Қала мен Сала

Ерекше балаларға көмек

Елордада «Болашақ» корпоративтік қоры «Ерекше балалар. Мінез-құлықты қолданбалы талдауға (АВА) кіріспе: проблемалы мінез-құлықты түзету қағидалары мен аутизм спектріндегі бұзылыстар және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларды үйрету стратегиялары» кітабының тұсаукесерін өткізді. Бұл – «Особые дети. Введение в прикладной анализ поведения (АВА): принципы коррекции проблемного поведения и стратегии обучения детей с расстройствами аутистического спектра и другими особенностями развития» кітабының қазақ тіліне аудармасы. Кітапты «Болашақ» қоры «Шеврон» компания бірлесіп аударған. Авторлары – сертификатталған мінез-құлық талдаушылары Юлия Эрц пен Ольга Мелешкевич. Олар АҚШ, Израиль, Ресей, Украина, Грузия, Қазақстан және т.б. елдердегі мінез-құлық мамандарының тәжірибесіне жетекшілік етеді.

[smartslider3 slider=2255]

 

Кітапта мінез-құлықты қолданбалы талдаудың (ABA терапиясы) негізгі қағидалары, баладағы мінез-құлықты түзету әдістері егжей-тегжейлі жазылған. Сондай-ақ дамуында ерекшеліктері бар балаға дағдыларды үйрету стратегиялары сипатталған.

Іс-шараға «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан, «Шеврон» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Жанар Кошпанова, арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры ­Әйгерім Күдеринова, сондай-ақ өңірлерден мамандар мен ата-аналар қатысты. Кітап авторлары Юлия Эрц пен Юлия Мелешкевич бейнеүндеу арқылы кітаптың маңызына тоқталды. Шарадан соң қор мамандары мен ерекше балалардың ата-аналары үшін бір күндік семинар өткізді.

«Аутизмге шалдыққан балалар – ерекше білім беруді қажет ететін балалардың арасындағы ең күрделі санаттарының бірі. Аутизм және аутистік белгілері бар балалар басқалармен қарым-қатынас жасай алмауы, күнделікті тапсырмаларды орындай алмауы мүмкін. Дегенмен, дер кезінде дұрыс қарым-қатынас жасап, тілін таба білген жағдайда олар тез үйренеді. Мұндай балаларды жалпы ортада оқытса, дағдылары айтарлықтай жақсы қалыптасады. Бұл кітап бірінші кезекте ата-аналар және осы саладағы педагогтарға өте пайдалы болмақ. «Шеврон» компаниясы кітапты аударуға демеушілік жасады. Осындай айтулы іске қолдау көрсеткені үшін алғысымыз­ды білдіреміз. Бүгінде біз инклюзия саласындағы қазақ тіліндегі сапалы әдебиет пайда болуының негізін қалап отырмыз. Қор бұл бағыттағы жұмысын жалғастырады. Қазіргі уақытта біз ерекше қажеттіліктері бар баланың дағдыларын бағалауға арналған ABLLS-R құралын ағылшын тілінен қазақ тіліне аударумен айналысып жатырмыз» деді «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

«Шеврон» компаниясы кітапты аударуға ғана емес, кітаптың 3000 данасын тегін таратуға да демеушілік етті. «Елімізде ерекше қажеттіліктері бар және мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артып келеді. Сондықтан «Шеврон» компаниясы «Болашақ» қорымен бірлесе отырып, бұл кітапты қазақ тіліне аударуға қолдау көрсетуге шешім қабылдады. Бұл кітап инклюзивті білім беру саласын ілгерілетуге және дамуында ерекшеліктері бар балалар үшін тең мүмкіндіктер қоғамын құруға елеулі үлес қосады деп сенеміз» деді «Шеврон» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Жанар Кошпанова.

Қазіргі таңда «Болашақ» қоры қазақ тілді мамандарға ерекше балалармен жұмыс­тың тиімділігін арттыру үшін жағдай жасап отыр. Мәселен, еліміздегі осы салада жұмыс істейтін педагог мамандарды шетелдік мінез-құлық сарапшыларынан тұрақты түрде оқытып, супервизиядан өткізіп тұрады. Сондай-ақ ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандар үшін «Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды мінез-құлқына қолданбалы талдау әдістерін пайдалана отырып психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу (АВА-терапия)» атты бірегей біліктілікті арттыру курсын іске қосты.

2015 жылдан бастап «Болашақ» қоры инклюзивті білім беруді дамыту бойынша «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба аясында қор бүкіл Қазақстан бойынша балабақшалар мен мектептерде 46 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктер бар 600-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды. Бұл кітап та осы жоба аясында жүезеге асырылып отыр. Кітаптың осы таралымы ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтерге, білім беру, денсаулық сақтау, әлеу­меттік қорғау мамандарына тегін беріледі. Сонымен қатар кітап жоғары оқу орындарының арнайы педагогика және психология кафедраларына, сондай-ақ еліміздің кітапханаларына тарту етіледі.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button