Басты ақпаратҰлт ұпайы

Қозғал, халқым, солтүстікке!

Соңғы жылдарда еліміздің солтүстігіндегі тұрғындардың саны азайып барады. Социолог-мамандар Ресейге қоныс аударғандардың дені солтүстік өңірлердің азаматтары екенін айтады. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2017 жылы Қазақстаннан 37704 адам көшсе, соның ішінде 32800-і Ресейді таңдаған. Алдын ала жасалған болжам бойынша 2040-2050 жылдарға қарай аталған аймақтағы халықтың саны 1 миллионға дейін азаюы мүмкін. Бұған, керісінше, оңтүстік тұрғындарының саны күрт өсуде. Өткен жылы Алматы қаласы тұрғындарының саны – 50,4 мың адамға, Оңтүстік Қазақстан облысынікі – 49,6 мыңға, Алматы облысынікі 34,2 мыңға дейін көбейген. Қазіргі кезде ел халқының 48 пайызы оңтүстік облыстарда тұрады. Кейбір мамандар алдағы 20 жылда оңтүстік халқының саны 5 миллионға дейін артады деп болжап отыр.

Оңтүстіктен – солтүстікке…

Ел билігі тұрғындарды оңтүстіктен солтүстікке көшіруді қолға алғанына біраз жыл өтті. Алайда осы жылдарда қанша адамның солтүстікке көшіп барғаны жайында нақты дерек жоқ. Өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018-2020 жылдары еліміздің солтүстігіне 60 мыңға жуық отбасы қоныс аударатынын хабарлады. Құзырлы ведомстводағы мамандардың болжауына қарағанда, алдағы 5 жылда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қос­танай және Шығыс Қазақстан облыс­тарының халқы 167 мың адамға көбейеді. Екіншіден, бұл бағдарламаның тағы бір мақсаты – солтүстікті қазақыландыру.

Көш көлікті болды ма?

Халқы тығыз қоныс­танған, саны көп түстіктен теріскейге қоныс аударғандардың дені ауылға барып, екі қолға бір күрек ұстап жүр. Өткен жылы солтүстік облыстарға 408 отбасы (1600 адам) көшіп барған, соның ішінде 65 пайызы ауылдық округтерді таңдапты. 30 пайызға жуығы аудан орталықтары мен моноқалаларда қоныстанған. Жасыратыны жоқ, көшке ілескендердің бәрінің айы оңынан туып, ойлаған мұратына жетпеді. Осы сөзімізге дәлел ретінде бір ғана Солтүстік Қазақстан облысын мысалға алайық. 2018 жылдың басынан бері аталған облысқа 203 адам қоныс аударған. Бір өкініштісі, еңбекке жарамды 89 адамның 26-сы ғана жұмыс тауыпты. Әкімдіктегі басқосуда облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенко 26 адамның 14-і – ауыл шаруашылығы, 4-еуі – білім беру, 3-еуі – денсаулық сақтау, 5-еуі басқа салалардан жұмыс орнын тапқанын хабарлады. Қалған 63 адам әлі жұмыссыз. Жылдың соңына дейін әлі 767 отбасын (3445 адам) қабылдау жоспарланғанын ескерсек, мәселенің оңай әрі тез шешілетініне күмән көп. Құзырлы министрліктегілердің өзі солтүстікке көшкендердің 47 пайызы ғана жұмыспен қамтамасыз етілгенін мойындады.
Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданынан Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданындағы Краснознаменное ауылына көшіп барған Айдынбек Қыдырбаев – не жұмыс, не баспана таппай сенделіп жүргендердің бірі. Ол өзінің қиыншылыққа тап болған жағдайын былай әңгімеледі: «Келе сала ауылда бос тұрған үйге кірдік. Жарығы, газы жоқ. Амалсыздан далаға от жа­ғып, тамақ пісіреміз. Көшерпұлға берілген 330 мың теңгені жол шығынына жұмсадық. Жергілікті билік маған 25-30 мың теңге алатын жұмыс ұсынды. Отбасымды асырауға 30 мың теңге жете ме? Бұл жақтың қысы қатты. Көмір, ағаш сатып алу былай тұрсын, күнделікті тамағымызды таба алмай отырмыз».
Алайда көшкендердің бәрінің хал-жағдайы мұндай мүшкіл емес. Себебі әр ауылдың әлеуметтік ахуалы, орналасқан жері, жергілікті билігі алуан түрлі. Мысалы, Солтүстік Қазақстандағы Шал ақын ауданына соңғы екі жылда 35 отбасы көшіп барған. Барлығы баспаналы болып, жұмыспен қамтамасыз етілген. Соның ішіндегі 10 отбасын Ступинка ауылының тұрғындары құшақ жая қарсы алды. Мейірімді жандардың ортасына тап болған Болат Тәжібаев көшкеніне өкінбейді. «Төрт балам бар. Ауылда істеймін деген адамға жұмыс табылады. Өзім жазда мал бағып, қыста мектепте жұмыс істеймін. Әйелім қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Несие алып, 4 бас сиыр сатып алдым. Ауылдағы тірлігімізге шүкір етемін» дейді ол.

«Балаларыңыз­дың болашағы үшін»

Әрине, көшке ілескен қазақтың басын ауыртып, балтырын сыздататын мәселенің бірі – баспана. Бір қуанарлығы, көшке қатысты талдау жасай келе, мемлекет бұл мәселені жүйелі түрде шешуге кірісті. Тоқ етері, көшкендерге арзан баспана берілетін болды. Бұл бастама әзірше қанатқақты жоба ретінде қолға алынуда. Ол әуелі Солтүстік Қазақстан облысында іске асырылады. 4 шілдеде Астанада өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Нұржан Әлтаев аталған бастамаға ел бюджетінен қаражат бөлу қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
«Біздің жоспарымыз бойынша оңтүстіктен солтүстікке жыл сайын 1000 отбасы көшіп отырады. Сол азаматтар үшін жаңа үйлер салынады. Осы бастамаға бюджеттен ақша бөлуді қарастырып жатырмыз. Оны іске асыратын тетіктерді де ойластырдық. Солтүстік өңірлерге көшкендер үйді жалға алып, ай сайын аз мөлшерде ақы төлейді. Үй 15 жыл жалға беріледі. Бес жылдың ішінде оны жеке меншігіне сатып алуына мүмкіндік береміз» деп түсіндірді мәселенің мәнісін Н.Әлтаев. Оның айтуынша, жаңа бастама сәтімен жүзеге асырылатын болса, ондай арзан үйлер Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында да бой көтереді.
Айта кетер жайт, 17 та­­мыз­да Солтүстік Қазақ­станға барған жұмыс са­­парында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­­баев өңірде салынып жатқан 14 тұрғын үйдің құрылысымен танысқан болатын. Түстіктен теріскейге қоныс тепкен отбасылармен емен-жарқын жүздескен Елбасы мемлекет тарапынан барлық жағдайлардың жасалатынын қадап айтты. Келелі кездесуде Президент өзінің әртүрлі өңірлердегі еңбек жолы туралы әңгімеледі. «Өмірде кездескен қиындықтарды жеңіп, бүгінгідей дәрежеге жеттім. Сіздер де мұндай қадамды балаларыңыздың болашағы үшін жасадыңыздар!» деді ­Н.Назарбаев жүздесуде.

Биыл солтүстікке 9,1 мың адам көшеді

Расында да, мемлекет көшкен жұртты қолдауға барынша жағдай туғызуда. Біріншіден, көшіп-қонуға 84,2 мың теңге көлемінде жәрдемақша беріледі. Сондай-ақ, әр отбасына тұрғын үйді жалға алуға және сатып алуға ай сайын 1 жыл бойына 36,1-нан 72,2 мың теңгеге дейін қаржы төленеді. Екіншіден, биылдан бастап бір мезгілде жұмысқа кем дегенде 5 адамды қабылдаған жағдайда, жұмыс берушілерге 450 айлық есептік көрсеткіш (1 млн 82 мың теңге) көлемінде қосымша жәрдемақша бөлінеді. Үшіншіден, солтүстіктегі еңбек күші тапшы өңірлерге көшуді ынталандыру мақсатында «Серпін» және «Дипломмен ауылға!» бағдарламаларын интеграциялау жолдары қарастырылуда.
Айта кетелік, бүгінге де­йін 9,1 мың қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке көшуге ниет білдіріп отыр. 10 шілдедегі Үкімет отырысында бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова хабарлады. Ол биыл солтүстіктегі маман тапшылығын толтыру үшін 2328 отбасын (9,1 мың адам) көшіру жоспарланғанын мәлім етті. Биылғы көштің жалпы бюджеті 2,4 млрд теңгені құрайды, бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 4,4 есеге өскен. Ал тұрғындардың ең көбі (767 отбасы, 3,4 мың адам) Солтүстік Қазақстанға қоныстанады. Одан кейінгі орындарда Шығыс Қазақстан (714 отбасы, 2,5 мың адам); Павлодар (460 отбасы, 1,8 мың адам); Қостанай (297 отбасы, 1,2 мың адам) облыстары тұр. Ресми дерекке сүйенсек, 1 шілдеге де­йін 412 отбасы немесе 1607 адам көшкен. Соның ішінде 350-і жұмыс орындарын тауып, 1341 бала балабақша мен мектепке орналасқан. 68 түлек колледж бен университетке түсіпті.

Кәрібай МҰСЫРМАН, Мәжіліс депутаты:

БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ҚАЙТА ҚАРАУ КЕРЕК

Бұл, мемлекеттік тұрғыдан алғанда, аса маңызды істің жергілікті жерлерде орындалуы қанағаттанарлықтай емес. Былтыр Үкімет қаулысымен жұмыс күші артық өңірлерде тұратын отбасыларды жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыруға бөлінген 463 квотаның 196-сы ғана игерілген, яғни тиісті тапсырма небәрі қырық екі-ақ пайызға орындалған. Тек Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы айрықша мүдделілік танытып, өткен жылы квотадағы 110 отбасының орнына 129 отбасыны қабылдаған. Осыған байланысты Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, мынадай ұсыныстар енгіздім: біріншіден, қоныс аударушыларды қабылдаудың 2017-2019 жылдарға арналған өңірлік квотасын бөлу мәселесін қайтадан қарау қажет. Өйткені үстіміздегі жылы артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге 288 отбасыны қоныстандыру белгіленген. Алайда бұл жеткіліксіз. Өйткені бір ғана Солтүстік Қазақстан облысы биыл квотадағы 110 отбасының орнына 300 отбасыны қабылдауға дайын екендігін мәлімдеп отыр. Екінші, жұмыс күші артық өңірлер тұрғындарының жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге бірнеше отбасы болып, шоғырлана көшуін ұйымдастырған жөн. Мұның өзі олардың барған жерлеріне тезірек бейімделуіне оң әсерін тигізері даусыз. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша қоныс аударушылардың тұрғын үйді жалға алуына бөлінетін қыруар қаржыға олардың өздері көшіп баратын елді мекендердегі босап тұрған тұрғын үйлерді сатып алуына рұқсат беру керек. Бұған қоса, қоныс аударушылардың өздері үшін тұрғын үйлер салуына мүмкіндік туғызу және оларды тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button