Басты ақпаратҚоғам

Мемлекеттік қызметті үйден шықпай алыңыз

Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап ҚР Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігі пилоттық режимде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін сынақтан өткізуде.

Пилоттық бағдарлама бойынша 5 мемлекеттік органда, атап айтқанда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде, Сауда және интеграция министрлігінде, Ақмола облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктерінде жұмысқа орналасуға болады.

«Eqyzmet.gov.kz» сайтында мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі әзірленген. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге конкурсқа барлық кезеңдерде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен қатысуға мүмкіндік береді. Ол үшін тек сайтта тіркеліп, өзіңізге ұнаған бос лауазымдарға өтініш жіберсеңіз жеткілікті.

«Е-қызмет» жүйесі барлық негізгі ақпараттық жүйелермен біріктірілген. Бұл мемлекеттік қызметке үміткерлерге құжаттарды жинауға уақыт жұмсамауға мүмкіндік береді. Үміткер туралы өзге ақпараттық жүйелерден ақпарат алу, оның соттылығын немесе өзге де құқық бұзушылықтарға қатыстылығын тексеру, біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау – мұның бәрін автоматты түрде жүзеге асырады. Бұл, әрине, мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу процесін тездетуде көмектеседі.

Конкурсқа қатысу үшін сізге бірінші кезекте мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасының заңнамаларын (Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі) білуге тестілеуден өту қажет. Тестілеу бағдарламасында көрсетілген мәндерден төмен нәтижелерді жинаған адамдарды қайта тестілеуге жіберуге күнтізбелік үш күн өткен соң ғана жол беріледі.

Мемлекеттік тілді білуге арналған тестілеуден өтуге шекті мән белгіленбейді. Тестілеуден өту кезінде тиісті талаптардың мүлтіксіз сақталуын бақылау прокторинг жүйесімен қамтамасыз етіледі.

Егер заңнама бойынша тестілеуді сәтті тапсырсаңыз, келесі жеке қасиеттерді бағалау тестіленуіне өтесіз. Жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дағдылары мен моральдық-этикалық қағидаттарын айқындау үшін жүргізіледі.

Пилоттық бағдарламаға енгізілген жаңашылдықтың бірі – мемлекеттік қызметшінің мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау­да мемлекеттік қызметшінің шағын мәтіндерді түсінуі және оны дұрыс тұжырымдай білуі сыналса, сандық ақпаратпен жұмыс тапсырмалары ақпаратты іздеу, талдау және есептеу қабілетін бағалауға бағытталған. Сондықтан шарт әдетте сандармен, графиктермен немесе ескертулермен жүктеледі.

Мәтіндік және сандық тесттен ең жоғары ұпай жинаған 3 үміткер іріктеудің соңғы кезеңі сұхбатқа жолданады. Сұхбат нәтижесін арнайы тәртіп бойынша құралған комиссия мүшелері бағалайды.

Жалпы алғанда, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі конкурстың ашық өтуін қамтамасыз етеді, сондықтан да әр кезеңнен кейін әр үміткер өзінің және басқа үміткерлердің қорытынды нәтижелерімен таныса алады.

Бұл пилоттық бағдарлама өз кезегінде бюрократия көрінісіне жол бермейтін мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметке іріктеудің ашықтығын қамтамасыз етуге өз үлесін қосады.

Әйгерім ЕРЖАНОВА, ҚР Мемлекеттік

қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button