Жаңалықтар

Түлектер үшін басты сынақ басталды

bilde

Бүгін елордалық мектеп бітірушілер ҰБТ тапсырады. Осыған орай, қалалық Білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Ботагөз Жүнісовамен жолығып, әңгімелескен едік. 

– Сындарлы сынаққа биыл қанша түлек қатысқалы отыр?

– Биылғы оқу жылында мектеп бітіргелі отырған 4407 түлектің 3554-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу жылдағы дәстүр бойынша 2, 4, 6 маусым күндері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде және 3, 5 маусым күндері Қазақ гуманитарлық заң университетінде өтеді.

– Тестілеу ашық әрі жариялы түрде өту үшін ҰБТ пункттері дайын ба?

– Иә, тест тапсыруға дайындық кезеңінде жоғары сынып оқушыларының да, ата-аналардың да қатты мазасызданатыны белгілі. Өйткені, жасөспірімнің болашақ өмірі, кәсіби білім алу деңгейі, тіпті, оның келешегі және әлеуметтік жетістігі де ҰБТ нәтижесіне тікелей қатысты. Бұл зор психологиялық күш тудырады, стрестік жағдайға алып келеді. Ал мұның бәрі сынақ тапсыру сапасына әсер етпеуі тиіс. Осыған байланысты ұлттық бірыңғай тестілеудің ашық әрі жариялы түрде өтуі үшін барлық тестілеу пункттер қажетті заттармен жарақтандырылды. Қала әкімінің орынбасары Е.Аманшаевтың, басқа да басқарма басшыларының қатысуымен өткізілген көшпелі мәжілістің нәтижесінде бүгінде барлық пункттер жұмыс істеуге сақадай сай.

– Биылғы тестілеуді өткізу тәртібінде өзгерістер бар ма?

– ҰБТ-ның жалпы өткізілу форматы өзгеріссіз қалып отыр. Биыл түлектердің тестілеу барысында тәртіп бұзушылықтарға жол беріп, басқа да әртүрлі себептермен аудиториядан шығарылуына көбірек көңіл бөлінетін болады. Осыған орай, мектеп пен облыстардың рейтингін есептеу барысында орташа ұпай сана ғана емес, тестілеуге қанша баланың қатысқаны да, яғни, әртүрлі себептермен тестілеу тапсырудан босатылған балалардың саны және тестілеуге қатысқандардың саны ескерілетін болады. Сондай-ақ, Білім министрлігінің «ҰБТ өткізу тәртібі туралы» Ережесінің 48-тармағына өзгеріс енгізілді. Бұл ретте жалпы білім беру пәндері бойынша аттестатқа мектеп бітірушінің жылдық бағасы ескеріле отырып, орташа арифметикалық баға қойылады. Аттестаттағы баға өзгергенімен, сертификат сол күйінде қалады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу бес пән бо­йынша, яғни, оқу тіліне қарай қазақ тілі немесе орыс тілі, математика, Қазақстан тарихы және таңдау пәндерінен қабылданады. Тест тапсырмаларының барлығы мектеп бағдарламасына негізделіп құрастырылады.

2015 жылдан ҰБТ-ны жақсарту шаралы қолданылуда, яғни, тестілеу барысында әділ түрде тапсыруға ынталанып, сыбайлас жемқорлық схемасын, тыйым салынған заттарды пайдаланбау мақсатында, аттестаттарға ҰБТ нәтижесі бойынша ортаарифметикалық баға мен жылдық баға қойылады. Түлектердің адал бағалары ғана ҰБТ кезінде нөлдік нәтиже көрсетпеуіне және ағымдағы жылда жоғары оқу орындарына түспей қалуынан құтқарады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button