Қоғам

Абырой биігіндегі азамат

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тағылымды сөз бар. Осы сөзді бүгінгі кейіпкерім, ақмолалық абыройлы азамат Зейнолла ­РАХЫМҰЛЫНА қаратып айтсам артық кеткенім емес.

Өткен ғасырдың 80-жылдарының басы. Сілеті ауданық партия комитетінде істеп жүрген кезім. Бірде кабинетіме бойына ақшыл сұр костюмі жарасқан, орта бойлы аққұба жігіт кіріп келді. Жанында ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Владимир Марченко бар.

– Менің әріптесім – облыстық партия комитетінің нұсқаушысы Зейнолла Рахымұлы Шибкенов, – деп таныстырды әлгі жігітті Владимир Иванович.

Содан Зейнолла ініммен бірден ана тілімізде сөйлеп кеттік. Қазақшасы өте жақсы, бұл кісіден бұрын келіп жүргендер ресми тілде сөйлесуге тырысатын. Қазақи дәстүрмен бір-бірімізбен жақын таныса бастадық. Зейнолла Рахымұлы қаймағы бұзылмаған, тәуірлердің шыққан жері – Жаңаарқа өңірінде туып, Омбының теміржол институтын бітіріп, жолдамамен Ақмола теміржол басқармасына қызметке келіп, осы қалада тұрақтап қалыпты.

Жолдама дегеннен шығады, сөздің реті келгенде айтып кетейін. Кеңес дәуірінде «жұмыссыздық» деген термин болмайтын. Ол кезде еңбек етпегенге шара қолданылатын. Қазір бірнеше дипломы барлар жұмыс таппай, кейбіреулері отбасын асырау үшін базарда арба сүйреп жүр. Әрине, бұл нарықтың заңы шығар, сонда да жүйелі, жоспарлы түрде жұмыс жүргізілсе, жұмыссыздықтан толық айырылмасақ та, көрсеткішті төмендетуге болар еді деп ойлаймын. Таяуда «Астана ақшамы» газетінде жалған ста­тистика туралы мақаланы оқыдым. Шындығында да, статистиканың көрсеткен цифрынан жұмыссыздар саны әлдеқайда жоғары.

Зейнолла Рахымұлы куратор ретінде ауданға жиі келіп жүрді. Тіпті жылы жақындасып, ескі таныстай болып кеттік. Қызметке келгеннен кейін осында ерейментаулық арумен отбасын құрып, балалы-шағалы болды. Қазақша айтқанда, Ақмола облысына күйеу бала болыпты. Теміржол саласында жүргенде коммунистік партияның қатарына өтіп, қоғамдық жұмысқа белсене араласа бастайды. Осыны байқаған Целиноград қалалық партия комитеті қызметке шақырыпты. Целиноград қаласы тоғыз жолдың торабында, төрт жаққа шығатын теміржол бағыты осы қалада тү­йіскен.

Ол кезде халықтың негізгі көлігі де пойыз, халық шаруашылығы өндірісінің жүктерін таситын да пойыз болды. Қалалық партия комитетінің Зейнолла Рахымұлы істеген бөлімі негізгі бөлімдердің бірі-тұғын. Осы жұмыста тіс қағып, тәжірибе жинаған және зор жауапкершілікпен атқарғанын байқаған облыстық партия комитеті оны өздерінің аппаратына алады. Мұнда ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қыз­метін атқарады. Осылай еңбек етіп жүргенінде, 90-жылдардың басында коммунистік партия ыдырап, кеңес өкіметі құлап, барлық республика егемендікке қол жеткізді. Егеменді елімізде қиын жылдар басталады. Осы кезде Қазақстанның азаматы, онымен қоса тәжірибелі қызметкер ретінде халық шаруашылығын жандандыру үшін Зейнолла Рахымұлы әртүрлі жауапты қызмет атқарды.

Өзімен қызметтес болған Сансызбай Есілов әріптесі жайлы былай дейді: «Зекен жұмысқа өте ұқыпты еді. Тапсырылған шаруаны білгірлікпен орындауға тырысатын. Соңғы уақытта қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі болды. Мұнда да бұл кісінің белсенділігін байқадық. Халық шаруашылығына ең қажеттілердің бірі вагондар болды. Осы «Вагон жөндеу зауытының» қалыпқа келіп, өнімінің артуына зор үлесін қосты. Осы зауыттың бас директоры қызметін атқарды. Зейнеткер ретінде қалалық Ардагерлер кеңесінің жұмысына да белсене араласып жүр».

Ал қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сатыбалды Жұмағатов болса «Өзімнің байқауымша, өте кішіпейіл, қарапайым азамат. Кездес­кенде адамды өзіне тартып тұрады. Еңбегінің жемісі – «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Қазақстанның құрметті теміржолшысы» белгісі» дейді.

Кезінде Шерхан Мұртаза «жетпіс» деген сөз жеттім, пістім деген мағынаны береді деп айтыпты. Олай болса біз де жетпіс жасына жетіп отырған Зейнолла Шибкеновтің қоғам үшін әлі де берері көп болатынына сеніммен қараймыз.

Естуімше, Зейнолла бауырым ептеп сырқаттанып жүрген көрінеді. Тезірек айығып, жазылып, қатарымызға қосылуыңыз­ға тілектеспіз. Жетпістің жотасына шықтыңыз, енді сексеннің сеңгіріне, тоқсанның төріне шығыңыз демекпін!

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, Қазақстан Журналис­тер одағының ­мүшесі, Астана қаласы ­Ардагерлер кеңесі ­медиатобының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button