Басты ақпаратҚала тіршілігі

Жергілікті жиһазға сұраныс жоғары

Астанада жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер аз емес. Ал баспаналы болғандардың су жаңа пәтерге ескі жиһаздарды кіргізе қоюы екіталай. Бұл тұрғыда Беларусь, Италия жиһаздарының айы оңынан туып тұр. Дегенмен сұранысқа ие заманауи жиһаз жасап жатқан отандық кәсіпорындар да жоқ емес.

Ең бастысы – сапа

Кәсіпкер Мұрат Бейісбаевтың жиһаз бизнесімен айналысып жүргеніне 3 жыл болыпты. Негізгі мамандығы – суретші. Өзі – кәсіби қолөнер шебері. Омбы қаласындағы Шоқан Уәлиханов мүсіні мен Астанадағы бірқатар мүсін-ескерткіштерді жасауға атсалысқан. Құрылыс басында да дизайндық жұмыстармен айналысқан Мұрат Жұмағұлұлы бір кездері мешіт күмбезін де жасаған көрінеді. Ал жиһаз ісін шағын шкафтан бастаған ол қазіргі уақытта тұтынушылардың талғамына қарай тапсырыс бойынша түрлі заманауи, сәнді әрі сапалы үстелдер мен гардероб, жатын бөлме мен ас үй жабдықтарын жасайды. Жиһаз материалдары Ресей, Қытай және Түркия елдерінен тасымалданады екен. Алайда шетелдерден әкелінетін материалдың ең қымбат түрлерін ғана алатынын айтады кәсіпкер.

– Өзім суретші болғаннан соң бірінші кезекте жиһаздың дизайнына баса мән беремін. Жасаған дүниелеріміздің артықшылығы материалды ойып бедерлегеннен гөрі оған арнайы ою-өрнекті жапсырып, оны қымбат сырлармен бояп, жиһаздың сапасымен қатар, әдемілігін де қатты қадағалаймыз. Біздің жұмысымыздың жүріп жатқаны да осы сапаға жұмыс жасайтынымызда болар. Әйтпесе, бұл салада кәсібін дөңгелетіп жүргендердің біршамасы банкротқа ұшырап жатыр, – дейді Мұрат Бейісбаев. – Халықаралық жиһаз көрмелеріне де үнемі қатысып тұрамын. Мысалы, Қытайдың Шанхай, Гуанчжоу қалаларында болдым. Сол көрмелерде көрген-түйгенімді тәжірибе жүзінде іске асырып, өнімдерімізге Қазақстанда жоқ дүниелерді енгізуге тырысамыз. Сонымен қатар өлшем бірлікке де ерекше мән беріп, тіпті миллиметріне дейін қате жібермеу­ді ескереміз. Шкафтың бекітілетін жерлері көбіне біраз уақыттан кейін ойылып, сынып жатады. Өйткені оны бекітетін арзан құралдардың ең төменгі бағасы 2 теңге болса, тағанындағы төрт бұрышына бар болғаны 8 теңге жұмсалады. Ал біз мұндай арзанқол құралдарды мүлде қолданбаймыз. Бұл 2 теңгеліктің орнына біз 100 теңге тұратын сапалы құралды орнатамыз. Сонда 8 теңге мен 400 теңгенің айырмашылығын өзіңіз де бағамдап көріңіз.

3 жылға дейін кепілдік берілетін жиһаз бағасы тұтынушылардың сұранысына қарай 100 мың теңгеден басталады екен. Қазіргі уақытта сатылым тек Астанамен шектелмей, еліміздің бірқатар қалаларынан да тапсырыстың түсіп жатқанын айтады мамандар. Жалпы, кәсіпорында аталмыш саланың жілігін шағып, майын ішкен 20 маман жұмыспен қамтылыпты.
– Бұл жұмыс өзіме қатты ұнайды. Бар ынта-шынтаммен істеймін. Алайда мұндай қыруар жұмыс­ты мен жалғыз жүргізіп жатқан жоқпын. Мұны отбасылық кәсіп деп айтуға да болады. Өйткені қарамағымдағы жұмысшылардың көпшілігі – өзімнің туысқандарым. Ауылдағы туған ағаларым мен інілерімді шақыртып алдым. Олардың арасында кәсіби жиһаз жасау шеберлері де бар. Аға-інілерімнің де қолөнерге бұрыннан ебі бар-тұғын. Қазір олар бұл салада әбден шыңдалып алды. Жалпы, бұл өнер бізге ата-бабамыздан дарыса керек. Естуімізше, кезінде аталарымыз тұрмысқа қажетті заттарды сүйектен, ағаштан ойып жасаған деседі, – дейді бизнесмен сөз арасында.

Кәсібім – нәсібім

Жиһаз жасаушылар 500 шаршы метр болатын цех пен осындай көлемдегі қойманы және 100 шаршы метрлік сауда орталығындағы бутикті жалға алып отыр. Жалға алудың ай сайынғы шығыны 2 млн теңгеге жетіп жығылатын көрінеді.
Цехта Германия мен Австрияның заманауи техникалары қойылған. Осының арқасында кәсіпорынның бұрынғыға қарағанда жиһаз жасаудағы мүмкіндігі едәуір артқан. Қазір отандық өнім шетелден әкелінетін жиһаздардан еш кем емес.
Дегенмен әлі де станоктардың жетіспейтінін айтады кәсіпорын басшысы.

– Басында сәндегіштерді гипстен қатырып жасайтынбыз. Алайда оның сапасы біз ойлағандай болмай шықты. Сондықтан ағаштан жасалған дайын материалды сатып алып жатырмыз. Ал оны өзімізде жасайық десек, станоктарымыз оған арналмағандықтан, кішкентай бұйымның өзіне 3-4 сағат уақыт кетіп қалады. Бұл уақытта біз қыруар шаруа бітіреміз. Дегенмен, алдағы уақытта осындай ұсақ-түйектерді де жасауды қолға алмақпыз. Ол үшін тағы да қымбат станоктарды алуымыз керек. Бірақ ондай бұйымдарды оятын станоктар 180 мың доллар тұрады. Оған әзірге қаржы жағы қолбайлау болып тұр. Осындай құрал-жабдықтар алып, цех салу үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» сияқты мемлекеттік бағдарлама бойынша «Даму» қоры мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жеңілдетілген несие алсақ деп жоспарлап отырмыз, – дейді «Эксклюзив Даму» ЖШС директоры М.Бейісбаев.

Алған беттен қайтпайтын азамат заман ағымынан да қалыс қалмай, ғаламтордың да қыр-сырын меңгеріп алыпты. Әлеуметтік желілер арқылы бизнесінің жарнамасын өзі жасайды екен. «Бұрын жарнама маманына ай сайын 70 мың теңге төлейтінмін. Енді өзім де машықтанып алдым. Қазір оған артық шығын шығармаймын. Жалпы, инстаграмм желісі арқылы тапсырыстар көп түседі» дейді ол. Адал еңбегін нәсіп етіп отырған кәсіпкерге тасы өрге домалай берсін деп тіледік.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button