Әлеумет

«Алғашқы жұмыс орны»: 10 мың маман жұмысқа орналасты

Былтыр 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 9 970 адам жұмысқа орналастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жобаға қатысушылардың 61,6 %-ы – (6144 адам) әйелдер. Осы бағыт бойынша былтыржалпы 10 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көбі Түркістан (2 130 адам), Алматы (589 адам), Жамбыл (574 адам) облыстарында және Шымкент қаласында (1 852 адам) байқалады.

Бұл жоба еңбек жолын енді бастағалы жүрген жұмыссыз жастарға арналған. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет. Оған  жалақысы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам жұмыс істейтін салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды үнемі аударатын барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыс беруші ретінде қатыса алады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу ұзақтығы 18 айдан аспайды, бұл кезең азаматтың еңбек өтіліне есептеледі. Жобаны қаржыландыруды жергілікті бюджет қаражаты есебінен халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады және жобаға қатысушыларға жалақы төлеуді қамтиды.

Жобаға қатысушының жалақы мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді қоспағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банктік қызметтерді ескере отырып, айына кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (2023 жылы – 103 500 теңге, ал 2024 жылы – 110 760 теңге).

«Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қатысушыны кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына орналастыруға міндетті.

2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 884 адам жұмысқа орналастырылды. Биыл жалпы 8 731 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button