Жаңалықтар

ЫНТЫМАҚ ЫРЫСЫ

e9ae97a80bd9f90df932edff6625a1e1-slider

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің V саммиті өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығы мен аталмыш кеңестің 5 жылдығына арналған атаулы жиынға Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Түркия Республикасының Ұлы ұлттық мәжілісінің төрағасы Исмет Йылмаз, Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев және Түркіменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сапардурды Тойлыев қатысты.

Халықаралық Түркі академиясы Түркі әлемінің интеграциясы тұжырымдамасы жобасын дайындап шықты. Саммитті ашқан Қазақстан Президенті аталмыш құжатты тездетіп қабылдаудың маңызын атап өтті.

– Бүгінгі әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер түркі дүниесіне де ықпал етпей қоймайды. Біз Сирия, Ливия, Иракта бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнағанын, Палестина мен Израиль арасындағы шиеленістің бейбіт шешілгенін қалаймыз. Ауғанстандағы жағдайдың да бейбіт жолмен қалпына келуін құптаймыз. Біз бір өңірде орналасқан елдеріміз. Террористік, экстремистік және сепаратистік әрекеттерді болдырмау үшін бірлескен іс-шаралар қажет. Түркі кеңесенің болашақта Біріккен ұлттар ұйымының Ислам ынтымақтастық ұйымының жанынан байқаушы мәртебесін алғаны маңызды. Бұл біздің ұйымға мүше мемлекеттердің ортақ мүддесіне сай келеді деп есептеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы былтыр Шанхайда өткен кеңесте Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын құруды ұсынғанын еске алды. Айналадағы геосаяси үрдістер түркі елдері үшін экономикалық мүмкіндіктер тудырып отырғанын айтты.

  • Еуразиялық экономикалық одақ пен Жібек жолы экономикалық

белдеуі жобасының түйісуі Еуразия құрлығында экономикалық тұрақтылық пен өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етеді. Бұл ретте біздің елдеріміз Қытай, Ресей, Еуропа, Таяу Шығыс, Кавказ, Орталық Азия өңірлерінің экономикалық-коммуникациялық жол тараптарын біріктіретін құрлықаралық транзиттік көпірге айналады. Сондықтан Каспий теңізінің транзиттік әлеуетін арттыруымыз қажет. Жоғары жылдамдыққа ие мультимодельді  Еуразия трансқұрылықтық  транспорт дәлізін құру мәселесі де өзекті. Құрылысы таяуда аяқталатын Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік магистралі осы кеңістіктегі негізгі транзитке айналатынына сенімім зор. Қазақстан жерінде биыл бұл жол құрылысын аяқтаймыз. Бұл біздің елдегі «Нұрлы жол»  –  жаңа экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев туризмді дамыту жайын қозғап, осы орайда Түркі кеңесін «Қазіргі  заманғы  Жібек жолы» атты бірлескен туристік жобаны қолдауға шақырды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы биыл Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғанын, енді сыртқы сауда саласында халықаралық режим тәртібін қолданатынын айтты. Алдағы тағы бір маңызды уақиға – Астанада өтетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне түркітілдес мемлекеттердің қатысуын қалайтынын жеткізді. Түркі әлемінің білім кеңістігін қалыптастыру мақсатында Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін түбі бір түркі жұртына ортақ оқу орнына айналдырудың маңызын атап өтті. Халықаралық Түркі академиясы дайындаған ХV ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын «Ортақ тарих» оқулығын туыстас елдердің мектеп бағдарламаларына енгізу керектігіне тоқталды.  Биыл Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің төрағасы қызметін  Нұрсұлтан Назарбаев атқарады. Бауырлас мемлекеттер интеграциясының маңызын сөз еткен жиынға қатысушылар Қазақстан Президентін осы мәртебемен құттықтап, оның атқарып отырған салиқалы саясатына ризашылықтарын  жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button