#Жаңа Қазақстан

Үлкен үміт күтеміз!



Биыл 20 қарашада өтетін Президент сайлауына денсаулық сақтау саласының қызметкерлері түгел қатысады. Соның ішінде біздің аурухана ұжымында 1300-дей адам еңбек етсе, солардың бәрі сайлауға барады. Бұл туралы күнделікті жиналыста айтып, алдағы сайлаудың еліміздің өміріндегі маңызына тоқталып отырамыз.

Жалпы бұл сайлаудан халқымыз көп үміт күтеді. Әсіресе, денсаулық саласы мамандарының ертеңге деген сенімі мол. Үміткерлер ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасын талқылап, көкейге қонымды көптеген мәселелердің көтерілгеніне көз жеткіздік. Атап айтқанда, бізге бірінші кезекте ұнағаны – ауыл медицинасын көтеру, дәрі-дәрмекті 50 пайыз өз елімізде шығару, дәрігер мамандығының мәртебесін арттыру жайында айтқандары. Соңғы мәселе бойынша жұмыстар басталып кетті қазір. Неге десеңіз, соңғы кездері дәрігерлерді көп жағдайда негізсіз қаралау, шағымдану көбейіп, медицина қызметкерлерінің беделі түсіп кетті. Мың адамды емдеп, бір адам емделмей қалса, соны әлеуметтік желіге жазып жіберіп, соған бәрі аузына келгенін айтып, тіпті ақ халаттыларға қол көтеретіндер де көбейді. Соның салдарынан дәрігер болуды қалайтын жастар азайып барады. Мамандар онсыз да жетіспей жатқанда, одан сайын құрдымға кетіруге болмайды. Сондықтан БАҚ саласы да отқа май құймай, ақ-қараны ажыратып барып жазса, көрсетсе дейміз.

Сонымен қатар онкологиялық емдеу саласын көтереміз деп жатыр. Себебі қазір халықтың өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Соған байланысты, яғни егде жастағы адамдардың саны көбейген сайын онкологиялық аурулар саны да өсетін болады. Тағы бір өзекті мәселе – профилактикалық жұмыстар сапасын арттыру үшін СӨС, яғни салауатты өмір салтын сақтау мәдениетін күшейту. Өйткені, халықтың осы жағынан сауаты кемдеу, көп азаматтар дұрыс тамақтанбай, дер кезінде қаралмай, спортпен айналыспай, жалпы салауатты өмір сүруді дағдыға айналдырмай өмір сүреді. Сосын әбден асқынған кезде келіп, бәріне дәрігерлерді кінәлайды. Ортақ жауапкершілік деген болады. Әркім өз денсаулығына өзі қарап, жауапкершілік алуы керек.  Сондай-ақ ақпараттық жүйені дамытып, есептілікті азайтпақ.

Біздің аурухана үшін тағы бір үлкен жаңалық – мекемемізді қазіргі ескі орнынан Ramada Plaza қонақ үйі ғимаратына көшіретін болды. Қазіргісі – 1957 жылы салынған, бүгінде қабырғасы құлағалы тұрған бұрынғы теміржол ауруханасы ғой. Міне, енді Президенттің тапсырмасымен және қала әкімі Алтай Көлгіновтің қолдау көрсетуімен жаңа ғимаратқа көшеміз. Қазір ол жаққа әкімдік жөндеу жүргізгелі жатыр. Ал жаңа клиника салар болса оған 120-150 млрд теңге қажет болып, оны бірнеше жыл күтуге тура келер еді. Сондықтан  дайына ғимаратқа көшіп, көп ұзамай шетелдегідей биік, заманауи ауруханаға айналамыз. Оның ішін де, қызметтерін де халықаралық деңгейдегі талаптарға сай етеміз.  Себебі біздің халқымыз шетелге бармай-ақ өз елінде тұрып жайлы да жағдайы жасалған жерде ем алуға әбден лайықты. Одан бөлек әкімдік қажетті  техниканы алып береміз деп отыр. Ескі ғимараттың орнын бұзып, ол жерге 250 орындық жаңа перзентхана салмақ. Себебі қала өте жылдам өсіп келеді, бала туу көрсеткіші бойынша бұрынғыға қарағанда жылына мың балаға көп туылатын болды. Осындай іргелі жұмыстар жүргізіп, бізді қолдап жатқан қала әкімдігіне, Мемлекет басшысына алғысымызды білдіреміз. Барша қазақстандықтарды, әріптестерімді алдағы сайлауда лайықты кандидатқа дауыс беруге шақырамын. Біздің саяси белсенділігіміз еліміздің ертеңін жарқын, балаларымыздың болашағын бақытты етуге септік етері сөзсіз.

Жұлдыз Данбаева,

жоғары санатты дәрігер,

№3 қалалық көпбейінді аурухананың директоры

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button