Елорда тынысы

Жайлы әрі қауіпсіз қала

Кеше Астана қалалық коммуникациялар қызметінде елорда мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың қатысуымен брифинг өтті. Ол Астананы жайлы және қауіпсіз қалаға айналдыру үшін қолайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, жұртшылықты толғандырған сауалдарға жауап берді.

«Биыл өткен Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау Мемлекет басшысы айтқан саяси және конституциялық реформалардың қисынды қорытындысы болды. Осы өзгерістердің барлығы мәслихаттардың өздерін қалыптастыру процесін жаңартты деуге толық негіз бар. Егер бұрын үміткерлер тек партиялық тізімдер бойынша таңдалса, енді бір мандатты округтер бойынша сайланады. Қазір елорданың мәслихатында Amanat, «Ақ жол», «Байтақ» және «Қазақстан халық партиясынан» 34 депутат бар» деді Е.Каналимов.

Мәслихат төрағасының айтуынша, тұрғындармен кездесулерде, негізінен, коммуналдық-тұрмыстық мәселелер айтылады: қоғамдық көлік жұмысы, абаттандыру, көгалдандыру, қоқыс шығару.

«Мәслихат депутаттары әлеу­меттік жағынан аз қамтылған отбасыларға тұрғын үйлерді газдандыруға материалдық көмек мөлшерін 130 АЕК-ке бекітті. Көптеген отбасының бұл көмекке қолы жетті. Сонымен қатар, қажетті құжаттар тізімі қысқарды» деп түсіндірді мәслихат төрағасы.

Ол астаналық полиция білікті кадрлардың, атап айт­қанда, учаскелік, мектеп және кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлардың тапшылығын сезініп отырғанын айтты.

«Пункттер мен стационарлық модульдік бекеттерді ашу қажет. Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасын және жеке құрамын әлеуметтік қолдау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өрт сөндіру бөлімдерінің ғимараттарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өрт сөндіру деполары салынуда, қажетті жабдықтар сатып алынуда, әлеуметтік мәселелер шешілуде: құтқарушылардың балалары лагерьлерге жіберіліп, отбасыларға пәтер сатып алуға сертификаттар бөлінуде» деді ол.

Мәслихат төрағасы мектептер мен студенттік жатақханалардың құрылысына жеке тоқталды.

«Amanat партиясы елордалық филиалының сайлауалды бағдарламасын орындау бо­йынша жол картасы аясында Астанада 2027 жылға дейін 53 мектеп салу жоспарланған. Олардың 11-і биыл салынады. Әлеуметтік нысандардың қажеттіліктерін ескере отырып, қаланың барлық ауданында орналасатын болады. «Жайлы мектеп» қанатқақты жобасы аясында 2025 жылға дейін 89 мың орындық 24 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда» деді Е.Каналимов.

Оның айтуынша, биыл елорданың барлық мемлекеттік мектептерінің бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 5-11-сынып оқушылары мектеп асханаларында жеңілдік негізінде тамақтануды жалғастыруда.

«Өткен жылы менеджмент, бизнес және білім колледжі студенттеріне арналған жатақхана ашылды. Жақында политехникалық колледжде заманауи шеберханалары бар жатақхана пайдалануға беріледі. Депутаттық корпус­тың күш-жігерінің басым бөлігі елордада 16 тұрғын үй алаптарының тұрғындары үшін қолайлы жағдайларды жақсартуға бағытталған. Биыл «Үркер» тұрғын алабында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Мұнда ХҚКО, полиция пункті, қарттарға арналған клуб, балаларға арналған қысқа мерзімді бөлмелері және т. б. қарастырылған» деп жалғады сөзін спикер.

Үлестік құрылыс мәселесі елорда әкімі мен мәслихаттың тұрақты бақылауында. 2019 жылы Астанада 150-ге жуық проблемалы тұрғын үй болған. Осы жылдың басында құрылыс кезеңінде 32 үй болды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы 16 нысанның құрылысы аяқталған соң, 6 нысанда 1500-ге жуық үлескер өз пәтерінің кілтін алады» деді мәслихат төрағасы.

2600 үлескерге ағымдағы жылдың соңына дейін пәтер кілті тапсырылады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button