Жаңалықтар

Келелі мәселелер қозғалған кеңес

Кеше Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері қатысқан басқосу өтті. Осы жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы үштілділік бағдарламасына қатысты өз пікірін білдірді. «Бұл – өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек» деді ол.

Кеңес барысында Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған әлеуметтік тұрғыдан әділетті ел құру бағытын жалғастыруды міндеттеді. Соның ішінде Президент әкімдерге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерлерді беру мәселесін жеделдетуді және бұл үдерісті биылғы мамыр айынан бастауды жүктеді. Сонымен қатар Қ.Тоқаев халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымға қатысты жүйелі мәселелерді шұғыл шешудің маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы тиімді байланыстарды жолға қоюдың маңыздылығына тоқталды. Мемлекеттік органдар тарапынан коммуникацияның заманауи ар­наларын пайдалана отырып, тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі атап өтілді. Президент өңір әкімдерінің халықпен үнемі кездесуге және елді мекендерді жиі аралауға тиіс екенін де айтты.
Жиын барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайыловтың, Премьер-министрдің орынбасарлары Ж.Қасымбек пен Г.Әбді­қалықованың, Алматы қаласының әкімі Б.Байбектің және Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовтың есептері тыңдалды.
Басқосу соңында Мемлекет басшысы экономиканың өсімін, инвестиция тарту ісін қамтамасыз етуге, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, өңірлердегі инфрақұрылымдық және экологиялық өткір проблемаларды шешуге, су тас­қынының алдын алуға, тұрғын үй-ком­­муналдық шаруашылығын және әлеу­меттік саланы қамтамасыз етуге, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және оны жүргізу жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button