Қала тіршілігі

Жүзіктер қайда жоғалды?

«Нұржолдың» сәні кетпесін

Декоративті көше өнері – әлем қалаларына тән үрдіс. Ол дегеніміз, қала кеңістігін үлкенді-кішілі мүсіндермен бе­зендіріп, өзіндік келбетін ашады. Осы мүсіндерге қарап бұл қаланың тұрғындары кім екенін, олардың арман-мұраттары мен ежелгі тарихына құрметі мен болашағына көзқарасын бағамдайды. Өнер шеберлерінің хас туындылары бір қаланың шегінен асып, бүкіл халықтың образына айналып жатқан жағдайлар да жоқ емес.

Егер «Хан Шатырдан» шығып, Ақорданы бетке алсаңыз, жолай қос қапталыңыздағы шағын мүсіндерге көзіңіз тояды. Өткен тарихымызбен бірге адымдап келе жатқандай сезінесіз. Осы елдің төл баласының рухын оятады.
Дегенмен соңғы кездері осы жол сынақ алаңына айналды. Ортанқол дүниелермен толтырылып, түрлі геометриялық кескіндермен шырмалды. Үшбұрыш керек пе, төртбұрыш па, доғал керек пе – бәрі бар. Былтыр оның біразын гүлмен көмкеріп еді. Енді оған қаржы жұмсамайтын болған-ау. Темірден жасалған түрлі фигуралар онсыз да суық қаланы темірдей қарып, мұздатып тұрғаны жасырын емес.
Түнде жанатын шамдары бар болса да, күндіз – ол құрсаулы темір. Олардың да дені осы «Нұржолда». Мүмкін түнгі шамның жарығымен сәтті көрінер, бірақ күндізгі қалпына қарасаң, тозған сымдары білеуленіп, көзге оғаш көрінеді. Қала тұрғындары мен қонақтары ең көп жүретін жолдың келбеті бұзылғалы қашан, оны елеп жатқан ешкім жоқ. Одан қалды осы жолдың бір пұшпағына «тұрақты тіркеуге» қойған жер шарын ұстаған сұлбалардың да сыры кетіп, тозып барады.
Осы жолда бұрындары әдемі жүзік, құс тұмсық сақина, білезіктер қызылды-жасылды гүлдің үстінде шашылып жатушы еді. Жанынан өткен сайын әжелеріміздің қолында жалтылдаған әшекейлері есімізге түсіп, мейірленуші едік. Екі жылдың шамасында осы әшекейлер ұшты-күйлі жоғалды. Қазір бет-бейнесі жоқ түрлі шетелдік брендтерді насихаттаған билбордтар орнатылған жай жол болды.
Қаланың Республика, Бейбітшілік, тағы басқа басты көшелерін аралап көріңіз. Жай жүрмей, көшелерді бойлай қойылған декоративті мүсіндерден өзіңізге жақын дүниені табуға тырысыңыз. Мүмкін, Шрек, Кунг-фу аю, ергежейлілер мен басқа да мультфильм кейіпкерінен, бәлкім, болашағыңызды танырсыз. Әкемізден қалған мұрадай қалада шетел мультфильмдерінің кейіпкерлері қаптап кетті. Бұған жасыл жабындымен жасалған түрлі сұлбалар мен тағы басқа мақұлықтарды қосыңыз.
Астана көбіміз үшін теміржолдан басталады. Жиналмай, шашылып жатқандай көріністі вокзалдың айналасынан байқауға болады. Үйлесімсіз орнатылған үлкенді-кішілі ағаш сипатты мүсіндер, жартылай жарылған қазақ үйінің керегесінен талғамсыздық есіп тұрғандай. Сәтсіз жасалған ескерткіштердің бірі деп субұрқақты тас ескерткішті айтар едік. Оның «Бата» деп аталатынын жақында білдім. Бата деген қастерлі ұғымның қор болғаны емес пе бұл?!

Бөрі үстіндегі  бала қайда?

Астанадағы шағын мүсіндердің арасында қазақы рухы бар, тарихын меңзеп тұратын біртуар туындылар жоқ емес. Солардың қатары бір-екі ескерткішке кеміп қалғаны рас.
Тағы бір жоғалған дүниеміз – алтын теңгесі шашылған құмыра. Ол да бар байлығымен «қолды» болды. Одан кейін қазіргі әкімдіктің алдындағы алаңда бабасының бөркін бастыра киіп алып «шаптырып» тұрған тентектің мүсіні де болатын. Ол да жоқ. Қазір қайда «қоқыс» боп жатқанын ешкім білмейді.
Бельгиядағы дәл осындай жалаң бұт бала мүсінінің өзін не суретін көрген боларсыздар. Біздің тентек одан артық болмаса, кем емес еді.
Айтарымыз, қала кеңістігіне де талғаммен қарайтын уақыт жетті. Алдымен «Нұржолдан» бастайықшы!

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button