Рухани жаңғыру

Қазақстанның киелі картасы

Биылғы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ел руханиятына тың серпін беріп, ұлтқа қажетті жобаларды қолға алуға мұрындық болды. Соның ішіндегі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаны ерекшелеп айтуға болады.

Қазақтың ұлан-ғайыр жері тарихқа өте бай. Ондағы әрбір жер-су атаулары өткен дәуірден сыр толғайды. Көне кесенелер мен ескі архитектуралық құрылыстардың бәрі – шежіре. Өкінішке қарай, сол аңыздардың көбі жоғалып барады. Ескі әңгімелерді білетін кәрі құлақ қариялар да азайды. Дәл осындай сәтте жарық көрген Мемлекет басшысының мақаласы бұл бағытқа өріс әкелді.
Жұмыс бірден қарқын алды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Оның басшылығына белгілі тарихшы-ғалым, саясаткер Берік Әбдіғали тағайындалды. Алдымен өңірлік комиссиялар құрылып, қасиетті орындар мен ескерткіштер түзілді. Орталық қызметкерлері алты бағыт бойынша – Солтүстік, Шығыс, Орталық, Оңтүстік, Батыс, Алматы облысы және Алматы қаласына экспедицияға шығып, киелі мекендерді аралады. Нәтижесінде «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» тізіміне барлық аймақтан іріктеліп, сарапталған 100 нысан енді. Бірақ оның саны 185-ке жуық екен. Оны бізге «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшысының орынбасары Батырхан Қасымов айтты. Оның сөзінде көп жаңалықтар бар. Бүгінде Қазақстанның киелі жерлерінің көп салалы электрондық картасы дайын. Аталған карта тарихшылар, археологтар, этнографтар мен туристік ұйымдардың қатысуымен жасалған. Оған барлық мультимедиялық қосымшалар арқылы виртуалды түрде қосылуға болады.
«Картаның фотогалереясы мен бейнегалереясы бар. Сол арқылы киелі орындарды көре аласыз. Және ұялы телефонмен картаға тіркеліп, өзіңіздің пікіріңізді жазуға болады. Ескерткішке қалай барып, көруге болады деген сауалға да жауап аласыз. Алдағы қаңтарда картаның тұсаукесері өтеді деп жобалап отырмыз» деді ол. Оның айтуынша, алдағы жылы ел ішіндегі егемендік алғаннан бергі қайтадан қалпына келтіріп, бірақ еш­қандай паспорты жоқ кесенелер мен ескерт­кіштер қайта құжаттаудан өтеді.
Сонымен бірге, аймақтарға орталық мамандары тағы да экспедицияға шықпақ. Қысқасы, әлі атқарылар жұмыс жетерлік.
Қазіргі күнде Қазақстанда шамамен алғанда 35 мың сәулеттік, археологиялық және тарихи ескерткіштер бар. Оның ішінде 8 археологиялық ескерткіш «Ұлы Жібек жолы нысандары» құрамында ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасы тізіміне кірген.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button