Қоғам

ҚОЯНДЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ – ТАРИХ, «ЭКСПО» – АҚИҚАТ

Апта басында Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында Қарағанды облысының мәдени күндері басталды. Өндірісті өлкеден елордаға аймақ басшысы Ерлан Қошанов бастаған 1500-ге тарта адам келді. Сейсенбіде «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде облыс күндерінің ашылу салтанаты өтіп, үлкен думанға ұласты.

Лондондағы атақты Гайд-паркте өткен тарихтағы алғашқы «ЭКСПО» көрмесінен үш жыл бұрын Қарқаралы жерінде Қоянды жәрмеңкесі ашылып, өткен ғасырдың отызыншы жылына дейін дүрілдеді. Қарағандылық өнер ұжымдары сол жәрмеңкені жаңғыртып, жиналған қауымға оның мерекелік атмосферасын сезіндіре білді.

Кезінде бұл жәрмеңкеде Біржан салдан бастап, күй тәңірісі – Тәттімбет, Майра Уәлиқызы сынды дүлдүл өнерпаздар өнер көрсетті. Солардың қазіргі ізіндей әнші Сержан Мұсайын «Базарың құтты болсын, ардақты елім, Қоянды ту көтерген думан жерім» деп шырқатып, халықтың көңілін бір көтеріп тас­тады.

– Қоянды жәрмеңкесі тарих болса, «ЭКСПО-2017» көрмесі – бүгінгі күннің ақиқаты, еліміздің ерен жемісі, бүкіл әлемді аузына қаратқан Елбасының тарихи шешімі, бастамасы. Елбасы еңбек жолын бастаған Қарағанды өңірі Президентімізді бірінші болып қолдап отырады. «ЭКСПО» басталғалы үш айдың ішінде 200 мыңнан астам қарағандылық көрмені тамашалады. Қарағанды – Қазақстанның индустриялық орталығы ғана емес, өнері өрге жүзген, рухы биік аймақ. Өңірде талай дүлдүл өнерпаздар, тарихи тұлғалар өткен. Солардың бүгінгі жалғасы – танымал әртістерді, суретшілер, қол өнер шеберлері, спортшыларды әкеліп отырмыз, – деді Ерлан Қошанов.

Сол күні «Этноауылдан» қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, осы мәртебелі атаққа ие Мұхтар Алтынбаев сияқты батырлар, кешегі әйгілі әнші және даңқты спортшы, Олимпиада чемпионы, бүгінгі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бекболат Тілеухан мен Серік Сәпиев, Қарағанды өңірінен шыққан өзге де белгілі тұлғалар табылды.

Сахнада Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина ән салып, «Ұлытау» тобы музыкалық композицияларды бебеулетті. «Қымыз» және «Бауырсақ» фес­тивальдері ұйымдастырылды. «Өнер көзі – халықта» атты мерекелік фольклорлық бағдарлама шеңберінде Ақтоғай ауданының «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблі, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» ансамблі, Қарқаралы ауданының «Салтанат» халық ансамблі, жаңаарқалық «Назқоңыр», Бұқар жырау ауданының «Ботақара баурайында» ансамблі халықтың көңілін көтерді.

«Бәйтерек» алаңы мен қаланың орталық алаңында Қарағанды, Балқаш, Жезқазған қалаларының өнерпаздары ән-күйді шалқытты. Қаллеки театрында С.Сейфуллин атындағы облыстық драма театры М.Әуезовтің «Қарагөз» спектаклін қойды. Бүгін аталмыш мәдени ошақтан осы өнер ұжымының «Айман–Шолпан» қойылымын және «Астана» концерт залынан «Қарағанды облысының мәдениеті мен өнері» көрмесін тамашалай аласыздар.
Бұған қоса, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған сазды-драма театры, К.Станиславский атындағы орыс драма театры, академиялық музыкалық комедия театры өз қойылымдарымен келді.

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қарағанды қаламгерлерімен кездесу және кітап ошағына облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Сарыарқа кітапханасы» сериясының 100 томдығы, Әлихан Бөкейханның шығармалар жинағы, «Қаз дауысты Қазыбек би» атты екі томдық басылымды сыйға тарту рәсімі өтті. Оның барысында сөз алған Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов осы өңірден шыққан көрнекті ақын-жазушылардың есімдерін жаңғыртып, таяуда Қазыбек бидің 350 жылдығы дүркіреп тойланғанын еске салды. Биді ұлықтау шарасы осымен аяқталмай, әлі де жалғасатынын, соның ішінде деректі фильм түсіріліп, ғылыми-практикалық конференция өтетінін жеткізді.

Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, арқалы ақын Серік Ақсұңқарұлы «Сарыарқа кітапханасы» сериясын дайындау барысымен таныстырып, қазаққа ортақ тұлғаларды бір аймаққа ғана телу, олардың мерейтойларын туған жерлерінде ғана тойлау үрдіске айналғаны, бұл дұрыс еместігі, елдік деңгейде Астанада аталу керектігі жөнінде мағыналы әңгіме өрбітті.

Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл облыста руханият саласында атқарылып отырған оң істерге тоқталып, жастарға қаламгерлерді таныту мақсатында өңірдің оқу орындарында «Сарыарқа кітапханасы» сериясы бойынша курс ашуды ұсынып, Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасы аясында зиялы қауымға аймақты аралауға жағдай жасалса, соған атсалысуға дайын екенін жеткізді.Бұл өте жақсы ұсыныс екенін айтқан облыс басшысы аймақта киелі жерлер өте көп екенін, соларды аралауға, өзгелерге де аралатуға ықыласты екенін, бұл бойынша жұмыстар қолға алынатынын сендірді.

Сондай-ақ, кеше ЭКСПО қалашығындағы амфитеатрда гала-концерт өтті. Оған Мақпал Жүнісова, Бекболат Тілеухан, Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина, «Ұлытау» тобы, Болат Құсайынов, Жәмила Баспақова, Ерлан Көкеев және «К7» тобы, Жан Тапин, Қайрат Баекенов және «Формат» тобы қатысты.

Қарағанды облысының мәдени күндері апта аяғы, 9 қыркүйекке дейін жалғасады. Соның аясында әлі де түрлі концерттер, спорттық ойындар ұйымдастырылады. Бір сөзбен айтқанда, өңір өнерпаздарының астаналықтарға және қала қонақтарына ұсынар қызығы көп.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button