Қоғам

ҮМІТ ОТЫН ӨШІРМЕГЕН «АНА ҮЙІ»

44

Албырт жастықпен қателікке ұрынып, некесіз бала көтеріп, одан кейін ел-жұрттың алдында масқара болмас үшін баласынан бас тартып, құрсағынан шыққан шаранасын көшеге тастап немесе сәбилер үйіне өткізіп жатқан безбүйрек аналар да жоқ емес. Бірақ психологтар олардың осындай қадамға амалсыздан баратынын айтады. Астанада осындай шарасыз аналарды паналататын «Ана үйі» жұмыс істейтінін біреу білсе, біреу білмейді.

МАҚСАТЫ АЙҚЫН МЕКЕМЕ

Астана қаласындағы «Ана үйі» жас аналар дағдарыстық орталығының үйлестірушісі Айжан Диханованың айтуынша, бұл қоғамдық қор 2013 жылдың сәуір айында ашылған. Бүгінде Қазақстанның ірі қалаларында 26 ана үйі жұмыс істейді екен. «Ана үйі» қоғамдық қоры екі бағыт бойынша қызмет етеді. Мәселен, аталмыш қоғамдық қорда бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы да қарастырылған. Яғни, перзент сүюге зәру болып жүрген отбасылар «Ана үйі» қоғамдық қорының «1422» нөмірлі арнайы телефон желісіне хабарласса (байланыс Қазақстан бойынша тегін), мекеме тарапынан көмек көрсетіліп, олардың тезірек бала асырап алуға мүмкіндіктері болмақ. Ал «Ана үйі» жас аналар дағдарыстық орталығы – аяғы ауыр болған кезде немесе босанғаннан кейін баратын жері болмаған уақытта жас аналардың паналайтын мекені. Мұнда 30 жасқа дейінгі жас аналар 1 жасқа толмаған баласымен бірге бір немесе бір жарым жыл тұра алады. Егер де балалар үйінің түлектері болса және баласының денсаулығында (патологиялық) кемістігі бар болса, оларға 34 жасқа дейін тұруға рұқсат етіледі екен.

Ал екінші бағыт бойынша, яғни ана үйіне тұруға ниет білдіруші жас аналардың аталмыш мекеменің мамандарына қояр сұрақтары болса, жедел телефон желісі 8 800 080 77 71 нөміріне тегін хабарласуға болады.

ТҮРЛІ ТАҒДЫРЛАР ТОҒЫСҚАН МЕКЕН

«Ана үйі» қоғамдық қорының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, жалпы еліміз бойынша 2013 жылдан бері 1770-тен астам, ал жыл басынан бері 600-ге жуық жас анаға көмек көрсетілсе, дәл қазіргі уақытта 269 әйел адам 228 баласымен (арасында аяғы ауырлары бар) осы ана үйін паналап жатыр. Жалпы, халық санының көптігіне байланысты елордада екі ана үйі жұмысын жүргізіп тұрғанын айта кету керек. Оның біріншісі жоба басынан бері, яғни 2013 жылдан бері қолданысқа берілсе (үйлестірушісі – Гүлнар Шәкірова), екіншісі – Айжан Диханова үйлестіруші болып қызмет істейтін ана үйі. Былтыр пайдалануға берілген бұл үйді 22 сәби мен 25 әйел адам (бесеуі жүкті) паналауда.

Екі қабатты зәулім үй биік дуалмен қоршалып, аулаға тас төселіп, есік алдына орындықтар қойылыпты. Ал үйдің ішіне енгенде, дәліздегі қабырғалардың балаларға арналып безендірілгенін көзіміз шалды. Жалпы, үйдің іші-сыртына бейнебақылау құрылғылары орнатылған. Нысана 24 сағат бойы күзетіледі. Мұнда үйлестірушінің кабинеті мен тігін шеберханасы және жеті бөлме қарастырылған. Әр бөлмеде 3-4 жас ана сәбилерімен тұрады екен. Сонымен қатар, үйлестірушіден бөлек, мұнда медбике, екі психолог, тігін шебері және шаруашылық меңгерушісі әрі жүргізуші мамандары таңертеңнен кешке дейін еңбек етеді. Сол сияқты ас үйге де барлық қажетті жабдықтар қойылған. 13 орынды үстелге жас аналар екіге бөлініп тамақтанады екен. Жалпы, мұндағы жас аналарға барлық жағдай жасалған. Тұратын жер де, тамақ та, нәрестелердің киім-кешегі де – барлығы тегін. Тек жас аналар бөпелеріне жақсылап қараса болғаны. Ал, егер балаларына дұрыс қарамай, шылым шегіп, ішімдікке әуестеніп, жеңіл жүріске бой алдырып, тәртіпке бағынбаса, оларға қатаң жаза қолданылады. Яғни, бұл жерден шығарылып, ана үйінің босағасын екінші қайтара аттай алмайды.

Ашылған күннен бері әр қаладағы ана үйі барлық медициналық мекемелермен, перзентханалармен, қалалық әкімдіктермен, заң органдарымен тығыз байланыс орнатқан.

– Бізге көбіне жас аналарды перзентханалардан жібереді. Кейде тәртіп сақшылары арқылы да келеді. Содан 12 ай бойы аналар сәбилерімен осында тұрады. Бұл мерзім аяқталған соң, біз оларды далаға қуып шықпаймыз. Жоба аясында осы уақыт ішінде аналарға жатақхана сияқты белгілі бір орын іздестіреміз, жұмыс та қарастырамыз, балаларын балабақшаға орналастыру жағын да қолға аламыз. Ал егер жас аналар студент болса, оқуларын жалғастыруға да мүмкіндік береміз. Ана үйінен шығып кетсе де, біз олармен байланысты үзбейміз. Кейбірімен телефонмен тілдесіп, кейбірімен әлеуметтік желілерде хат-хабар алмасып тұрамыз. Олардың кейбірі осы жерді сағынғандықтарын, тіпті қайтып келгісі келетіндіктерін де айтады, – дейді Айжан Диханова.

Некесіз құрсақ көтерген қыздарын «ел-жұрттан ұят болады, осында болыңдар» деп аналар үйіне әкеліп тастайтын ата-аналар да бар екен.

АСТАНА КӨЗ ЖАСЫҢА СЕНБЕЙДІ…

Тағдырдың жазуымен некесіз құрсақ көтеріп, сүйгендерінен алданып қалғанда тығырыққа тіреліп, басқа барар жер болмағандықтан, осы ана үйін паналаған бойжеткендермен де тілдестік. Олардың бірі – Вика. Ол небәрі 20-ақ жаста. Білуімізше, ана үйі тұрғындарының әзірге ең кенжесі. Тараз қаласында туып-өскен. Мектеп бітіргеннен соң, ешқандай оқу орнына түспей, Астанаға жұмыс істеуге келген екен. Содан елордалық бір жігітке ғашық болып, алайда сүйген жігіті одан жанұясы және бір баласы бар екенін жасырып келген. Бар шындықты білгенде, төбесіне жай түскендей болған қыз құрсағына біткен сәбиін не де болса дүниеге әкелуге бекінген. Алайда алыстағы жалғызбасты анасынан басқа қарайласар ешкімі жоқ бойжеткенді ешқандай құжаты болмағандықтан, перзентханадан полиция қызметкерлері осы ана үйіне табыстаған. «Ана үйі» қоғамдық қорының мамандары Виканың барлық құжаттарын жөндеп берген.

Ал екінші бойжеткен – 25 жастағы Әсия. Шымкент қаласындағы үлгілі отбасылардың бірінде дүниеге келген ол – үйдегі 6 қыздың екіншісі. Мектепте жақсы оқыған Әсия Шымкенттегі Медициналық колледжде білім алған. Қолына дипломын алған соң, арман қуып Астанаға келіпті. Миллионнан аса тұрғыны бар елорда әрбір адамды бірден басынан сипай қоймайтыны белгілі. Сол сияқты Әсия да үлкен қалада күн көрудің амалын қарастырып, еңбек жолын қаладағы мейрамханалардың бірінде еден жуушы болып бастап, кейіннен аспаз болған. Осы жердегі официант жігітпен көңіл жарас­тырып, екеуі біраз уақыт қол ұстасып жүрсе керек. Алайда жігітінің ата-анасы неге екені белгісіз, Әсияны жақтырмапты. Сөйтіп жүргенде кейіпкеріміз бір рет түсік тастаған. Ал екінші рет аяғы ауыр болғанда, «үйленеміз» деп жүрген жігіті мүлдем хабарласпай, өзінің туған қаласына кетіп қалған. Осылайша, олар мәңгілікке ат құйрығын кесісіпті. Бұл кезде Әсия Астанадағы медициналық мекемелердің бірінде мамандығы бойынша акушер-гинеколог болып қызмет етіп жүрген. Талай нәзік жандылардың бала көтере алмай жүргендіктерін жұмысында өз көзімен көріп жүргендіктен, Әсия некесіз бала табу қаншалықты қиын болса да, жасанды түсік жасату жайлы ешбір «ақылшының» сөзіне құлақ асқысы келмей, құрсағындағы сәбиін дүниеге әкелген екен.

– Мен ештеңеге өкінбеймін. Тек әкемнің маған әлі күнге өкпелеп, теріс қарап жүргені ғана жаныма аяздай батады. Ана үйінде барлығымыз бір үйдің баласындай тату-тәтті тұрып жатырмыз. Бұл жер тым жайлы әрі тиімді. Декреттік демалыста болсам да, материалдық және моральдік жағынан маған зор қолдау көрсетіп, рухани күш беретін әріптестеріме, сол сияқты жас аналарға пана болып отырған «Ана үйі» қоғамдық қоры ұжымына, жоба жетекшілеріне шексіз ризамын, – дейді Әсия.

Небір қиын күндерді бастан кешіріп, жанарлары жасқа толса да, салы суға кетпеген жас аналардың жігерлерін жанып, өмірге деген құлшыныстарын арттырып, болашаққа деген үміт отын одан әрі жандырып отырған «Ана үйі» жобасы әрі қарай да жанданып, жасай бергей!

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

7 пікірлер

  1. Сəлеметсіздерме Аналар үйі ұжымы сіздерден жаңа туған сəби асырап алуға болама?тұрмыстамын төрт жылға таяп қалды сəбилі бола алмай жатырмыз алланың қалауымен тағдырымда ана бақытын бөлену бұйырмаған шығар.жаңа туған нəрестені бауырыма бассам менен бақытты жан жоқ шығар сəби сүйгім келедіжауабын күтемін

  2. Салеметсиз бе аналар уйи. Саби котере алмай жургениме 4 жыл болды. Волонтёр болып сиздерге аналарга, саби кутимимен кол ушымды созгым келеди. Омирге деген кулшынысым кунен кунге кетип бара жатыр. Осылайша ана бакытын сезмнип корсем бе деп ойлагам

Пікір үстеу

Back to top button