Басты ақпаратЖаңалықтар

Қос аймақтың жәрмеңкесі

Астанада Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығына арналған  «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты ауқымды шара аясында Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарының күндері өтуде. Бүгін таңнан бері елорда әкімдігінің алдындағы алаңда қостанайлықтар, ал «Хан шатыр»  сауда-ойын-сауық орталығы маңында оңтүстікқазақстандықтар  ауыл шаруашылығы өнімдерін жұртшылыққа ұсынып, сауданың көрігін қыздыруда.

img_9666

 ҚҰТ ҚОНҒАН ҚОСТАНАЙ

Жері құнарлы, астықты өлке – Қостанайды бәріміз де жақсы білеміз. Талай тарлан тұлғалар туған өңірдің өрісі де кең. Тобыл мен Торғайдың бойын жайлаған бір қауым  жұрттан астанаға мол ырыздық келіпті. Екі күндік жәрмеңкеге облыстың 14 ауданы мен 3 қаласынан және 74 кәсіпорын қатысуда. Жалпы, өңірден елордаға 400 тоннаға жуық түрлі өнім әкелінген. Соның ішінде  53 тонна ет, 180 тонна картоп пен көкөніс, 14 тонна сүт өнімдері, 10 тонна шұжық өнімдері мен жартылай фабрикат, 15 тонна жарма мен макарон өнімдері, 13 тонна нан-тоқаш және кондитер өнімдері, 250 мың дана жұмыртқа және 45 тонна ұн бар.

Жәрмеңкені Астана әкімі Әсет Исекешев пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов аралады. Сатылып жатқан тауарлардың сапасын қарады.  Өнім бағасының едәуір арзан екендігін көрді.

 – Біздің аймақтың жәрмеңкесі қалалық алаңда өтіп жатыр. Бұл маңда зейнеткерлер, бюджеттік сала қызметкерлері көп тұрады екен. Сондықтан болар, азық-түлік өнімдерін артығымен сатып алуда. Бір жағынан біздің өнімдеріміздің бағасы базар мен  гипермаркеттерге қарағанда 15 пайыз арзандау. Сапасы да жоғары.  Сөз арасында айта кетейін, біз жәрмеңкемен ғана шектелмейміз деп отырмыз.Алдағы таңда да азық-түлік пен ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімізді қалалық базарларға, гипермаркеттерге делдалсыз тікелей шығару үшін Астана қаласының әкімдігімен меморандумға қол қойылды,  – деді Архимед Мұхамбетов.

Оның айтуынша, келесі аптада 10-15 ірі ауыл шаруашылық тауар өндірушімен азық-түлік өнімдерін бас қалаға тікелей жеткізу бойынша келісім жасалады.

 Расында, жәрмеңкедегі тауарлар құны базарға қарағанда 15-20 пайыз төмендеу.  Әсіресе, жылқының еті – 1100 теңгеден, ірі қараның еті – 950- 1000 теңгеден саудалануда. Сәбіз, картоп, пияз секілді көкөністерді 50 теңгеден алуға болады. Елорда тұрғындары   жылқы мен ірі қараның етін көптеп  сатып алуда. Картопты қапшықтап алып жатқандарда жетерлік «Өзім, Қостанайлықпын. Бірақ  көп жылдан бері Астанада тұрамын. Бүгінгі жәрмеңкеге келіп, мәре-сәре болып жатырмын. Әсіресе, туған жерімінің етінің дәмі тіл үйіреді. Ондай етті басқа жақтан көрген емеспін. Сондықтан жылқының етін молдау алып, көңілім көтеріліп тұр. Енді қара суықта мұртымды балта кеспейді» дейді елорда тұрғыны Мұрат Бекеев деген ағамыз.

 

ҰЛЫСЫМНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ – ОҢТҮСТІК

img_2733

Біз  «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының алдында өтіп жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесіне келгенде көз алдымызға кинолардан көрген Шығыс базарының бейнесі келді. Қостанайлықтардың жәрмеңкесіне қарағанда бұл жерде келушілер көп екен. Бір – бірімен иін тірескен жұрт. Сахнада оңтүстік өңірден келген өнерпаздар әуелетіп ән салып, мың бұралып би билеуде. Әсіресе, Шәмші ағамыздың әуезді әндері жұртшылықтың құлақ құрышын қандырды.

Сөреде тұрған өнімдердің барлығы да жұтынып тұр. Олардың бағалары да соншалықты қымбат емес. Айталық, жылқы еті – 1 200 теңгеден, жылқының қазысы – 1 500 теңгеден, сәбіз, картоп, пияз сияқты көкөністердің килосы 50 теңгеден,  құрттың килосы – 1 400 теңгеден, ірімшік – 1 100 теңгеден, жұмыртқа – 22 теңгеден саудалануда. Қарбыз бен қауындардың бағасы да қол жетімді.

 –Біз астаналықтарға 300 тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдерін әкелдік. Олардың барлығы да табиғи өнімдер. Сапасы өте жақсы. Келушілердің қатары көп. Сауда жақсы жүруде. Өнімдеріміз ірікілссіз өтіп жатыр, – деді  Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Серік Тұрбеков.

Бір қапшық картопты арбамен сүйреп бара жатқан Жанар есімді апайды сөзге тарттық. « Астанада тұрамын. Төрт балам бар. Қалада азық-түліктің бағасы жоғары ғой…Оларды қаптап ала алмаймыз. Осындай жәрмеңкенің біз секілді көп балалы отбасыға тигізіп отырған жақсылығы көп. Әрбір апта сайын арзанға қыстық азығымды сатып аламын. Бүгін екі қапшық картоп алдым. Әйтеуір, балалар тоқ жүрсе, көңілім жайдары болады. Осы шараны ұйымдастырып жатқан азаматтарға алғысым шексіз» дейді ол.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button