Sport

Жауынгер турнирі

Астана қаласы әкімдігінің «Балалар мен жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығы» мемлекеттік мекемесінде жауынгер-интернационалист Қазбек Абдрахманов есімін еске түсіруге арналған ХVІІ футбол турнирі өтті.

Балалар үйлерінің тәрбиеленушілері және аулалық клубтар арасындағы жарысқа Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы, Білім басқармасы қолдау көрсетті. Жарыстың негізгі ұйымдастырушысы Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі бұл жолғы жарысқа сегіз команданы шақырды. Жарыс аясында «Арман» лагерінде демалып жатқан оқушылар мен Ауғанстан соғысы ардагерлері кездесіп, «Ерлік сабағы» ұйымдастырылды. Күні бойы жасыл алаңда өткен доп додасының қорытындысында балалар арасында «Барыс» командасы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынға «Эверест» аула клубы командасы ие болды. Үздік үштікті «Тигры» командасы түйіндеді. Ал жасөспірімдер арасында «Боровичок» командасы топ жарды. Күміс жүлдені «Күлтөбе» командасы, ал қоланы «Арман» командасы қанағат етті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубок, медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жарыс соңында «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ұйымының басшысы Серік Кенжебеков барлық қатысушыларды Астана күнімен құттықтады. Ал әкесінің құрметіне өткізілген турнирге қолдау білдірген мекемелерге Диас Қазбекұлы отбасы атынан ризашылығын білдіріп, әр командаға сыйлық таратты.

Бексаттар САТТАР

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button