Қала мен Сала

Айыппұл орнына – ескерту

Елімізде құқықтық заңнамаларды жетілдіру және қарапайым азаматтар мен бизнес өкілдерінің мүдделерін қорғау жолында біршама жұмыстар қолға алынып жатыр. Осы мақсатта Әділет министрлігі арнайы заң жобаларын дайындап, ашық талқылаулар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келе жатқаны белгілі.

politsich

Кеше де Астана қаласы Әділет департаменті қабырғасында прокуратура, қалалық сот, Адвокаттар алқасы, Заңгерлер одағы, орта және ірі бизнес субъектілері өкілдерінің қатысуымен тағы бір ашық талқылау өтіп, меншік құқығын қорғау, даулы мәсе­лелер мен әкімшілік реттеуді арттыру секілді өзекті мәселелер талқыланды.

Жиында басымдық берілген мәселенің бірі «Әкімшілік рәсімдер туралы» заң жобасы болды. Мамандардың айтуынша, бұл құжат бойынша азаматтар мен ұйымдарға әкімшілік шешімдерді қабылдау процесінде үлкен өкілеттік беретінін, сондай-ақ олардың ой-пікірі міндетті түрде ескеріліп, қажетті рәсімдер үшін материалдармен танысу мүмкіндігі берілетін болады. Түсіндіру барысында әкімшілік шешімдерді сотқа дейін жоғары тұрған органға немесе өзге уәкілетті органға шағым берудің заң жоба бойынша мүмкіндіктері мен артықшылықтары уәкілетті органға, сонымен қоса жалпы «әкімшілік юстиция» деп аталатын органға соттық шағым беру мүмкіндігі қарастырылғаны айтылды.

Бұдан басқа, Парламент қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасының ережелері, сондай-ақ әзірленіп жатқан Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі­не өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. «Бүгінде Әділет министрлігінің бастамасымен «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы әзірленуде. Бұл өзгерістердің негізгі бағыттары – әкімшілік айыппұлдарды азайту. Бұл – көптен бері айтылып жүрген мәселе. Бас-аяғы 400-ге жуық әкімшілік құрам бойынша айыппұл көлемі 20-30 пайызға азаяды. Тіптен 50 пайызға дейін азайту туралы ұсыныстар бар» дейді Әділет министрлігі Заңнама департаменті директорының орынбасары Дархан Игенбаев.

Әкімшілік құқық бұзушылық демекші, аталмыш құжатта айыппұлды бір аптаның ішінде 50 пайыз жеңілдікпен төлеу мүмкіндігін одан әрі жетілдіру қарастырылып отыр. Бұған дейін мұндай жеңілдік тек жеке тұлғаларға ғана қатысты болып келген болатын. «Бүгінде бұл ережені заңды тұлғаларға қолдану мәселесі қаралып жатыр. Құжат аясында қарастырылып жатқан тағы бір мәселе ескерту жазасына қатысты болып отыр. Бізде ереже бұзғанның барлығына әкімшілік айыппұл салынады. Яғни, ескерту жазасы институтын кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл тұрғыда да 100-ден астам құрам бойынша нақты-нақты ұсыныстар әзірленді. Мәселен, жол ережесін бұзған адамға дәл сол уақытқа дейін бір жыл аралығында жауапқа тартылмаған болса немесе бұзушылық оқиғасы қоғам үшін аса қауіпті әрекет деп танылмаса, полиция қызметкері айыппұл салмай-ақ ескерту берумен шектелсе де болады» дейді Әділет министрлігі Заңнама департаменті директорының орынбасары.

Сонымен қатар, қолданыстағы «Медиация туралы», «Құқық­тық актілері», «Төрелік туралы» заң­дарға қатысты пікірлер ор­таға салынып, медиация, парти­си­пативтік рәсімдер, төрелік сияқ­ты қорғаудың соттан тыс түр­ле­рінің артықшылықтары айтылды.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button