Мәдениет

Жаңа маусымның шымылдығын түрді

Кеше елордалық Музыкалық жас көрермен театры II театр маусымының шымылдығын ашты. Салтанатты шараның ашылуына елорда әкімінің орынбасары Асхат Оралов қатысып, жас өнер ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

[smartslider3 slider=614]

– Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! Қазақ әрқашан өнер адамдарын қолдап, құрметтеген. Сондықтан театр маусымының ашылуы біз үшін де үлкен мәртебе. Қала әкімі театрдың жаңа маусымымен құттықтап, арнайы хат жолдады. Театр маусымының «Абай-Тоғжан» қойылымымен ашылуы бекер емес. Ұлы Абайдың аты халқымыздың тарихында алтын әріппен жазылған, – деді Асхат Оралов.
Елорда төрінде 2020 жылы тұсауы кесілген Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театр ұжымы – өнер бәйгесіне жаңадан қосылған жас театр. Театр алғашқы шымылдығын қазақтың ұлы ақыны Абай  Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында М.Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық-драмасымен ашқан болатын. Жаңа маусымда театр ұжымының көрермендерге дайындаған тың туындылары жетерлік.
Бас шаһардың рухани-мәдени өміріне мазмұнды мәнерімен қосылған өнер ордасы жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытып, отандық және әлемдік музыкалық қойылымдарды сахналау арқылы балалар мен жасөспірімдердің мәдени-эстетикалық әлемін, таным-тағылымын, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге бағытталған.
Айта кету керек, театр оркестрі «Көне Тараз күмбірі» деп аталатын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде өткен этнофольклорлық республикалық фестивальде 1-орын жеңіп алды. Оркестр жетекшісі – Бауыржан Ақтаев.
– Театрымыз жаңа маусымда көрермендерге 5-6 премьера ұсынады. Қазір Тәуелсіздік күніне орай еркіндікті аңсаған арыстарымыздың жарлары, солардың тағдыры, АЛЖИР туралы үлкен тарихи деректі драма дайындап жатырмыз. Себебі жас ұрпақ бірінші кезекте әкелердің ақжолтай аманатын ұмытпауы тиіс, – деді театр директоры Асхат Маемиров.
Еліміздегі театр әлемінде алғаш сахналанған «Абай-Тоғжан» қойылымы – жастардың жүрек қылын шертіп, ой-армандарын асқақтататын туынды. Мұнда алып ақынның бозбала кезеңін бейнелеген оқиғалар көрер­менді іңкәр сезімге бөлейді. Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры да әуезді әнге айналып, көрген адамның жүрек пернесін тербетті.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button