Мәдениет

«ҚАЗАҚКОНЦЕРТ» СӘТТІ ҚАДАМ БАСТЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу туралы» Жарлығына сәйкес, қазан айына «Мәңгілік мұра» атауы берілді. Бұл ай Қазақстан халқының ұлы мұраларына, өнер мен шығармашылықтың баға жетпес және бірегей үлгілеріне арналады.

erm_4669

«ASTANA MUSICAL» ТАМСАНДЫРДЫ
Осы аптада «Қазақстан» орталық концерт залында «Astana Musical» театрының «Достар серті» мюзиклімен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ресми түрде ашылу салтанаты өтті. Астана төрінде қайта құрылған ұйым жанында бір­неше ұжым да топтасты. Соның бірі – елорданың мәдени әлеуе­тін арттыруды және сахна қойылымдарының жанрларын кеңейтуді көздеген «Astana Musical» театры.
Өткен ғасырдың 60-70 жыл­дары қазақ эстрадасы керемет қарқынмен дамыды. Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев сынды көрнекті композиторлардың өшпес әндері дәл осы кезеңде дүниеге келді. Қазіргі заманның биігінен қарағанда да, бұл шығармаларды халқымыздың теңдессіз туындыларына балауға болады. Сондай-ақ, сол жылдары «Досмұқасан», «Қаракөз», «Айгүл», т.б. ансамбльдер құрылып, ұлттық эстрадаға жаңа леп әкелді. «Достар серті» мюзиклінде сол кезең жастары шырқаған әндер арқылы бұл жылдардың атмосферасы тамаша ашылды.
Алдымен қойылым авторлары туралы айта кетейік. Мюзиклдің сценарийін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков пен драматург Әннас Бағдат жазды. Музыкамен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Артур Оренбургский көркемдесе, режиссер ретінде Есләм Нұртазин көрінді. Сонымен бірге декораторлардан бастап дыбыс және жарық қоюшы режиссерлердің, экранға бейнеәзірлеушілердің еңбегін атап өтуге тиістіміз. Шығармашылық тұрғыдан алғанда хореографтар Әсем Ша­рифуллина мен Дәулет Мұратбеков қойған билер де әсерлі шықты.

erm_4824

ЖАС ӘРТІСТЕР ЖАРАДЫ
Ал әртістерге келсек, мюзикл кейіпкерлерін негізінен аты әлі таныла қоймаған жас актерлер сомдады. Алайда, соған қарамастан олар талаптары таудай екенін таныта білді. Сақа әртістерден сценарий бойынша пайғамбар жасына жетіп, әр адамға ыстық көрінетін жастық шақтың тәтті естеліктерін санасында жаңғыртқан белгілі әртіс, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Қалдыбаев қана қойылымда ойнады.
Сонымен, Марат есімді кейіп­­кердің (Ж.Төленбаев) студенттік жылдарын, сондағы айнымас достарын еске алумен ашылатын қойылым көрермендерді әрі қарай оның жастық шағына қарай жетелеп әкетеді. Шымылдықтың Шәмшінің «Бақыт құшағында» әнімен ашылуы да бірден сол кезеңге қарай тартады.
Мюзикл мазмұнын аша түс­сек, әр жерде туған төрт жігітті консерватория аудиториясы табыстырады. Оларды осында музыкаға деген үлкен махаббат жетелеген. Ішіндегі ересегі – әскерден кейін оқуын жалғастыруға келген Айдос (Әділет Әбдіқадыров). Өзгелері: жоғарыда аты аталған Марат, достарына қарағанда ширақтау, қағылездеу, қу тіл­ділеу Қайрат (Саят Мақұл­баев) пен жасқаншақтау Жұматай (Саламат Мұқашев). Міне, осы жігіттер армандаған оқу­ларына түсіп, сол кезден бас­тап студенттік жылдардың қызығын бірге кешеді.

erm_4666

«ДОСМҰҚАСАННЫҢ» ДАРА ЖОЛЫ САХНАЛАНҒАНДАЙ
Төртеуі би кешіне барған­дағы оқиға – жергілікті жігіт­термен төбелес оларды одан сайын жақындатып, достыққа серт бергізеді. Осыдан кейін қалжыңы таусылмайтын Қай­раттың қылығынан дос­тарға ауруханаға баруға тура келеді. Осы жерде өмірлеріне әсер ететін жағдай орын алады. Медбике болып жүрген Мараттың көршісі Әсем (Айна Әбдікәрімова) Жұматайдың жүрегін жаулайды. Бірақ Әсем өмірлік серігі ретінде Айдосты таңдайды. «Той жыры» да бұл екеуінің тойында шырқалады.
Төрт достың ансамбль құруы көрермендерге әйгілі «Дос­мұқан» ансамблінің құрылу тарихын еске түсіреді. Қойылымда шырқалатын бірқатар әндер де бұл әсерді күшейте түседі. Мәселен, мюзиклде ауруханада Рая Абдуллақызы (Меруерт Желдібаева) атты дәрігерге ба­ғыт­талып шырқалатын «Он алты қыз» әні әдемі кірік­тірілген.

БАҚЫТЖАН МЕН ҚҰРМАНАЙДЫҢ БЕЙНЕЛЕРІ ЖАҢҒЫРҒАНДАЙ
Жалпы кейіпкерлердің кей­бірі белгілі ансамбль әншілерінің бейнелерін көз ал­дымызға әкелді. Мысалы, Қайратты өмірден қапыда кеткен Бақытжан Жұмаділовке ұқсаттық. Бір көрініс кеудемізге жылулық сыйлаумен қатар мұң тудырды. «Досмұқасан» ансамблінің құрамында жалғыз қыз – тағы бір ерте сөнген талантты әнші Құрманай Омарова ән салғаны белгілі. Ол шырқаған «Сағындым сені» әні аға, апаларымыздың құлағында әлі де жаңғырып тұр деп ойлаймыз. Мюзикл сценарий бойынша да төрт дос құрып жатқан ансамбльге қыз әнші керек болады. Бұл рөлге Әсем таңдалады. Міне, қойылымда Әсем салған ән еріксіз Құрманай Омарованы еске түсіреді.
Қорыта айтқанда, мюзикл барша көрерменге ұнаған сияқты. Оны қойылымнан шығып бара жатқан халықтың балбұл жанған жүздерінен байқадық. Қойылым көрермендерді жандырды деп айтсақ та болады. Оған көрермендердің арасында болған белгілі әнші, өнер зерттеушісі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспановтың: «Мюзиклден жақсы әсер алдым. Әртістер өзімнің студенттік күндерімді жаңғыртқандай болды. Олар­дың ойынынан өзімді таны­ғандай болдым» деген сөзі дәлел.
Сонымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы, оның құрамындағы «Astana Musical» театры Астанадағы қадам­дарын сәтті басты. Өнер­лері өрге жүзе берсін дейміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button