Мәдениет

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖЫЛ ӘРТІСІ КІМ БОЛАДЫ?

image29466

Елордада 4-5 маусымда айтулы музыкалық мереке өтеді. Бейсенбі күні «Астана-Арена» стадионының алдында Ресейдің және Қазақстанның танымал әншілерінің қатысуымен үлкен концерт, ал жұма күні стадион ғимаратында «Муз-ТВ – 2015. Гравитация» сыйлығын тапсыру рәсімі ұйымдастырылады.

Аталмыш рәсім тарихы 2003 жылдан бас­тау алады. Содан бері Мәскеу қаласындағы «Олимпийский» спорт кешенінде өтіп келе жатқан бұл шара биыл тұңғыш рет Қазақстанның бас қаласында ұйымдастырылады. Оған көрші елден белгілі музыканттар, спортшылар, мәдениет саласының майталмандары жиналады. Жалпы алғанда, елордаға қарапайым көрермендерді қосқанда мыңға жуық қонақ келеді.
«Үздік орындаушы (ер адам)» аталымында Филипп Киркоров, Дима Билан, Сергей Лазарев, Григорий Лепс пен Валерий Меладзе сынды әншілер топқа түсіп отыр. Ал, үздік әнші әйел атану үшін Ани Лорак, Нюша, Полина Гагарина, Вера Брежнева мен Елка бәсекелеседі. Музыкалық топтардың арасында «БандЭрос», Ресей эстрасында өзін мойындатқан «А-Студио», «Дискотека авария», «Градусы» мен «Серебро» ұжымдары қайсы мықты екенін анықтайды. Әнсүйер қауым өзге де аталымдарда өнер додасына кірген белгілі топтар мен әншілерді көре алады.
Барлығы он бес аталымның арасына биыл алғашқы мәрте «Үздік қазақстандық жыл әртісі» аталымы қосылып отыр. Бұл атақты иелену үшін былтыр «Turkvision» байқауына қатысып, еліміздің мерейін асырған Жанар Дұғалова, соңынан талай шу мен дуды ертсе де, шығармашылығын өрге жүздірген Қайрат Нұртас, басқа әншілерімізге қарағанда бой-тұлғасы ерек Нұрлан Абдуллин, кәріге де, жасқа да сүйкімді «МузАрт» тобы және соңғы жылдары эстрада көгінде жұлдызы жанған Әли Оқапов бақ сынайды.
Енді аз-кем осы қазақстандық жұлдыздарға тоқталайық. Жанар Дұғалова бала кезінде өзі қатысқан «Әнші балапан» байқауынан қанаттанды. Бой жеткенде продюсер Баян Есентаеваның назарына ілігіп, «Кешью» тобына шақырылды. Топтан кеткеннен соң жеке шығармашылығына ден қойды. Әншілігімен қатар композиторлық және ақындық қырлары бар. Бұл жағынан нағашысы белгілі ақын Иран Ғайыпқа тартқандай. Ең үлкен жеңіске, атап көрсеткеніміздей, «Turkvision» байқауында жетті.
Нұрлан Абдуллинің сахнада жүргеніне біраз жылға жуықтады. Әзіл-қалжыңға жақын әнші осыдан жиырма екі жыл бұрын Алматыда өткен сатира және юмор байқауының лауреаты атанған. Әншілік өнермен қоса қайырымдылықпен айналысады. Мәселен, «Парыз» қайырымдылық қорының президенті ретінде денсаулығында кінәраты бар балалар еміне қол ұшын созып отырады.
Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев және Кенжебек Жанәбілов, барлығын қосқанда «МузАрт» тобының репертуарындағы отаншылдыққа шақыратын және лирикалық әндерді еңкейген қария мен еңбектеген балаға дейін сүйіп тыңдайды. Олардың шығармашылығы жайлы біраз нәрсе айтуға болады. Бір байқағанымызды ғана айтайық – «МузАрт» елордада өтетін айтулы мерекелерге арналған концерттерге үнемі қатысады.
Қайрат Нұртас пен Әли Оқапов бір сахнада жүргенімен қатар оларға ортақ бір жайт бар. Қайрат өз анасы Гүлзира Айдарбекованың жетелеуімен әншілік өнерге бет бұрса, Әлидың анасы – эстрада жұлдызы Роза Рымбаева. Әлидың жетістіктерін де көпшілігі анасының танымалдығымен байланыстырады. Ә. Оқаповтың өзі де өзін әнші емес, музыкант ретінде сезінетінін айтады.
Не десек те, «Муз-ТВ» арнасының бас директоры Арман Дәулетияровтың айтуынша, музыка мамандарының таңдауы осы әншілерге түскен. Ал, «Үздік қазақстандық жыл әртісі» 5 маусым күні анықталады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button