Қала мен Сала

Данияр ЕСИН, Астана қаласы Дін істері басқармасының басшысы: Діни әдебиеттер арнайы орындарда ғана сатылады

– Әкімдік жанынан құ­рылған басқарма үш жылдан бері ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Соның бірі – деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету. Аталмыш орталық осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарды?
– Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы дәл осы мәселемен айналысады. Мекеме зерттеу, талдау және діни жағдайларды болжау, жергілікті тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізеді. Бұған қоса, теріс пиғылды діни ағым­дардан зардап шеккен адамдарды оңалтып, психологиялық және құқықтық кеңес береді.
Мойындау керек, соңғы кездері жастар арасында теріс пиғылды ағымның соңына еріп кеткендер кездеседі. Бір отбасында өмір сүрсе де, дәс­түрлі діннің жігінен ажырап, тұрмыстық түсініспеушілікке ұрынып жатқандар да бар. Бұл – қоғам үшін қауіпті. Жыл басынан бастап діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсетуде психологиялық тренингтер, топтық кеңес беру, психотерапиялық жұмыстар, медитативті техникалар және отбасы терапиясы жүргізілуде. Психологиялық тренингке жеке азаматтармен қатар отбасылар да қатысуда.

daniyar

– Жалпы, Астанада қанша діни бірлестік бар? Олардың жұмысы қалай бақыланады?
– Астана қаласында ресми түрде тіркелген 14 конфессиядан тұратын 49 діни бірлестік жұмыс істейді. Рухани білім берумен айналысатын Астана медресесі бар. Қазақстан Республикасы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі.

– Діни ақпараттық материалдар бұдан былай кез келген жерде сатылмайтынын білеміз. Қоғамдық орындарда таратылатын діни кітаптарға тосқауыл жүргізіле ме?
– Қолданыстағы ережеге сәйкес, дiни мақсаттағы әдебиет пен насихат парақтарын тек ғибадат үйлерінде, діни бiлiм беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың жергiлiктi атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға ғана жол беріледі. Астана қала­сында да арнайы орындарда ғана сатылуға рұқсат.
– Яғни, діни мақсаттағы әдебиеттер елорданың қай жерінде таратылады?
– Әкімдіктің арнаулы қаулысы бар. Оны тарату үшін арнайы тұрақты 8 үй-жайдың тізімі бекітілген. Олар «Хорека», «Экономикс», «Книжник», «Путь к себе», «ИП Вороненко», «Шам Шариф» және діни нақыштағы бұйымдар сатумен айналысатын «Мир Золота» дүкені.
Егер дiни мазмұндағы кітап­тар қаланың рұқсат етілмеген орындарында сатылса, міндетті түрде шаралар қолданылады. Яғни, қолданыстағы заңда «Діни қызмет және діни бiрлестiктер туралы» заң талаптарын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға елу айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде, лауа­зымды адамдарға және діни бiрлестiктердің басшыларына жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал заңды тұлғаларға қызметін үш ай мерзімге тоқтата тұрып, екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлету көзделген. Мұның бәрі дін сала­сындағы заңдылықты қамта­масыз ету және құқық бұзу­шы­лық көріністерінің алдын алу мақсатында қолға алынған. 2016 жылдың үшінші тоқсанында 4 әкімшілік құқық­ бұзушылық анықталды. 2 әкім­шілік іс бо­йынша сот шешімі шықты.

– Жастардың жат ағым­ның жетегіне кетпеуі үшін ақпараттық-насихат жұмыс­тары өңірлердің бәрінде қолға алынды. Нақты қандай жұмыстар атқарылды?
– Астана қаласы әкімдігі жанынан құрылған Ақпараттық-түсіндіру тобының құрамы жаңартылды. 2015 жылы 39 адам болған болса, биыл 101 адамға дейін көбейтілді. Оның құрамында теологтар, дінтанушылар, әлеуметта­нушы­лар, саясаттанушылар және мемлекеттік қызметкерлер бар.
Нақты жұмыстарға келер болсақ, басқарма тарапынан 396 іс-шара ұйымдастырылып, оған 37 434 адам қатысты. Бұл бойынша 88071 ақпараттық материал тартылды. Кездесу медицина орталықтарында, мемлекеттік және әскери мекемелерде, құрылыс алаңдарында, мешіттерде, қылмыстық атқару жүйелерінде, ПИК өкілдерінде және тағы басқа орындарда ұйымдастырылды.

– Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Рухани келісім күніне арналған «Астана – бейбітшілік пен келісім қаласы» атты әлемдік діндер фестивалін өткізбекші екен. Осы жөнінде тарқатып айтсаңыз..
– Аталған фестивальге қала­мызда ресми тіркелген 49 діни бірлестік және этномәдени орталықтардың өкілдері, қоғам қайраткерлері мен белсенді жастар қатысады. Мақсаты – конфессияаралық және ұлт­аралық қатынасты нығайту. Іс-шара осы қазан айында Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button