Спорт

Қазақ көшінің куәсі

Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Әбдірахман Жәлелұлының «Өмір жолымдағы соңғы көш» атты өмірбаяндық  кітабының тұсауы кесілді.

«Отандастар қоры» КЕАҚ, ҚР Ұлттық академиялық кітап­ханасы, «Зуқа батыр Сәбитұлы» қоғамдық қоры бірлесіп өткізген бұл шараға тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шараны басқарып, жүргізген «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы ХХ ғасырдың басында және ортасында қазақ халқының басына түскен ауыр нәубет, зұлмат жылдар туралы тоқталып, «жұмыр жердің жотасы» атанған Тибет қыраты – Гималай тауынан асқан қазақ көшінің  адамзат тарихына өшпейтін із қалдырғанын айрықша атап өтті. «Біз бүгін шетелдегі қазақтардың арасындағы танымал тарихи тұлғаның бірі, Алтайдан басталып, Баркөл, Тибет жотасы арқылы Гималайды асқан, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен айтулы көштің көзі тірі куәгері, қоғам қайраткері – Әбдірахман Жәлелұлының «Өмір жолымдағы соңғы көш» атты өмірбаяндық кітабының тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Бұл кітап қазақ тарихының маңызды құрамдас бөлігі саналатын Алтайдан Анадолыға дейін ауған қазақ көшінің бастан кешкен кешірмелерімен құнды деп ойлаймын. 2022 жылы қазақ көшінің түбі бір Түрік еліне қоныс аударғанына 70 жыл толды. Осы бір тарихи сәтке орай, «Отандастар қоры» КЕАҚ Қазақстан ұлттық телеарнасымен бірлесіп, Алтайдан Анадолыға дейін ауған көш жайлы деректі фильм түсірілді. Жақында елімізде және Түркияда осы фильмнің тұсаукесері өтеді. Мақсат – көштің куәгерлерінен нақты дерек алып, осы көшке тарихи тұрғыдан баға беру» деді ол.

Әбдірахман Жәлелұлы – Қытай қазақтарынан шыққан Ұлт-азаттық көтерілістерінің көш басшыларының бірі әйгілі Зуқа батырдың немересі. 1938 жылы Баркөлде дүниеге келіп, он неше жасында көшпен бірге Гималай асып, Түркияға жеткен. Қазір Германияның Кёльн қаласында тұрады. Еуропа қазақтары қауымдастығының негізін қалаушы және құрметті төрағасы. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының екі мәрте төралқа мүшесі болған көрнекті қоғам қайраткері.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button