Қоғам

Әлеуметтік нысандар жанында ақылы тұрақ бола ма?

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында коммуналдық ақылы паркингтерді пайдалану ережелері, қалалық көлікте жол жүру тарифтері және жануарларды ұстау ережелері талқыланды.

Қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин «Астанада Көлік құралдарын тұраққа қою үшін ақы алуға және тұраққа қою уақытын есепке алуға арналған арнайы сертификатталған құрылғылармен жабдықталған орындарды айқындау туралы» Астана әкімдігі қаулысының жобасын ұсынды.

Кеңес мүшелері әртүрлі ұсыныстар айтып, бұл құжатты мақұлдады. Атап айтқанда, тұрақ орындары немесе кіріктірілген паркингтері жоқ көпқабатты ғимараттардың жанында ақылы тұрақ орындарын енгізбеу, көлік жүретін жолдарға паркомат орнатпау, жалпыға ортақ, кептелісі аз, ірі бизнес нысандары мен әкімшілік көпқабатты ғимараттар жоқ көшелерді бос қалдыру ұсынылды.

Сондай-ақ зейнеткерлерге арналған тұрақ орындарының қызметтері үшін ақы төлеу тарифтерін төмендету мәселесін қарастыру ұсынылды. Бұл жобаның жаңашылдығына оң әсер ететіні айтылды. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың басқа түрлеріне айыппұл салу туралы мәселені зерделеу (тыйым салу белгісімен тұрақ, көгал немесе таблоидтық бөлікте тұрақ және басқалар) әңгіме болды.

Әлеуметтік нысандардың (ХҚКО, емхана, аурухана және басқалар) жанында ақылы тұрақ қағидаты бойынша ақылы тұрақ ақысы 61 минуттан асатын алғашқы 60 минутта ақылы тұрақ енгізуді қарастыру, балаларды көлікке отырғызу және түсіру кезінде екі қатардағы тұрақ мәселелерін шешу және білім беру нысандары жанында апатты жағдайды азайту үшін оқушылардың ауысым кестесіне сәйкес тұрақтардың 120 минутқа дейінгі тегін қызметін қамтамасыз ету ұсынылды. Мәселен, мектептер мен балабақшалар жанында сағат 7.30-дан 9.00-ге дейін, 12.00-ден-14.00-ге дейін және 17.00-ден 19.00-ге дейін тұрақтар тегін жұмыс істесе деген ұсыныс айтылды.

Жиында «Астана аумағында коммуналдық ақылы автотұрақтарды (паркингтерді) пайдалану ережелері туралы» екі жоба және Астана қаласы бойынша қалалық және қала маңындағы қатынастарда жолаушылар мен багажды автокөлікпен тұрақты тасымалдауға арналған тариф­терге қатысты қаулы жобасы пысықтауға қайтарылды.

Елорданың Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов «Астана қаласының сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидалары» қаулысының жобасын талқылауға шығарды. Бұл құжатты талқылау барысында табиғи апаттар немесе техногендік апаттар болсын, түрлі төтенше жағдайларға төзімді қауіпсіз кеңістік құру қажеттігі атап өтілді. Бұған қоса, нақты мына ұсыныстар айтылды: Астана қаласының Бас жоспарында қала құрылысын ерекше реттеу аймақтарының нақты шекараларын бейнелеу; Нақты өлшем бірліктерімен «функционалды аймақтарды ықшам орналастыру» ұғымына толық анықтама беру; Дауларды шешу кезінде екі жақтың да мүдделеріне нұқсан келтірмей, қала тұрғындарының пікірінің объективтілігін анықтау; тығыздықты есептеу үшін ең төменгі орташа тұрғын үймен қамтамасыз етудің мөлшерін 18 шаршы метрге дейін ұлғайт­пау және оны 15 шаршы метр деңгейінде қалдыру. Жалпы бұл жоба да қайта қарауға жіберілді.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Ерлан Бердалин әкімдіктің «Астана қаласының аумағында жануарларды ұстау ережелері туралы» қаулысының жобасын таныстырды. Бұл жобаға қатысты сұрақтар туындамай, құжат мақұлданды. Өйткені «Ветеринария туралы», «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстанның қолданыстағы заңдарына сәйкес әзірленді.

Елорданың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов «Астана қаласында кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін ұстауға жұмсалатын шығыстардың ең аз мөлшерін бекіту туралы» қаулы жобасын талқылауға шығарды.

Қоғамдық кеңес кондоминиум объектісін басқаруға және Астанадағы кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін ұстауға жұмсалатын шығыстардың ең аз мөлшерін бір шаршы метр үшін 57 теңге сомасында бекітуге ұсынуға шешім қабылдады. Бірақ тариф күрделі жұмыс түрлері мен материалдарды сатып алу үшін жеткіліксіз болатынын ескеру қажеттілігі айтылды. Кеңес мүшелері бұл мәселеде халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Жалпы Қоғамдық кеңес отырысында қаланың әлеуметтік және мәдени өмірі үшін маңызды мәселелердің кең ауқымы қамтылды. Мақұлданған шешімдер азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Құралай МҰРАТОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button