Елорда тынысы

Тәрбие тал бесіктен басталады

Кеше Астанадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында білім беру ұйымдарының педагогтарына арналған «әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі» атты республикалық ғылыми-педагогикалық конференция өтті

Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен, Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы және әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы ұйым­дастырып өткізген іс-шараға елордадағы ұстаздардан сырт, еліміздің түрлі облыстарындағы, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларындағы барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының педагогтары қатысты.

– «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз айтқандай, білім және тәрбие мәселесіне келгенде міндетті түрде ойшыл іліміне жүгінеміз. Саналы ұрпақ тәрбиелеу балаға берілетін тәрбиеден бастау алады. Өздеріңізге мәлім, елімізде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің әзірлеуімен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Өйткені тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Бала тәрбиесіне мектеп қана жауапты емес, ол – қоғам боп бірлесіп назар аударатын маңызды мәселе. Баланың жақсы тәрбие алуы отбасынан басталады. Отбасы тәрбиесі дұрыс болмаса, саналы білім алу да қиын. Осы мақсатта еліміздің 7832 білім беру ұйымында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылды, – деді іс-шараның ашылу салтанатында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының директоры Анар Тәңірбергенова.

Әбу Насыр әл-Фарабидің бай мазмұнды шығармашылық және ғылыми мұрасына жұртшылықтың назарын аудару, жас ұрпақ санасына әл-Фараби идеясын сіңіруді мақсат еткен конференцияның пленарлық отырысында ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі, «Еуразия тарихы мен мәдениетін зерттеу» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сатай Сыздыков, Қазақ ұлттық өнер университеті «эстрада өнері» кафедрасының аға оқытушысы, ҚР мәдениет саласының үздігі, ҚР мәдениет қайраткері Майра Дәулетбақ, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ-дің философия ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессор Асыл Тулеубеков және т. б. мамандар әл-Фарабидің философиялық мұрасының әртүрлі аспектісіне арналған баяндама оқыды.

«Әдебиет секциясы», «Тәрбие секциясы», «Ғылым секциясы», «Өнер секциясы» өтіп, қатысушылар әл-Фарабидің дүниетанымының негізгі ерекшеліктерін, оның философия, лингвистика, психологияға арналған еңбектерінің түпкі идеяларын, сондай-ақ ұлы ойшылдың адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ конференция бағдарламасы аясында қатысушылар Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында сирек кітаптар мен көне қолжазбалар қорымен танысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button