Рухани жаңғыру

Жүз жаңа есім

Биыл қазақ жұрты еліміздің заманауи келбетін танытатын, жастарға үлгі болатын «100 жаңа есімді» анықтады. Жобаны қолға алу туралы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты осы жылғы сәуірде жарияланған бағдарламалық мақаласында ұсыныс жасаған болатын.

Бұл жоба жайында Елбасы «Жас­тар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деп айтқан еді. Нәтижесінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен 2200 үміткер сайланып, қалың жұртшылық 100 емес, 102 азаматты лайық тұлға деп таныды.
Онлайн дауыс беруге түсіп, еліміздің «жаңа есімі» ретінде таныстырылған азаматтар 1 желтоқсан күні Президентпен кездесті. Мемлекет басшысы азаматтарға қоғам тарапынан артылған жауапкершіліктің мол екенін ескертті.
– Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Сіздер бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар, – деп Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаздарға қарата сөз сөйледі.
«100 жаңа есім» жобасына астаналық­тардың арасында да ғылым, мәдениет, медицина, бизнес және қоғамның белді өкілдері кірді. Айталық, Назарбаев университетінің оқытушысы әрі ғалым Зарина Сауытбаева зерттеу тобымен бірігіп, қатерлі ісіктің пайда болуына әкеліп соқтыратын ақуыз түрін анықтады. Бүгінде Зарина ғылымның көмегімен науқас адамды жай ғана емдеп қоймай, ауруды мүлдем болдырмаудың амал-тәсілдерін іздеуде. Ал мәдениет саласында «Астана Опера» театрының жетекші солисі, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Медет Шотабаев пен туған жерінен жырақта жүрсе де, қазақ киносының дамуына үлесін қосуға тынымсыз еңбек етіп жүрген Айдие Айдарбековтің есімдері жобаға енді. Ал Анатолий Добровольцев болса бизнеске келген қадамымен ерекшеленді. Ол елордадағы жоғары лауазымын тас­тап, туған жеріне оралып, бал арасын баптауға кіріседі. Қазіргі таңда айына 4 тонна бал өндіріп, бүкіл ауданды балмен қамтамасыз етуде. Одан бөлек, жастар астаналық кәсіпкер Нұржан Әлтаев, IT маманы Нұржан Жолдыбалинов, 20-дан астам мобильді өнімнің авторы Арман Сүлейменов және еріктілер қозғалысының жетекшісі Гүлмира Әбдірашовадан үлгі алуларына болады.
Енді олардың игі істері мен жеткен жетістіктерін насихаттау мен абыро­йын асқақтатуға Мәдениет және спорт министрлігі күш жұмсайды. Арыстан Мұхамедиұлы «Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі келбетін қалыптастыруға ұм­тылған тұлғалардың бейнесі әдебиетте, кинода, бейнелеу өнерінде көрініс табады» деп уәде берді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button