Басты ақпарат

16 отбасы Екібастұзға көшті

«Нұрлы Ертіс» бағдарламасы аясында елордадан Екібастұз қаласына қоныс аударушылардың оныншы легі, барлығы 16 отбасы қоныс аударды.

Екібастұз қаласының жұмыспен қамту орталығының маманы Айгүл Шабекованың айтуынша, бұл жолы 80 адам (51 бала және 29 жұмысқа жарамды азаматтар) көшті.
Талапқа сәйкес отбасы мүшелерінің біреуінің арнайы мамандығы болуы керек. Нұр-Сұлтан қаласында кем дегенде бір жыл уақыт тұрақты тіркеуде тұрған отбасылар бағдарламаға қатыса алады.
Екібастұз қаласына көшуді қалайтын отбасыларды іріктеу жалғасуда.
Қазіргі уақытта 1 бөлмелі пәтерлерді алғысы келетін отбасылардан өтініш көбеюде. «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы шеңберінде бұған дейін елордадан көшкен 205 отбасы қазіргі таңда Екібастұз қаласында екі және үш бөлмелі пәтерлерде тұрады. «Бағдарлама аясында қатысушыларға мемлекет тарапынан материалдық қолдау түрлері көрсетіледі. Біріншісі – тіркеуге тұрғаннан кейін қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына құжат тапсырылып, оң шешім қабылданған жағдайда 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 88375 теңге адам басына төленетін бір реттік төлем. Екіншіден, қоныс­танушылардың үй жалдау және төлемдерді өтеу жайында, яғни бұл отбасылар берілген үйлерде бір жыл көлемінде тегін тұрады. Тұрғын үймен қамтамасыз етумен қатар, біліктілігі бар мамандар жұмысқа орналасады. Көпбалалы отбасылардың балалары балабақшалар мен мектептерде тегін орындармен, оқушылар мектеп формасы және құрал-жабдықтармен, тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Барлық балаларға және ата-аналарға арналған көлік билеттері беріледі. Көпбалалы отбасылар Екібастұз қаласында тұрақты тіркеуде болады» дейді А.Шабекова.
Осы жолы Екібастұзға көшуге ниет білдірген адамдардың бірі – бес баланың әкесі Абылай Тұрлыбаев. Елордада 2017 жылдан бері тұрақты тіркеуде тұрған.
«Өзім электр маманымын. Жұбайым қазіргі уақытта бала күтімі бойынша үйде отыр. Балаларымның үлкені – 12 жаста, ал кішісі – 5 айлық. Екібастұзда өзімді жұмысқа тұрғызып, балаларымды мектепке, балабақшаға орналастырып, екі бөлмелі пәтер беріп жатыр, соған қатты қуаныштымыз» дейді ол.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button