Қала тіршілігі

Түтін неге тұмшалап тұрады?

Аязды күндері қаланы қою түтін тұмшалап тұрады. Бұл проблеманың қозғалғанына да біраз уақыт болды. Қазір осы мәселені шешу жөнінде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын қозғауды жөн көрдік.

Рас, Астанада мұндай жағ­дайдың орнауына тұрғындардың көмір жағып, үй жылытуы бас­ты себеп болып отыр. Әсіресе, Оңтүстік-Шығыс шағын ауданынан өткен адам «қайнаған ортасына» түсіп кеткендей әсерде қалады. Жақында қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы қою түтіннің пайда болуын былайша түсіндірді: «Оның себебі ауа райының қолайсыздығы, яғни желсіз тұман және жер үйлердің көмір жағуы» делінген хабарламада. Бұл мәселе өткен жылы да қала әкімдігіндегі жиындардың бірінде қозғалған.
– Желсіз күні ауада жағылған отынның иісі сезіледі. Бұған көмір жаққанда түзілетін күл себеп, оны адам ағзасы автокөлік газынан гөрі жақсы сезінеді. Біздің бақылауымызша, қатты отынды пайдалану кезінде ластаушы заттардың ең көп мөлшері әсіресе желсіз күндері сезіледі, – деп мәлім еткен Энергетика министрлігі Астана қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Абзал Егембердиев. Дегенмен ол сөз арасында атмосфераға таралатын лас заттардың небәрі 10 пайызы ғана пешпен жылытатын жер үйлердің үлесіне тиетінін жеткізді.
Ал Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осыған дейінгі Үкімет отырыстарының бірінде көк түтіннің көпшілікті мазалап отырғанын айта келіп, көмір жағуды тоқтатуды алға тартқан. Көмір арзан энергия тасымалдау­шы болғанмен, таңдау жасарда адам денсаулығы мен экологияны ойлау керектігін айтып өтті. Ал оның орнына газ тартып, бағасын да қолжетімді етуді, қазір осы бойынша тиісті жобалар жүзеге асырылып жатқанын мәлім еткен.

ҚАЛАҒА ГАЗ ҚОСЫЛАДЫ

Жақында елорда әкімдігі ауаға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайту үшін кешенді шаралар қабылданғаны хабарланды. Осы мақсатта коммуналдық шаруашылықтардың 854 техникасы газға ауыстырылыпты. Ал 14 мыңнан аса жүргізуші өз көліктеріне табиғи газ орнатуға келісім берген. Бұған қоса, қалалық әкімдікте 500 таксиді газға көшіру бойынша меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, қала әкімінің тапсырмасы бойынша «Астана қаласының 2018-2020 жылдарға арналған қоршаған ортаны сауықтыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспары» жасалып бекітілген соң «Астана қаласында газ тарату желілерінің құрылысы және тұрғын алаптары мен жеке секторды табиғи газға ауыстыру бойынша жол картасы» әзірленген. Қазіргі уақытта газдандыру стансасы іске қосылып, оған «Назарбаев Университеті», Ғарыш орталығы академиясы және Қорғаныс министрлігі қосылған екен.

ҮЛКЕН ШАҺАРДАҒЫ ҮЛКЕН ПРОБЛЕМА

Мұндай жағдай іргеміздегі Қытай астанасында да орнығып тұр. 22 миллионға жуық тұрғыны бар қаланың үстіндегі қалың түтін тіпті ғарыштан түсірілген фотолардан да көрінген. Тиісінше жер бетіндегі экологиясы нашар қалалардың бірі – осы. Бейжің ауасының ластануына автокөлік санының артуы ғана емес қала шетіндегі көмір электр стансалары мен қазандықтар да себеп болған. Бұл проблеманың дер кезінде шешілмеуінен ел астанасын ауыс­тыру жайы да қозғалыпты. Алайда соңғы уақытта қала экологиясы дұрыстала бастаған. Оған жылыту маусымында көмірдің орнына электр қуатын пайдалану арқылы қол жеткізіпті. Оң нәтиже берген соң Қытай 2020 жылға дейін көмір пайдалануды 60 пайызға дейін азайтуды жоспарлап отыр. Оған айтарлықтай қаржы жұмсалмақ. Соңғы екі-үш жылдың өзінде осы мақсатта 4,5 млрд доллар жұмсалыпты.
Қорыта айтар болсақ, Астана әкімдігінің қолға алған жос­пары уақыт оздырмай, тезірек жүзеге асуы тиіс. Бұл қаланың қою түтіннен тезірек арылып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасары анық. Кері жағдайда сықырлаған аязы арқылы танылған қала көпшіліктің есінде тұмшаланған қою түтінімен қалып, жоғарыда айтқан Бейжің қаласының қатарына қосылуы әбден мүмкін…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button