Басты ақпарат

Жол апаты: Науқастардың жағдайы қалай?

Сейсенбі күні бас қаламызда күтпеген жағдай орнап, қайғылы жол-көлік апаты болды. Қала маңына қатынайтын №301 автобус жоғары жылдамдықпен келіп, бағдаршамда тұрған автобусқа соқтыққан. Салдарынан 53 жастағы жүргізуші мен алдыңғы қатарда отырған 26 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмса, 36 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Кеше қала әкімі Бақыт Сұлтанов пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов науқастардың жағдайын сұрап, №2 ауруханаға барды. Сонымен қатар «Astana LRT» басшысы Бекмырза Игенбердиев зардап шеккендерге төленетін өтемақы жайлы түсіндіріп берді.


Қала әкімі мен министр әр науқасқа барып: «Тезірек жазылып кетіңіз! Сізге білікті дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр» деп тілеулестігін білдірді.
– Жол апатынан зардап шеккен 36 адамға медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ жеңіл жарақат алған 8 адам өздігінен келіп тексерілді. Зардап шегушілердің арасында балалар жоқ. Қазіргі уақытта біреуінің жағдайы өте ауыр, сол сияқ­ты 6 адамның жағдайы ауыр және 8 адамның денсаулық жағдайын орташа деп айтуға болады, – деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров.
Ал №2 аурухананың бас дәрігері жедел жәрдем арқылы жеткізілген бір әйел арқасынан қатты жарақат алғандықтан нейрохирургия орталығына ауыстырылғанын, қалған адамдарға дер кезінде көмек көрсетілгенін мәлім етті.
– Кешегі жол апатынан кейін 29 адамға көмек көрсеттік. Ал 14 жолаушы тиісті көмектен кейін үйіне жіберілді. Өзгелері стационарда қалды. Сондай-ақ бас-аяғы бес ота жасадық. Науқастардың үшеуінің жағдайы ауыр. Дегенмен көбінің жағдайы тұрақты. Сондықтан олардың өміріне қауіп жоқ деп айта аламыз, – деді бас дәрігер Иван Ли арнайы өткен баспасөз жиынында.
Тағы бір айтарлығы, апат кезінде бір әйел отырған орнында жаншылып қалыпты. Бас дәрігердің айтуынша, жағдайы ауыр, себебі екі аяғы қатты мыжылып қалған екен.
– Оған бірден ота жасадық. Өкі­ніштісі сол, оң аяғын сақтай алмадық. Оны үстіндегі үшінші жіліншігінен ампутациялауға тура келді. Бірақ сол аяғы қатты сынса да қалпына келтірдік, оны сақтай аламыз деп ойлаймын. Науқастың қазіргі жағдайы ауыр болғанмен, тұрақтылық байқалады. Қазір интенсивті ем-домды жалғастырып жатырмыз, – деді дәрігер.
Бір қуанарлығы, аяғынан қатты соққы алып, жараланғандар болғанмен, ампутация отасы бір адамға ғана жасалыпты. Ақ желеңділер арнайы фиксация жасайтын технологияның көмегімен науқастардың аяқ-қолын аман алып қалудың жолын қарастырып отыр.
Нұр-Сұлтан әкімдігінде өткен жиында «Astana LRT» басшысы Бекмырза Игенбердиев әрбір автобус паркі жолаушылар мен жүкті тұтас сақтандыратынын қозғап өтіп,
өтем­ақы көлемі медициналық сараптама нәтижесі бойынша бері­летінін айтты. «Сақтандыру ком­паниясына хабарласып, шығын көлемін мәлім етеміз. Ал өз тарапы­мыздан апаттан көз жұмғандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетеміз» деді ол.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button