Жаңалықтар

Діни ахуал тұрақты

Астана қаласы әкімдігі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, жергілікті мемлекеттік мекемелердің басшылары, депутаттар, діни бірлестіктердің жетекшілері, қоғам қайраткерлері қа­тысты. Отырыс барысында елордамызда қалыптасып отырған діни ахуалға жан-жақты баға беріліп, шынайы әңгіме қозғалды.

Жиын басында қала әкімінің орынбасары Е.Аманшаев Астана қаласында діни тұрғыда ешқандай кикілжіңнің орын алмағанын атап өтті. Бұл ретте осы бағытта жұмыс жүргізіп отырған мемлекеттік мекемелер мен діни бірлестіктердің жетекшілері жауапкершілік танытып келе жатқанын жеткізді.

Кеңес отырысында екі мәселе қаралып, бірінші кезекте Астана қаласында еліміздің дін саласындағы заңнаманың бұзылуының алдын алуда мемлекеттік органдардың тиімді бірлесе жұмыс істеуі және деструктивті діни ағымдардың идеологиясының алдын алу жұмыстары туралы баяндама тыңдалды. Айтулы мәселе төңірегінде ІІД Экстремизммен күрес басқармасы бастығының орынбасары Мадияр Айтуғанов басқарманың тарапынан жасалған іс-шаралар туралы жан-жақты мәлімет берді. Астанада діни ахуалдың тұрақты екенін айтты.

Екінші сұрақ бойынша баяндама жасаған «Нұр-Астана» орталық мешітінің наиб-имамы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастырған іс-шаралары жөнінде хабарлама жасады. Қазіргі таңда Астана мешіттерінде ҚМДБ тарапынан бекітілген 45 дін қызметкері жұмыс жасауда. Насихат жұмыстарын жандандыру мақсатында Бас мүфтидің бұйрығымен жыл басынан бері қаладағы «Нұр Астана», «Әлжан ана», «Әл-Ғани», «Төлебай» және «Шейх Күнта қажы» мешіттеріне 9 білікті дін маманы қызметке тағайындалды. Алматы қаласындағы «Нұр Мүбәрәк» Египет Ислам университетінен Қабылбек Жұмабеков есімді теолог-маман арнайы шақыртылып, келісімшарт негізінде жұмыс жүргізілуде. Астана қалалық Дін істері жөніндегі басқармасы Дін проблемаларын зерттеу орталығымен бірлесе отырып, осы жылдың 25-29 сәуірі күндері өткен РАНТ-тың жұмысы аясында қала бойынша түрлі деңгейдегі 24 кездесу ұйымдастырып, осы шараларға 10 470 адам қамтылды.

Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Данияр Есин өзінің баяндамасында кеңестің дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізудегі маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар, кеңес жанынан Сарапшы топ құруды ұсынды. Аталған топқа ғалымдар, теологтар, дәстүрлі дін өкілдері және үкіметтік емес ұйым мүшелерін тартып, қаладағы діни ахуалды зерттеумен айналысу қажеттілігін жеткізді.

Кеңес отырысын қорытындылаған Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Аманшаев мемлекеттік органдарға және кеңес мүше­леріне кеңестің 2017 жылғы жұ­мыс жоспарына ұсыныстар енгізуді және аталған сұрақтар бойынша тиісті іс-шаралар ұйымдастыруды тапсырды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button