Жаңалықтар

Майдангерлерге көмек көрсетіледі

Биыл елордада Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне Жеңіс күніне орай қосымша әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті бюджеттен 25 млн 900 мың теңге бөлу қарастырылып отыр. Осы санатқа жататын 74 адамның әрқайсысы 520 мың теңгеден алады.

Кеше қалалық қоғамдық кеңес отырысында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Артем Әбілдинов осылай деп мәлімдеді. Кеңес мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қоғамдық кеңеске осы саладағы коммуналдық қазыналық кәсіпорындары өндіретін және сататын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің құнын белгілеу туралы қаулының жобасын жіберген болатын. Бұл құжатпен аталмыш басқарма басшысының орынбасары Бибігүл Мырзабекова таныстырды.
Соның ішінде ЖИТС-тің алдын алу және осы аурумен күрес орталығында Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандар тегін тексеріле алатыны айтылды. Бұл орталық ақылы қызметті тек шетелдік азаматтарға көрсетеді. Өткен жылы бұл мекемеде 3 мың 254 адам қаралған. Денсаулық сақтау министр­лігінің тиісті бұйрығына сәйкес ақылы қызмет 1444 теңге болып белгіленген.
Алайда бас қаладағы ЖИТС орталығы бұл қызметті 980 теңгеге көрсетеді. Бұл министрліктің бұйрығына қайшы келіп тұр. Орталық бағасы 2016 жылдан бері өзгермей келе жатыр. Ал басқа өңірлерде аталған қыз­мет қымбаттау. Мәселен, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында – 2 мың теңге, Маңғыстау мен Атырау облыстарында – 3080 теңге. Осыған байланысты қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы бағаны көтеруді қолдауды сұрады. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл мәселені біраз талқылап, өз ұсыныс-пікірлерін айтты.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button