгері жылжыған уақыттың кейінгі көшінде қалған ғасыр дауысы атақты бидің ескі кесенесімен бірге құмға жұтылып кеткендей. Бұл – табиғи заңдылық та! Көненің жоғалып, жаңаның жаңғыруы – бүгінгі күннің ең бір ғажайып суреті.

Ақмола атауы дәл осы жердегі Нияз бидің басында орнатылған ақ моладан шыққан. Ресей патшасының жарлығымен 1868 жылы бекітілген Ақмоланың төлтаңбасында Нияз бидің ақ кесенесі ақ күмістен, оның үстіне орнатылған Ай таза алтыннан қондырылған. Осы ескерткіш тақтадағы деректер академик Манаш Қозыбаевтың тарихи еңбектері мен Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 7-томында жазылған.
Нияз бидің бұл ақ кесенесін Ақмолда Қамзаұлы бастаған Нияз бидің ұрпақтары 2009 жылы 22 тамызда орнатып, бабаларының әруағына Құран оқытып, ас берді. Ақ кесененің жобасын жасаған Қабден Әбдіғапар. Нияз би туралы деректерді жинап, зерттеген Мақсұтбек Сүлеймен.

Ескі тарихтың бітеліп қалған бұлақ көзі бүгін ашылғандай. Тайтөбенің басына жиналған ағайын-жұртпен бірге Нияз атаның әруағына арнап, Құран бағыштаған соң, ел ішіне ендік. Мақсатымыз – ел аузында жүрген дәйекті әңгімелерді тыңдау.

Бүгін бір өзгеше күн. Мамыр айының мамыражай шуағы көңіліңді көтеріп, бойыңды сергітеді. Қасиетті жердің қара топырағының астынан тұлабойыңа енген жылулық мейірбан көңілдің бұлақ көзінен төгіліп жатқан ақ шуақ іспетті. Таза ауамен тыныс­таған сайын сарайың ашылып, тылсым дүниенің құшағына еніп, жұмбақ сырына үңіле түсесің. Бұл да адам жанының өмірге деген іңкәрлігі мен ынтызарлығынан туған құлшыныс.

Ауылдың ара-арасымен өтіп, арнасын қуа берсеңіз, тарихтың бір шетін шығарады да отырады. Жай тарих емес, бірі-бірімен үндескен, бір-бірімен сөйлескен, жалғасқан тарихтың тағылымды әңгімесін айтады. Кейде есіңе түспей тұрған оқиғаның өзі бір тарихпен байланыста болып, өзегі көрініп жатады. «Бар жоғалып кетпейді, жоқтан бар пайда болмайды» деген қағиданың мәні осы жерде ашылады. Міне, тарих тұнған ауылдың ескі жәдігері – мектеп үйі тұр. Ұлылар мен ұлықтардың көзіндей болған бұл үйде жүз жылдың тарихы бар. Түрі мен сипатында ескі дәуірдің өрнегі бар. Оған іргелес екі шағындау үйде интернат орналасқан. Бүгінгі төрт бөлмелі үйдің аумағын алып жатқан ескі мектепте отырықшы елдің балалары оқып, сауат ашыпты. Қазақтың маңда­йына біткен марғасқалары мен жолбарыс жүректі батырлары осы бір елеусіздеу шеткері қалған ауылдағы мектептің түлектері дегенге біреу сенсе, біреу сенбес.

1945 жылдың 30 сәуірі күні Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккен, взвод командирі, лейтенат әрі Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов сынды т.б. белгілі адамдар осы мектеп-интернатта жатып оқып, білім алған. Ескінің көзін бүгінге дәріптейтін мемориалды тақтадағы мына жазу осы деректі айғақтап тұр: «Бұл үйде 1932-1939 жылдары Ұлы Отан соғысының ардагері, даңқты жерлесіміз, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев дәріс алып, тәрбиеленген».

Бір айта кетерлік жайт, осы мектепте директорлық қызмет атқарған, тарих ғылымдарының кандидаты Жақыпбек Мағзұмұлы Ысқақов – жоғарыда аты аталған қазақтың игі жақсыларын оқытып, тәлім-тәрбие берген ұлағатты ұстаз. Шәкірті Рақымжан Қошқарбаевпен өткен ғасырдың 50-60 жылдары арасында жақсы байланыста болыпты. Ол кезде Халық қаһарманы Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйі­нің директоры қызметінде екен.

Кілең мықтыларға сабақ берген Ысқақов жай адам емес, өмірін ғылым саласына арнаған абзал азамат. Алматыдан кандидаттық диссертациясын қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атанған азамат 1937 жылы Тайтөбе мектебінде директор болып қызмет жасаған. Сол уақытта болашақ қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев 6-класта оқиды екен. Өмір мектебі үлкен ұстаздың өмірінде бұдан басқа да қызықты, әрі ірі тарихи оқиғаларға толы. Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысқан Ысқақов сұрапыл аяқталған соң, сол өзі әскери міндетін атқарған жерде қызметке қалады. 1948 жылдың қазан айында сексен мың адамның өмірін жалмап кеткен Ашхабад қаласындағы жер сілкінісінің куәгері. Түрікмен халқының басына түскен зілзалада қолынан келгенше зардап шеккендерге көмектескен.

Жақыпбек Ысқақов 1951 жылы Калинин атындағы Ленингрдатың әскери педагогикалық институтына түсіп, 1954 жылы бітіреді. Өмір жолы оны Стерлитамак, Орынбор қаласына алып келеді. Сол жерде ұшқыштар дайындайтын училищеде ұстаз болып, КСРО тұңғыш ғарышкері Юрий Гагаринді оқытады. Сол бір көңіліне ыстық, өзінің ғұмырбаянымен бірге өрілген жылдарды еске түсірген ұстаз Гагариннің ұқыпты, еңбекқор шәкірт болғандығын айтады. Тарихта аты қалған осындай есімі елге кеңінен таныс азаматтарға ұстаз болған ғалымның туған жері де осы Тайтөбе болатын. Оның туыстары Балтабай мен Балғабай – бүгінде елге есімі белгілі азаматтар. Тайтөбенің шаңырағында туып, түлеп ұшқан жандар – осы өлкеден шыққан белгілі адамдардың жоқтаушысы, елдік мүддесі ауқымды шаруалардың қақ ортасында жүрген еңселі азаматтар.

Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасында әр адамның кіндік қаны тамған қасиетті мекені жайында парасатты сөз қозғалған. Әр өңірдің өз шежіресі бар. Елорданың іргесіндегі Тайтөбенің тарихы көне замандардан сыр тартады. Талай тұғырлы тұлғалар дүниеге келген жердің қасиетін әлі жіті түсініп болған жоқпыз. Бүгінгі әсем бас шаһардың тарихы да Тайтөбеден басталады.

Тарих парағында аты қалған Нияз бидің сүйегінің қасиетті Тайтөбеде жерленгенін, дөң басындағы ақ үйіндінің Ақмола аталуының себебін Рақымжан Қошқарбаев көзі тірісінде растап, 1978 жылы өзі жазған «Жеңіс жалауы» атты кітабында айтып кеткен. Тайтөбенің көше атауларында ерекше мән бар. Бейне бір кісі есімдерінің галереясы іспеттес. Тарихтың тағылымды беттерінен орын алған Батыр Баян, Біржан сал, Кенесары, Құрманғазы, Қасым Аманжолов, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Жүсіпбек Аймауытов, Ғабит Мүсірепов сынды елге белгілі есімдер. Міне, осы бір ғибратты көріністен-ақ, ұлыларды ұлықтаудың өзі ұлт үшін жасалған үлкен абыройлы қызмет екендігін көруге болады.

Айналасы қалың орманмен қоршалып, өзен жағалай орналасқан Тайтөбе шипажайының өзі ел игілігі үшін қызмет жасап тұрған айтулы мекеме. Демалушыларға жақсы жағдай жасалып, жыл бойы демалуға мүмкіндік қарастырылған. 2015 жылы Астана қаласының ардагерлері осында демалып, Тайтөбенің тарихымен танысып, өздерінің талабына сай ұйымдас­тырылған шараларға куә болғаны бар.

Сан ғасырлық тарихтан сыр шертетін шағын ауылдың бүгінгі бет-бейнесіне көз тойып, көңіл қуанады. Сөз соңында ұлттың болашағы – жастарды тәрбиелеуде үлкенді-кішілі шаруаларды ұйымдастырып, елдік істерде белсенділік танытып жүрген ауыл азаматтарына ризашылығымды білдірдім. Бұл жерден еліміздің атын шығаратын талай Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов сынды ұрпақтар дүниеге келер деген үмітім бар.

Тайтөбе – шоқы болса да шоқтығы биік қасиетті мекен. Үркердің шоғырындай болса да үлкен жүректі ерлер шыққан бұл жерден. Ерлер – ел үміті. Үміттің сапары сәтті, қадамы құтты болғай!…

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button