Басты ақпаратҚала тіршілігі

10000 ақылы тұрақ іске қосылады

Биыл жыл басында Астананың бірнеше жеріне ақылы тұрақ жүйесі қосылып, жүзеге асып келе жатқаны белгілі. Жүйелі құрылған іс қашанда жалғасын ­табары анық. Жақында ақылы автотұрақ санын 10 мың орынға дейін арттыру жоспарланып отырғаны туралы ақпаратқа қанық болдық. Осыған байланыс­ты «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС директоры Ардақ Тұрғанқұловпен байланысқа шығып, көкейімізде жүрген сауалдарымызға жауап алдық.

– Ардақ мырза, әңгімемізді ең әуе­лі ақылы тұрақ жүйесін ен­­­гізу туралы бастама қай уа­қыт­тан қолға алынғанынан бас­тасақ.
– Сұрағыңызға көшпес бұрын мына жайтты айта кеткім кеп отыр. Астана күн санап дамып, аумағы үлкейіп бара жатқанына бәріміз куәміз. Алайда бір өкі­ніштісі, көлік саны да артып барады. Шынын айту керек, қазір олар бас қаламыздың басты орындарын «жаулап» алды. Астана бұрын кептелісі жоқ қалалардың бірі еді. Соңғы жылдары бұл түсінік те мәнін жоғалта бастады. Қазір кептеліссіз межелеген жеріңе жету мүмкін емес. Тұрғын үйлердің аулалары, жол жиектері, тіпті жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға дейін қаңтарылып тұрған машиналарға куә боламыз. Зерттеп қарасақ, кей отбасында екіден-үштен көліктері бар. Бұл жақсы ғой. Бірақ қаламыздың өзге тұрғындарына ыңғайсыздық тудырып отырғанын ескерген жөн. Темір тұлпар санының артуы жаяу жүргіншілерге, әсіресе мектеп жасындағы балаларға, құндақтағы сәбиі бар аналарға, мүгедек жандарға, сондай-ақ велосипедшілерге зиянын тигізіп отыр. Өзгенің құқығын шектеуге болмайды. Қанша дегенмен Астана жүргізушілерге ғана арналған қала емес қой. Міне, осыны ойлаған қала басшылығы соңғы екі жылда көлік тұрағы кеңістігін ретке келтіру мәселесіне білек сыбана кірісті. Осы істі шешу үшін халықаралық PWC (PricewaterhouseCoopers) мамандары тартылды. Ең алдымен тұрақ санының жетіспеушілігін шешу қажет болды.
– Ақылы тұрақ мәселесін бір жолға қою ісінде шетелдік мамандардың қандай көмегі тиді?
– Олар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде паркинг­терді Түркістан, Достық, Орынбор көшелеріндегі аула маңайларына, сондай-ақ «Нұржол» бульварының бойына мониторинг жүргізді. Одан бөлек, мониторинг қаланың өзге де жерлерінде таңғы 7.00 мен түнгі 2.00 аралығында өткізілді.
Осы тұста алғаш болып ақылы тұрақ жүйесі енгізілген «Нұржол» бульварын мысалға келтіре кетейін. Ақылы тұрақ енгізілгенге дейін бұл маңайға бір күнде 564 жүргізуші көлігін қойса, оның 238-і, яғни 42 пайызы тиісті ере­жені сақтамағаны анықталды. Әрқайсысының көлік қою уақыты орташа есеппен алғанда 2 сағат 33 минутты құраған.
Бұдан бөлек, мониторинг нәти­же­сінде елордалықтардың 42 па­йызы автотұрақ ретінде тұрғын үй маңайын пайдаланса, тек 26 па­йызы ғана паркингтерге қоятыны белгілі болды. Сол сияқты тұрақ алаңында жүргізушілердің 32 пайызы ереже бұзады екен. Міне, осындай зерттеу жұмыстарынан кейін қалалық әкімдік пен Жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бірлесе отырып, «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-ін құру туралы шешім қабылдады.

– Жаңа жүйе енгізілмес бұ­рын өзге елдердің тәжірибесі қолданылды ма?
– Қандай ел болсын автомобилизация деңгейі (1000 тұрғынға 300-400 көліктен) артып бара жатқан жағдайда проблеманы шешу үшін free parking режимінен бас тартуға мәжбүр болады. Яғни қоғамдық орындар бұрынғыдай жеке көлік тұрағы ретінде қолданылмайды. Шетелдік тәжірибеге жүгінер болсақ, Американың ірі қалала­рында 1930 жылдардың өзінде ақылы жүйе енгізілген. Еуропада бұл жүйе 1960 жылдардан басталыпты. Ал ТМД елдерінде соңғы жылдары ғана қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Мәселен, көршілес Ресей Федерациясында 2013 жылдан басталған.
– Жақында «Astana аqshamy» басылымында елордаға қо­сымша 10 мыңнан аса ақылы тұ­рақ іске қосылатыны жайлы ақ­парат шықты. Осы жайлы тар­қатып айтып берсеңіз.
– Алдағы жылдары ақылы жүйе Астананың барлық аймағына енгізіледі. Ал басымдық, негізінен, қаланың сол жағалауы бөлігіне беріледі. 2018-2019 жылдары Есіл ауданында 3908 көлік орны ақылы болады. Ал осы жылдың соңына дейін Қонаев, Мәңгілік ел, Сарайшық, Сығанақ және Қа­банбай батыр көшелерінің аумағы жаңа жүйеге көшеді. Бұдан бөлек, жаңа жүйе қаланың оң жағалауындағы Сарыарқа, Бөгенбай батыр, Уәлиханов, Бараев көшелеріне және Республика даңғылына да енгізу жоспарланып отыр. Жоспар бойынша 2019 жылдың соңына дейін Байқоңыр ауданында 242 орын, Алматы ауданында 3337 орын, Сарыарқа ауданында 2773 орын ақылы жүйе бойынша жұмыс істейді.
– Астанадағы автотұрақ орындарын толығымен ақылан­ды­ру көлігі бар тұрғындарға ке­рі әсерін тигізбей ме? Ал те­гін орындар жағы қалай қа­растырылмақ?
– Шыны керек, тегін орындар тек жеңілдігі бар азаматтарға ғана қарастырылған. Қазір «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС осы санаттағы тұрғындарды тіркеу жұмысына кірісіп кетті. Қазір 500-ден астам жеңілдігі бар адам тіркеуден өтті. Олардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, «Алтын Қыран», «Халық Қаһарманы» ордендерімен марапатталған тұлғалар, «Алтын алқа» мен «Күміс алқаға» ие болған көп балалы аналар секілді жандар бар. Бұған қоса, Семей полигонынан зардап шеккендер, Ауғанстан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне жеңілдіктер қарастырылған. Осы санатқа кіретін азаматтар Астана қаласы, Шарль де Голль, 1 А мекенжайына келіп, тұрақ алаңдарын тегін пайдалану жөніндегі тіркеуден өтуі қажет.
– Ал паркоматтың жұрт білмей­тін қандай ерек­ше­ліктерін айтар едіңіз?
– Ақылы тұрақ алаңына кірер алдында жүргізуші паркомат автоматына кез болады. Оның бір ерекшелігі, ақысын алдын ала төлеу қажет. Бұл бізде ғана емес, жоғарыда аты аталған қалалардың бәрінде бар. Бұдан бөлек, көп­шілік сұрайтын мына бір жайтты айта кеткім келеді, егер екі сағат уақыты үшін 200 теңге төлеген жүргізуші бір сағаттан кейін кетуі керек болса, SMS хабарлама арқылы 2888 нөміріне «с» деген әріпті жіберуі тиіс. Осылай автотұрақ уақытының бір сағаты сақталып қалады. Сол сияқты мобильді қосымша ар­қылы да қалған уақытты келесі жолға қалдыруға болады. Ал ақы­сын төлеуден жалтарған жүр­гізушіні 3 АЕК көлемінде, яғни 7215 теңге айыппұл күтіп тұрады. Бұдан өзге мәліметтер 2888.kz сайтында толығымен жазылған.
– Жүргізушілерге арналған арнайы салық бар. Мұндай салық бола тұра, тұрақтарға ақы төлеу қаншалықты орынды? Бұл заң жүзінде көрсетілген бе?
– Ақылы автотұрақты іске қосудың басты себебі бұл, жұрт ойлағандай, қала қазынасын қомпайту емес. Белгілі урбанист Аркадий Гершман былай деген: «Ақылы тұрақ – сұраныс пен ұсынысты реттеу құралы. Кез келген қала басшылығы тұрғындарды жеке көлігімен кептеліссіз әрі кедергісіз жүруін қамтамасыз ете алмайды». Біз де сарапшының осы пікірімен келісеміз.
Бұдан бөлек, жақында Мемлекет басшысы Астананы дамыту жөнінде өткізген жиналыс­та ақылы тұрақ мәселесі жайлы айтқанын естеріңізге сала кетейін. «Мерседес көлігін сатып алуға ақша табылса, ақылы автотұраққа да табылады. Кері жағдайда айыппұл салу керек. Сонда барып тәртіп орнайды. Есесіне қоғамдық көліктерді пайдаланатындар саны артады» деген Нұрсұлтан Назарбаев.
Иә, автомобиль – қозғалыс құ­ралы. Бірақ ол жекеменшік болып есептеледі. Ал жер – қаланікі. Еш жерде жүргізушілер үшін тегін орындар қарастырылуы керек деп айтылмаған. Егер адам көлік алатын болса, оның бензині үшін де шығындалатынын бі­леді. Сондай-ақ арнайы салық төлейтінінен де хабардар. Демек, оның автотұраққа да ақшасы жетеді. Егер автотұраққа ақшаңыз жетпесе, қоғамдық көліктермен қатынаңыз. Міне, мәселенің шешімі осы ғана. Әркім өзіне ыңғайлысын пайдаланады. Бұған қоса, Астанада велосипедшілер үшін арнайы жолақтар орнаты­лып, жағдай жасалғанын ұмыт­паған жөн.
– Жоғарыда айтқан жоспар­ларға қарап, Астананы автомо­бильсіз қала ету басты мақсат етілгендей көрінеді.
– Алты айда жүргізілген жұ­мыстарға қарап «Нұржол» буль­варының бойын жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз етілгенін байқадық. Апаттар саны күрт азайды. Желекжол бойы қала тұрғындары мен қонақтары үшін айтарлықтай ыңғайлы бола бастады. Бұл бас­тама қаланың өзге де тұстарында жалғасса, керемет емес пе! Басты мақсатымыз – Астананы қауіпсіз, ыңғайлы қала ету.

Сұхбаттасқан
Аян ӘБДУӘЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button