Әлеумет

Жанашырлыққа жан риза

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында әлеуметтік қызметкерлер күніне арналған «Ізгілік туы – бірлікте» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті. Қайырымдылыққа үн қосуға бағытталған іс-шараға халық қалаулылары мен қайырымды азаматтар, исламтанушылар мен құқық қорғау саласының өкілдері қатысты.

Көпбалалы, толық емес, жағдайы төмен және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға кешенді кеңес беру қызметтерін көрсету, отбасы институтын нығайтуға бағытталған шараларды жүзеге асырады.

Қайырымдылық шараның ­мән-мазмұнына тоқталған қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб:

– Мұқтаж азаматтарға қамқорлық жасау – игі істің бірі. Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні қарсаңында сондай игілікті шараға ұйытқы болған сала мамандарына ризашылығымды білдіремін.

Астана қаласында 23 мың көпбалалы отбасы тұрады. Әрине, бірінің әлеуметтік жағдайы жақсы болса, екіншілері тағдыр тауқыметін тартып отыр. Жыл басынан бері «Жанұя» орталығына түрлі себеппен мыңдаған адам келіп, тиісті көмегін алуда. Мәселен, төртінші тоқсанда 2500 адам орталыққа келіп, қажетті кеңес алды, – деді ол.

Мәжіліс депутаты Динара Закиева жеке адамдарға қоғам мен оның құрылымдары тарапынан үнемі қолдау көрсетіп, әлеуметтендіруде сала мамандарының еңбегі зор екенін атап, бірқатар әлеуметтік қызметкерлерді алғыс хатпен марапаттады.

Исламтанушы Фархат Исаұлы түсіндіргендей, қазақ халқының ең ізгі қасиетінің бірі – қайырымдылық. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей, қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру – сауапты іс, берекелі бастама.

Шара соңында демеушілердің қолдауымен алынған сыйлықтарды орталыққа көмек сұрап жүгінген отбасыларға берді.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button