Әлеумет

Жәрдемақы: кімге және қанша төленеді?

Еліміздегі көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және толық емес отбасыларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатыр?

Мәселен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және толық емес отбасылардың тұңғыш балалары туғанда оларға 95950 теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы берілсе, осы жанұяға төртінші немесе одан кейінгі бала дүниеге келгенде төленетін біржолғы жәрдемақы көлемі 159075 теңгені құрайды. Одан бөлек, 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша бірінші балаға – 14544 теңге, екінші балаға – 17196 теңге, үшінші балаға – 19822 теңге, ал төртінші балаға 22473 теңге көлеміндегі жәрдемақы қарас­тырылған.
Сондай-ақ осы санаттағы отбасылар үшін ай сайын жанұядағы адам басына 15498 теңге әлеуметтік қолдау төлемі беріледі. Ал «Толық емес отбасы» санаты бойынша баспана кезегіне тұру мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, асыраушысынан айырылған жағдайда арнайы жәрдемақымен қамтылады.
Сонымен қатар жанұясында еңбекке жарамсыз бір адамы бар жұмыссыз анаға баласы 8 жасқа толғанша 25541 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Отбасында 2 адам еңбекке жарамсыз болған жағдайда оларға 44251 теңге төленеді. Егер ондай адам саны үшеу болса – 54942 теңге, төртеу болса – 58209 теңге, бесеу болса – 60287 теңге, алтау немесе одан да көп болған жағдайда 62663 теңге беріледі.
Сол сияқты «Алтын алқа» иесіне (7 және одан да көп бала) – 16160 теңге, «Күміс алқа» иесіне (6 бала) – 16160 теңге және 4-5 баласы бар анаға – 10504 теңге (01.01.2018 жылға дейін рәсімделген жағдайда) көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Сондай-ақ көпбалалы аналарға бала дүниеге келгенде берілетін біржолғы жөргекпұлдан бөлек, әр балаға ай сайын жәрдемақы төленеді. Онымен қоса, «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша баспана кезегіне тұруға және тұрғын үйді меншіктеу үшін ай сайын орташа есеппен 4 мың теңгеге дейін төлем ала алады. Сол сияқты 8 наурыз (Халықаралық әйелдер күні) мерекесіне орай 2,5 АЕК, яғни 6313 теңге көлемінде біржолғы ақшалай төлем қарастырылған. Сонымен қатар көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға 92991 теңге көлемінде оқу ақысын төлеуге қаржылай қолдау бар.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша Үкімет пен қалалық әкімдік жанынан азаматтардың өмір сүру сапасын арттырумен, сондай-ақ көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын пысықтаумен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылды.
Аналардың тұрмыстық мәселелерінің уақытында шешілуі үшін құзырлы органдар барлық тиісті шараларды қолданып, әр мәселе бойынша Жол картасы әзірленіп, іс-шаралар жоспары бекітілмек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button