Қала мен Сала

Тұрғындар тілегі ескеріледі

Биыл наурыз айында елордалық қоғамдық кеңестің өкілеттігі өз мәресіне жетпек. Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес үш жыл ішінде үлкен шаруа атқарған екінші құрам қызметін тәмамдайды. 2019 жылы өз жұмысын бастаған ұйым бүгінгі күнге дейін бірталай іске бастамашы болып, билік пен бұқараның ортасына алтын көпір бола білді.

[smartslider3 slider=2254]

 

Қоғамдық кеңес ішінен 3 комиссия құрылып, ірі-­ұсақты жұмыстарға араласып, түрлі бағыттағы тіршілікке үн қосып отырды. Кеңес құрылғаннан бастап 58 отырыс өткен. Ол отырыстарда 234 мәселе көтерілген. Оның 198-і нормативтік құқықтық акт болса, 27-і – күн тәртібіндегі мәселелер. Басқосуларда ауқымды алуан мәселелер қаралып, тиісті ұсыныстар мен пікірлер айтылған. Бірінші басшылардың есептері тыңдалып, тұрғындар тілегі ескерілмейтін шешімдерді қайта қарап, тиімді келісімдер жасаған. Қоғамдық мониторинг жүргізу барысында көптеген түйткілдер анықталып, кеңес мәжілісінде тұрғындардың титығына тиетін жағдайлар талқыға салынған.

Сонымен қатар үш жылдың бедерінде қоғамдық кеңес тарапынан көшпелі отырыс ұйымдастырылған. Бірнеше орындарға барып, кәсіптік және қосымша білім беру мәселелері әңгіме болып, қаланың бас даму жоспарына ұсыныстар енгізілді. Ақылы автотұрақтар мен оны енгізу механизмі де қоғамдық кеңестің қызу талқысынан өтіп, тар көшелерде және кейбір орындарда паркомат орнатпау туралы шешім қабылданған.

Елорда халқына қажетті әрі ынтасын тудыратын әрбір мәселеге ерекше мән беріліп, ұдайы назарда ұсталды. Соның бірі – қала әкімі А.Көлгіновтің, мәслихат депутаттарының, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындарының қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласының шеткі аумақтарындағы тұрғын алаптарының дамуы мен жағдайы сөз болған алқалы жиын. Осы жиында аудан әкімдері атқарылған жұмыс­тардың жайымен таныстырып, жоспарларын баян етті. Тұрғындар пікірі тыңдалып, өзекті сұрақтар ортаға салынды. Әлеуметтік нысандар және инфрақұрылым жағдайы­на, құрылыс нысандарын салу барысына қоғамдық бақылау жүргізіліп отырды.

Одан бөлек, қоғамдық кеңес мүшелері қала бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару, қайта өңдеу, кәдеге жарату мен көму тарифін қызу талқылады. Бірқатары полигонда қоқысты қайта өңдеу зауытына барып, басшылықпен дөңгелек үстел басында кездесті. Соның нәтижесінде қолайлы тариф бекітілгенін атап өткен жөн.

Қоғамдық көліктерде қолма-қол ақысыз жолақы төлеу тәсілін енгізу де өз септігін тигізді. Бір ай бойы кеңес мүшелері автобустарға мініп, бұл әдістің тиімді тұстарын түсіндірді. Онымен қоса қолма-қол ақша төлеу құнын төмендетуге қол жеткізді. Одан бөлек, қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан «Бюджетке қатысу» жобасын жүзеге асырылуына қоғамдық мониторинг жасалған. Соның қорытындысы бойынша Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратында дөңгелек үстел өтіп, белсенді азаматтар тұрғын үй иелерімен пікір алмасты.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатқанда, үш жыл ішінде ауыз толтырып айтарлық жұмыстар істелді. Тіпті екі өкпеден қысқан пандемия кезінде де кеңестің қызметі белсенді болды. Жуырда қоғамдық кеңестің төрағасы Сансызбай Есілов қорытынды жиын өткізіп, иық тіресіп, әрекет еткен әріптестеріне алғыс білдірді. Сонымен қатар басқармалардың бастамаларына келісім беріп, ұсыныстарды ескеру керектігін ескертті.

Байжан ЕМБЕРДІ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button