Жаңалықтар

Коммуналдық нысандар неге сатылады?

Жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес Астанада бірнеше кәсіпорынды бәсекелестік ортаға беру науқаны жүруде. Бұл үдеріс бірқатар спорт клубтарын саудаға шығарумен басталды. Осы күндерге дейін аукцион арқылы коммуналдық меншік нысандарының санатына жататын «Қайсар» спорт клубы, «Астана» көкпар клубы, Х.С.Омаров атындағы шахмат клубы және «Астана батыры» жекпе-жектер клубы сатылды.

erm_4990

Осыған орай Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукиннің қаты­суымен баспасөз мәслихаты ұйым­дастырылып, онда аталмыш науқанның барысы егжей-тегжейлі түсіндірілді.
«Коммуналдық меншікке кірген кәсіпорындарды бәсекелестік ортаға берудің нәтижесінде қала бюджетінде 500 млн теңгеден артық қаржы үнемделеді. Бұл ақша әлеуметтік салаға жататын игілікті істерге жұмсалатын болады. Тиісті жоспарға сәйкес жыл соңына дейін тағы да бес коммуналдық меншік нысаны саудаға шығарылады» дейді қала басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, сатылған спорт клубтары өздеріне әкімдік тарапынан бекітілген міндетті осы күндерге дейін орындады. Осы кәсіпорындарда жекеменшік ғимарат ешқашан болмаған. Олар белгілі бір жайды жалға алып отырған. Сондықтан қаржыландырушы тарапқа үлкен салмақ түскен. Мәселен, бір коммуналдық нысанды ұстау үшін жүз миллиондаған ақша жұмсалған. Ал бұл кәсіпорындардың бәсекелестік ортаға берілуінен әкімдіктің өзінің де, клубтың да ұтатын тұстары көп. Әкімдік бюджет қаржысын үнемдесе, кәсіпорындар жекеменшікке өту ар­қылы кәсіпкерлік дамиды.
«Астана» көкпар клубы 198 мың 096 теңгеге сатылғаны талайларға таңданыс тудырғаны белгілі. Көпшілігі оның арзан кеткеніне таңдайларын қақты. А.Лукиннің сөзінше, бұл клубтың бастапқы бағасы 41 млн 174 мың теңге болған. Бұл клуб сауданы үшінші рет ұйымдастырғанда ғана сатылды. Клубтың жаңа иесі – жылқы өсірумен айналысатын Бауыржан Шәріп дейтін кәсіпкер. Ол жоғары аталған сомаға клубты сатып алса, бастапқы соманың 15 пайызы мөлшеріндегі қайтарымсыз кепілдік салымды қоса есептегенде 3 млн 630 мың 346 теңгені жұмсаған.
Өзге спорт клубтары да бастапқы бағадан едәуір арзан сатылды. Оның себебі, үшінші сауданың шарты жекешелендіру нысаны аукционға ең төменгі бағаны белгілеместен бағаны төмендету әдісін пайдалана отырып шығарылатындығында.
«Шынымды айтайын, сау­даның қорытындылары бізді де таңдандырды. Қала әкімі аталған мәселені мұқият тек­серіп, кәсіпорындардың әлеу­меттік маңызына сәйкес саудаға құқықтық баға беру үшін материалдарды Астана прокуратурасына жолдауды тапсырды. Біз солай істеп, прокуратурадан жауап алдық. Онда аукционды өткізу кезінде ешқандай құқық бұзушылық орын алмағаны, прокурорлық әрекеттің қа­жетсіздігі айтылған» дейді А.Лукин.
Алайда кәсіпорындар сатылды екен деп, әкімдік бұл спорт клубтарын қолдауды тоқтатпайды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде мүгедек және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар тегін сабақтарға қатыса алады. Ол үшін бюджеттен қаржы бөлінеді.
Кеше жекешелендіру жос­парының аясында кезекті сауда атқарылды. Бұл жолы Астана қаласының «Көңілді тапқырлар театры», «Ақмола Диірмен» ЖШС және «Астана» су полосы спорт клубы аукционға шығарылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button