ЖаңалықтарРуханият

Алаш қозғалысының ақиқаты

лттық кітапханада «Ел-Шежіре» қоғамдық қоры шығарған белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Движение Алаш» атты үш томдық еңбегінің тұсаукесері өтті. Сондай-ақ жиында тележурналист Болат Мүрсәлім құрас­тырған «Алашорда» фотоальбомы таныстырылды. Игі басқосу Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылды.

3-alash

Жуырда Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш», «Дулыға» және «Алаш қозғалысы» материалдар жинағы орыс тіліне аударылған болатын. Аталған еңбектің орыс тілінде жарыққа шығуына Сауат Мыңбаев басқаратын «ҚазМұнайГаз» ҰҚ демеуші болған. Ал Болат Мүрсәлім құрастырған «Алашорда» фотоальбомының шығуына Өмірзақ Шөкеев басқаратын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мұрындық болып отыр.
Өз сөзінде Тұрсын Жұртбай фотоальбомның жарыққа шығуына демеушілік еткен Өмірзақ Шөкеевке алғыс айтты. Алаштанушының айтуынша, көп басшылар ұлттық рухания­тты көтеруге құлық танытпайды. Сондықтан да ол «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының ресми өкілі Лима Диасқа сәттілік тіледі.
Алаштанушы ғалымның айтуынша, «Алаш» идеясы еліміз үшін мәңгілік идея болып саналады. Ал мәңгілік идеяның негізі автордың «Движение Алаш» атты 3 томдық жинағында жатыр. Себебі аталған құнды еңбек мұрағаттағы құпия құжаттар мен сот материалдары негізінде құрастырылған. Онда Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағат материалдары негізіне анықталған 1927-1932 және 1937-1938 жылдардағы «Алаш» партиясы және «Алашорда» үкіметі қайраткерлерінің тергеу ісі туралы жазылған.

2-alash
– Мұрағаттағы деректерді өте мұқият пайдалану керек. Өйткені кезінде кейбір тарихшылар «Ахмет Байтұрсынұлы Тұрар Рысқұлұлы мен Мағжан Жұмабаевты ұнатпайды екен» деп айды аспанға шығарған болатын. Олардың мұндай пайымдауына Ақаңның тергеушілерге берген сөзі себеп болған еді. Себебі тергеушінің сұрағына Ахмет Байтұрсынұлы «Тұрар большевик қой. Мені большевиктер жақтырмайды. Ал Мағжан ақын болғандықтан қияли болып келеді. Сондықтан да ақындарда шатағым жоқ» деген сыңайдағы жауап берген. Осы жауапқа байланысты кейбір азаматтар алаштың арасында араздық бар деп жаза бастады. Шын мәнісінде Ақаң Тұрар мен Мағжанға байланысты айтқан сөзі арқылы оларды қуғын-сүргіннен сақтап қалғысы келді. Өйткені ол заманда тергеуде аты аталған азаматтың басы бәлеге қалатын, – дейді алаштанушы.
Жиында сөз алған зиялы қауым өкілдері Тұрсын Жұртбайдың алаштану саласында атқарған еңбектерін жоғары бағалады. Мысалы, Түркиядан арнайы келген Абдуахап Қараның айтуынша, алаштану ғылымында Тұрсын Құдакелдіұлының орны ерекше. Өйткені ол ғалымның еңбегі алаш тарихын зерттеймін деген жастарға таптырмайтын дерек болып саналады. Шынында да «Ұраным Алаш» пен «Движение Алаш» еңбегінде жарияланған деректер – аса құнды мұра.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button