Ұлт ұпайы

Сұлтан Оразалы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: халықты сақтайтын – Ұлттық рух

Сұңғыла сөздің Сұлтаны атанған ағамыз туралы Шыңғыс Айтматов: «Мен әлемдік теледидардың құдыретін білемін. Сондай өнердің  тұтқасын ұстап, биік мәдениетпен іс тындырып жүрген өзіңдей жігіттер көп емес» деп айтқан екен. Қарт Шыңғыстаудың баурайында туып, ақ бас Алатаудың етегінде арман сапарын бастаған қаламгерлігі мен қайраткерлігі қатар аталатын көрнекті тұлғаның өмір жолы да өнегеге толы. Арғы-бергі игі жақсылармен жақын араласып, сыйлас болған ардақты азаматтың айтары да мол. Ашық әңгімеден өрбіген төмендегі сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

xg0r1881

ӘКЕМ ӨМІРДЕН ОЗҒАН КҮНІ МЕН ОНЫҢ  ОТЫН ТҰТАТТЫМ
– Таяуда ғана Халықаралық «Алаш» сыйлығын алдыңыз. Құтты болсын, аға!
– Рахмет, айналайын!

– Адам жасы ұлғайған сайын туған ауылын, ата-анасын, балалық шағын сағына еске алады. Сонау қыр астында сағымдай бұлдырап қалған күндерді жиі ойлайсыз ба?
– Біздің балалық шағымызды сұрапыл соғыс ұрлады. Мен оны «Әкені аңсау» деген өмір­баяндық эсседе кеңірек жаздым. Әкем 1943 жылы әскерге алынады. Менің үш жасқа да толмаған кезім. Әкемнің бейнесі еміс-еміс есімде бар. Бірақ өмір бойы сол кісіні армандап, ойлап жүрдім. Ол майданда 37 жасында қаза тапты. Анам шиеттей бес баламен жесір қалды. Сол кезде үлкен апам онға енді толған, кіші қарындасым бір жарым жаста еді. Соғыс өрті қаулап тұрған шақ. Үйде бас көтерер адам жоқ. Соның барлығы шешемізге оңай тимеді. Қиындықтың қара суын ішіп, жетімдіктің де азабын тарттық. Ол кісі науқастығына қарамастан іргедегі ет комбинатына жұмысқа тұрды. Күні бойы тыным таппай еңбек етті. Бізді аман сақтап, ешкімнен кем қылмай өсіргісі келді. Бірақ елдің іші болғандықтан, соншалықты тарылған жоқпыз. Ол кезде атам Оразалының көзі тірі. Оның бес ұлы бірдей соғысқа барған. Соның ішінде менің әкем ғана майданда көз жұмды да, қалған төрт бауыры елге аман оралды. «Жетімдерімізді далаға тастамаймыз» деген қазақтың ежелгі дәстүрімен шешемді әмеңгерлік жолмен немере ағайынымыз Сахарияға қосты. Бала кезінде ол да жетім қалып, Оразалының бауырында болған, әкем Шәріппен бір көрпені жамылып өскен. Темірден түйін түйген зергер, қолы шебер, ұста кісі еді. Сталинград майданынан тірі оралған, артық сөзі жоқ, орнықты, мейірбан адам. Бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқ­тырмай, бетімізден қақпай қам­қор болып, асырады. Тәр­бие­леді, оқуға, адам болуға жетеледі. Ол кісіні жұрт «дархан» деп атайтын. Ауыртпалық кезде ауылдың кесесіне дейін шегендеп, қазанының тесігіне дейін бүтіндеп берді. Қара дүкені болды. Соның алдынан ауылдың қыз-келіншектері көлдеңен өтпейтін. Өмір бойы маған сол кісінің азаматтығы, адамшылығы үлгі болды. Кейінірек жасы ұлғайып, ауырып қалғанда Алматыға апарып, дәрігерлерге қараттым. Операция жасады. Бірақ та айықпас дерт екенін білгеннен кейін сол кездегі басшыларға кіріп, солардың көмегімен елге алып келдім. Ол кісіге бар жасаған жақсылығым сол. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін Алматыға барып, жоғары білім алуыма да Сақан әкемнің ықпалы зор болды. Жұрттан қарыз ақша алып: «Осы ақша жолыңа жетіп қалар, – деді, – Үлкен қаланың ықпыл-жықпалы көп болады, байқап жүр, балам. Не істесең де өз ақылыңмен істе, біреулердің жетегіне еріп кетпе» деп ақылын айтты. Осы сөзді ешқашан ойымнан шығарған емеспін. Енді бір туған әкеме байланысты қызық деталь бар. Мен оның дерегін ес білгеннен көп іздедім. Жан-жаққа сұрау салдым. Ақыры елу жылдан кейін ғана өмір бойы іздеп жүрген жоғымды таптым. Ол кісі 1944 жылдың басында қанды ұрыс жүріп жатқан Беларусь майданының алғы шебіне жөнелтіледі. Витебск қаласының іргесіндегі әскери маңызы зор бекіністі алуға қатынасады. Дәл 28 наурыз күні, таңға жақын шабуыл басталғанда оққа ұшқан. Денесі өзі қаза тапқан жерге қойылады. Кейіннен он екі мың жауынгер жатқан қорымға қайта жерленген. Енді мына қызықты қараңыз. Бірде Рымғали Нұрғали досым телефон шалады. Ол «Боздақтар» атты соғыста қаза тапқан семейліктер туралы кітап шығарып жатқан. «Менің қолымдағы құжатта әкең 1944 жылы 28 наурызда оққа ұшыпты. Сен тура жиырма жылдан кейін 1964 жылдың 28 наурызында үйлендің. Осыны біліп істедің бе?» дейді. Мен оған әкем туралы деректі енді тапқанымды айтып, бір жағынан сондай сәйкестік болғанына өзім де қатты таңғалдым. Сөйтіп, тура жиырма жылдан соң, әкем өмірден озған күні мен оның отын қайта тұтаттым.

ӘУЕЗОВПЕН КЕЗДЕСКЕНІМ ТАҒДЫРЫМДЫ ШЕШТІ
– Сіз Ұлы Абай туған өл­кеде дүниеге келдіңіз. Жас­та­йыңыздан ұлылардың рухани әлемімен сусындап өстіңіз. Жалпы, сөз өнеріне келуіңізге соның әсері болды ма?
– Оған сөз жоқ. Бала күнімнен, көзімді тырнап ашқаннан ес­тігенім – Абай. Хат танып, әріпті ежіктеп білгеннен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен әңгімелерін сүйсініп оқыдым. Көзбен көргенім де хакім атамыздың ұрпақтары еді. Балалық шағымда Оразалы атамның бауырында, жазушы Кәмен ағамның үйінде өстім. Атам 1953 жылы дүниеден озды. Ол кісі Абай ұрпақтарының бәрімен қатар жүріп, жақын сыйласқан. Әйгілі Әбен болыс болғанда, Оразалы оның старшыны атанған. Дәулетті тұлғаның Қытаймен екі ортадағы сауда керуенін жүргізген. Жас шағында Абай мен Әбеннің арасындағы оқиғаларды көзімен көрген. Мұхаң атақты романын жазып жүргенде, яғни 1942 жылы біздің ауылда бірнеше күн қона жатып, атамның аузынан сол оқиғалардың барлығын қағазға түсірген.

– Биылғы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Әуезовті көрген алты сәт» атты ойлы дүниеңіз басылды. Заңғар жазушыны алғаш көргенде қандай сезімде болдыңыз?
– Алып тұлғаны алғаш көр­генде әрине, таңғалдым. Бала жасымнан заңғар жазушы туралы әңгімені ауыл ақсақалдарынан көп естідім. Содан жұрттың Әуезов туралы айтқан сөздері қаныма сіңген. Бесінші сыныпта жүргенде қариялардың алдында қаламгердің атақты романын дауыстап оқимын. Оған қарттар дән риза болып, батасын береді. 1957 жылдың қыркүйек айында ұлы жазушы өзінің алпыс жылдық мерейтойын атап өтуге Семейге жол тартып бара жатып, Аягөзге аялдады. Иін тірескен халық. Бәрі де ардақты азаматты көргісі келеді. Біз оқитын теміржол мектебінің оқушылары жазушыны қарсы алуға мұқият дайындалды. Қолымызда гүл шоғымыз бар. Ыңғайы келсе, суреткерге сыйлағымыз келеді. Асыға күткен пойыз да келді. Жұртшылық тынышсызданып кетті. Артынша вагоннан жалаңбас Мұхаң көрінді. Көпшілік дуылдата қол соғып, «Мұхтар аға, жасасын!» деген сөздерді айтып жатты. Сол жерде аудан басшылары жазушыны мерейтойымен құттықтады. Бірнеше азаматтар сөйледі. Содан кейін алып тұлғаның өзі жұртшылыққа ізгі лебізін білдірді. Сол бір ұмытылмас сирек күннің белгісіндей құнды сурет қалды. Осы Мұхаңмен алғашқы кездесу менің тағдырымды шешті. Жазушылықтан асқан қасиетті дүние жоқ деп, Алматыдағы қазақтың мемлекеттік уни­вер­ситетінің филология фа­куль­тетіне оқуға түстім.

САНАЛЫ ҒҰМЫРЫНЫҢ ҚЫЗЫҚТЫ ШАҒЫ ТЕЛЕАРНАДА ӨТТІ
– Туған ағаңыз Кәмен Оразалин де халқымызға белгілі жазушы. Өмір бойы ауылда тұрса да, қазақ әдебиетіне соқталы шығармалар берді. Қазір сол кісінің есімі неге көп аталмайды?
– Байқасаңыз, қазір қазақ әдебиетінде менің Кәмен ағам ғана емес, әдебиетті шырқау биікке көтерген ұлылардың да есімдері көп айтылмайды. Бір кезде Қазақстан Жазушылар Одағы мәдени, әдеби шаралардың қазандай қайнаған ортасы еді. Ұлыларды дәріптеуге, көрнекті қаламгерлерді құрметтеуге бағыттап, бағдарлап отыратын. Соның барлығы ұмытылып барады. Кәмен ағам қайтыс болғалы да жеті жылдың жүзі болды. Ол кісі өмірінде таза шығармашылықпен айналысып, 15 шақты кітап жазды. «Абайдан соң» деп аталатын төрт романы жарыққа шықты. «Абайдан соңғы асылдар» атты үш томдық эпопеясы басылды. Осының барлығы – қарымды қаламгердің әдебиетке сіңірген үлкен еңбегі. Сонымен бірге хакім туған елдің тарихы мен тағдырын көркем шығармадай келісті шеберлікпен жазған «Абай ауы­лына саяхат» деген кітабы жарық көрді. Оны Абайтану саласына қосылған сүбелі дүние деп бағалаймын. Ағам Мұхаңмен өте жақсы сыйласты. Оның шығармашылығына қатысты адам есімдері, оқиғалар мен жер атаулары туралы мәліметтерді жинақтап беріп отырды. Туған елдің тарихын жетік білетін, кеудесі алтын сандық, шежіре кісі еді. Өмір бойы мектепте ұстаз болып, шәкірт тәрбиеледі. Оның кітаптары туралы Ғабиден Мұстафин жылы пікір білдірді. Көрнекті ғалым Зейнолла Қабдолов жоғары бағалады. Әбу Сәрсенбаев пен Ғабдол Сланов төгілтіп мақала жазды. Ғалым Серік Қирабаев ағамыз: «Біз кезінде Кәменді бағалай алмадық. Қадірін, қасиетін білмедік» деп айтқаны бар. Әуезовті іздеген адам Кәмен Оразалиннің шы­ғармаларына ат басын бұрмай өте алмайды.

– Қаршадайыңыздан қазақ телеарнасында қызмет істедіңіз. Ұлттық құндылыққа бай бағдарламаларды дүниеге әкелдіңіз. Осы идея қайдан келді. Оны жұртшылық қалай қабылдады. Осы істің басында қандай адамдар тұрды?
– Шындығында, телеарнаға кездейсоқ келдім. Өйткені менімен бірге оқыған достарым басқа саланың көрігін қыздыруға кетті. Менің таланыма бұйырған қызмет осы болды. Кейін ол менің үлкен өмір деген мұхитқа шығуыма жол ашты. Тағдырымның тамаша белестеріне айналды. Тау тұрпаттас тұлғалармен араласуы­ма ықпал жасады. Телеарнаның қызығына суға батқан тастай түсіп кеттім. Содан жиырма жыл шыға алмадым. Саналы ғұмырымның ең бір қызулы да қызықты шағы осында өтті. Жалындап тұрған жас жігітпін. Алдымда ешқандай үлгі жоқ. Жаңа дүние жасағым келеді. Шетелдегі әріптестеріміз не істеп жатқанын білмейміз. Орыстардың да жағдайы бей­мәлім. Мәскеуден келетін телевидение туралы жарыққа шыққан кітаптар мен журналды жұлығына дейін қалдырмай оқимын. Біздің елімізде телеарна 1958 жылы ашылды. Мен оған 1964 жылы келдім. Айналасы 5-6 жылдың шамасы болған кез. Қызмет атқарып жүрген азаматтардың дені – бұрын газет-журналда істеп келгендер. Көк жәшіктің көп сырын біле бермейді. Мен оқуды енді ғана бітірген жас маманмын. Ойым таза, еш бүлінбеген. Сондықтан жаңа жобалар жасау керек болды. Әсіресе, маған Мұхтар Әуезовтің қазақ театрын қалай құру керек туралы айтқан ойлары қатты әсер етті. Онда заңғар жазушы «Өнердің болашағы өзінің табиғи ортасынан даму керек. Келешекте қазақ театрын құратын болсақ, оны өз тамырынан, ұлттық бояуынан алу керек» деп жазғанын шығармашылығыма мұрат еттім. Жұрт секілді ананы-мынаны жасайтын болсақ, шашылып кетеміз деп ойладым. Жетпісінші жылдары теледидарда өзіміздің төл туындыны жасағымыз келді. Осы кезде теледраматургияны өрістету, шағын экранның ерекшелігіне сай қойылымдар әзірлеу, ұлттық дәстүрді, өнерді, әдеп-ғұрыпты насихаттау жағына айрықша көңіл бөлдік. Соның нәтижесінде «Қымызхана», «Айтыс», «Ха­лық қазынасы», «Тамашаны» өмірге әкелдік. Жұртшылық аталған бағдарламаларды өте жылы қабылдады. Содан кейін телевидениеде жазушылардың бейнесін жасағымыз келді. Ұлы Мұхаң мен Сәбеңе үлгере алмадым. Екі Ғабеңнің көзі тірі кезі. Арманым сол кісілермен еркін отырып, барлық сырларын ақтарып, кеңірек әңгімелескім келеді. Әрине, ол дара тұлға­лардың мінездері күрделі. Маңайына жүргізбейді. Ғабиден Мұстафин туралы түсіру үшін Сапарғали Бегалин ақсақалға салмақ салдым. Сол кісі Ғабиденге телефон шалып, келісімін алып берді. Жазушының барлық шығармаларын жетік білемін. Қаламгермен сөйлесіп отырғанда өзі ұмытып қалған дүниелерін айтсам, маған таңқалады. Риза болып отырады. Ғабит ағамызбен де солай болды. Ілияс Есенберлин туралы түсірдік. Тахауи Ахтанов ағамыздың жарқын бейнесі есімде қалды. Тіпті, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов туралы әдеби телехабарым Мәскеудің бірінші арнасы арқылы бүкіл Кеңес Одағына көрсетілді. Ол кезде осындай формадағы
хабар Одақ көлемінде болған жоқ. «Сұхбат» сериясы бір­неше жыл бойы қазақ телеви­дения­сының маңдай алдында тұрды.

ҰЛЫЛАРДАН ҰЛЫЛЫҚТЫ ҮЙРЕНДІМ
– Қазір сол бейнелердің барлығы тарихқа айналды. Сол тұлғалардан қандай өнеге алдыңыз?
– Ол айтулы тұлғалардың өмірі мен шығармалары маған сұхбат бермей тұрып та өнеге болатын. Әлі күнге дейін оларды өнеге көріп, құрмет тұтамын. Ұлылардан ұлылықты үйрендім. Олардың адамгершілігі мен адалдығын, өзін-өзі ұстауы, тарихқа, қоғамға көзқарасы бүгінгі күнге қарағанда он есе, тіпті жүз есе шыншыл деп айтар едім. Әрине, ол кісілер де жұмырбасты пенде болды. Әдебиет майданында бір-бірімен айтысып, тартысты. Бірақ, соның барлығы мәдениеттіліктің шекарасынан асқан жоқ. Әсіресе, мені Ғабиден ағаның болмысы қатты қызықтырды. Салиқалы, сабырлы кісі еді. Ал Ғабең өте терең, жұмбақ, мінезі ауыр адам. Сонда да маған оның ықыласы ерекше ауды.

– Өміріңізде Мұстай Кәрім, Қайсын Құлиев, Шыңғыс Айтматовтармен жақын сыйласыпсыз. Олармен қайдан таныс болдыңыз?
– Көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовпен ертеден таныс едім. Арамызда жылы сыйластық қалыптасты. Бір жағынан мен Мұхтар Әуезовтің ауылынан болғаным да оған әсері тиді. Мұхаңның жерлесі екенсіз деп арқамнан талай қақты. Қарымды қаламгермен телеарнада 4-5 хабар жасадым. Жазушының елу жылдығында «Сұхбат» деп аталатын бір сағаттық бағдарлама түсірдім. Мұстай ағамен де сыпайы сыйластым. Абайдың жүз елу жылдық тойында Шыңғыстауға бірге барып, араладық. Осы үш алып туралы есімнен кетпейтін бір оқиға бар. Ташкент қаласында Азия және Африка жазушыларының конференциясы өтті. Оған бізде бардық. Жиын жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Үш ардақты азаматпен сонда тағы кездестім. Әңгімелерін жазып алғым келді. Сөйтіп ол кісілерге бір идея айттым. Бәріміз де түрік тілінде, яғни өз ана тілімізде сөйлеп, телеарнаға түсейік. Идея оларға да қатты ұнады. Үшеуі де өз тілдерінде төгіліп сөйледі. Хабар тікелей эфирде жазылды. Кейде шығарма осындай тосыннан туады. Ғабит пен Ғабиден, Ілияс Есенберлинді ұзақ ойланып істедім.

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ДӘРІПТЕУ КЕРЕК
– Аға, сіз егемендік алған кезде алғаш құрылған Тіл комитетінің төрағасы болды­ңыз. Сол шақта тіл туралы тайталастың қызып тұрған кезі. Алдымен жұмысты неден бастадыңыздар?
– Мемлекет басшысының жарлығымен 1993 жылдың 5 сәуірінде Тіл комитеті құ­рылды. Оның құзыреті министр­ліктерден жоғары болды. Біз кез келген министрліктегі тіл мәселесін алқа жиналысында қарайтын болдық. Тіл комитетіне сондай құқық берілген. Жұмыс басталды. Басты мақсатымыз қазақ тілін қорғау болатын. Ол кездегі телеарнадағы мемлекеттік тілдің деңгейі 7-8 пайыздан аспайды. Қалғандарының бәрі орысша. Төрт-бес басылым қазақша жарық көргенімен, жүздеген газет орысша шығады. Радиостанциялардың дені де солай. Тіл комитеті психологиялық осындай ауыр атмосферада құрылды. Бәрін тақырдан бас­тауға тура келді. Алдымен стра­тегиялық бағытымызды анық­тап алдық. Үкіметтің қау­лы­сымен бекітілген Тіл коми­тетінің алғашқы ережесін жаз­дық. Кадр мәселесін шешуге тура келді. Комитеттің орталық аппаратына 70 адам қызметке қабылданды. Үш жүзден аса Тіл комитетінің облыстағы басқармалары мен аудандағы бөлімшелері құрылды. Облыстық Тіл басқармаларының басшыларын облыс әкімінің ұсынысымен Тіл комитеті тағайындады. Осыған келгенде біраз талас-тартыс туды. Асқынған мәселе­лердің барлығын ақылмен, сабырмен шешу керек. Әрине, ол оңай болған жоқ.
Бірде жазушы Тахауи Ахтанов хабарласты. «Қарағым, қатты қуанып тұрмын. Президентіміздің бұл жарлығы өте игілікті іс болды. Ал сені қойғанына, тіпті, ризамын. Елге, тілге жаны ашитын азаматсың. Енді аянба! Қолдау, қорғау керек болса бармыз ғой. Тіл үшін күрескен бабаларымыздың аман қалғаны жоқ еді, бірақ сенің заманың басқа. Досың да, дұшпаның да көбейер, тек сақ бол бауырым» деп батасын беріп еді.

– Қайраткер ғана емес, қа­рымды қаламгерсіз. Бірқатар драмалық шығармаларыңыз бен аудармаларыңыз бар.
Ірі көлемді дүние жазу ойы­ңызда жоқ па?
– Бұған дейін үш бағытты қамтыған үш томдығым жарық көрді. Қазір «Сталин өлген жыл» деген деректі хикаятты аяқтадым.

– Аға, сіз бүгін ақсақалдық жасқа жеттіңіз. Қоғамда сізді қандай ойлар мазалайды. Нені уайымдайсыз, неден қорқасыз?
– Абай атам қырыққа келгенде, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деп жазыпты. Халқымыздың тағдыры қашанда саналы адамды ойлантады. Маған жасымнан Алаш көсемдерінің асқақ идеялары жақын болды. Сол ұлттық мұрат 1960 жылдары қазақ жастары арасында кеңінен өрістеді. Соның арасында өзім де жүрдім. Тың көтеру науқанына қарсылық ретінде сол жылдары КазГУ студенттерінің Виноградов көшесіндегі жатақханасында жазушы Дүкенбай Досжан екеуміз үн парақ тараттық. Содан соңымызға үш әріптің қызметкерлері түсті. Әйтеуір, мектепті үздік оқығандығым мен әкемнің соғыста қаза тапқандығы мені аман алып қалды. Әрі-беріден соң жазушылық пен журналистиканың негізгі мақ­саты да елдің қамын ойлап, соны шығармашылыққа арқау ету ғой. Ақсақалдық жасқа келгенде мазалайтын ойлар көп. Қаншама бос өткен уақытыма өкінемін. Атқармаған ісім көп екендігін байқаймын.

Бүгінде қазақ қоғамына екжүзділік, екісөзділік, пәтуа­сыздық қатты соққы болып тиіп тұр. Ол бізге сонау патша заманынан бойымызға сіңді. Кешегі кеңестік үкіметтің жүргізген залым саясаты да сол еді. Біз содан әлі арыла алмадық. Жаңа арналы бағытқа түсу үшін бір формациядан екінші формацияға өткенде қоғам тазару керек. Халқымыз тірліктегі өзінің негізгі дүниесін әлі ұғына алмай келеді. Ұлтты сақтап қалатын рух. Имам Шәміл тегін айтпаған. «Кішкене халықтың үлкен қанжары болу керек» деп. Біздің қанжарымыз – ұлттық рух пен берік төзім. Ол да бірден бола қоймайтын шығар. Біртіндеп оған да келерміз. Халқымыз өзін тереңірек тану үшін ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу керек. Тәуелсіздігімізге де ширек ғасыр толды. Осы аралықта қаншама игі істер атқарылды. Сарыарқаның төсіне Астана бой көтерді. Елдің дамуы да бір белеске көтерілді. Соның барлығы береке-бірліктің арқасы деп білемін!
– Аға, әлі де айтарыңыз да, жазарыңыз да таусылмай, ұзақ ғұмыр кешіңіз!

Сұхбаттасқан:
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button